Кембридждің білім беру бағдарламасын басшылыққа ала отырып, мектептегі тәжірибе кезінде тізбектелген сабақтар топтамасын құрдым. Осы сабақтарға сындарлы оқытудың 7 модулін ықпалдастыру арқылы сабақ берудің жаңаша тәсілдерін жете бақылауды және оқушылардың қажеттіліктеріне орай әрекет етуді басты назарға алдым. Сабақтарымның барлығында жеті модуль идеясы сабақта пайдаланылатын жекеленген стратегиялар мен тәсілдер арқылы өзара байланыста болды.
Сыни тұрғыдан ойлауды үйрету модулін басшылыққа алған себебім, өзге ұлт оқушыларда кездесетін кедергілер, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлана алмауы, қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бере алмауы. Мәселен, мен өз сабағыма тоқталсам, «Қазақ тілі – менің тілім» тақырыбындағы сабақта жұптық, диалогтік әңгіме көрініс тапты. Сабағымда өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгерту мақсатым болғандықтан, оларға қазақ тіліне тән әріптерді үйрету арқылы ауызекі сөйлеу тіліне баулуды мақсат етіп қойдым.
Мемлекеттік тілді қолдануда сенің жауапкершілігің қандай деп ойлайсың? Не себепті?
Бұл сұрақ қою техникалары арқылы оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға болады деп ойлаймын. Бұл іс-әрекетті жүзеге асыру барысында оқытудың жаңа тәсілдері диалогтік оқыту модулі идеясы арқылы, қалай оқу керектігін үйрену, өзін-өзі реттеу барысы көрініс тапты.
«Қазақ тілін үйрену жолдары» деген тақырыптағы сабақта мәтінмен жұмыс жасауда визуалды айғақтарды, слайдты, ауызша дәлелдемелерді қолдандым. Себебі, әр оқушы осындай түрлі заттардың дәлелдемелері туралы сыни тұрғыдан ойлана алады. Сабағымның тақырыптарында оқушылар өздерінің іс-әрекеттері арқылы дұрыс жауап беруге ынталанды. Оқушыларым өз ойларын ашық айтып, өздерін еркін сезініп, білімдерін көрсете алды. Әрбір орындаған тапсырмаларының жауабы дәлелді болуына назар аударды. Мұның өзі оқушылардың сыни тұрғыдан ойлап, жауап берулеріне ықпал етті.
Сонымен қатар, LS әдісі бойынша оқу деңгейі түрлі оқушыларды бақылауға алдым. Мақсатым, оқушылардың оқу үлгерімінің өсу деңгейіне мониторинг жүргізу. Бақылауға алынған А тобымның оқушысы Зарема, Ангелина бақылаушы, қадағалаушы рөлінде немесе автор болды, ал бақылауға алынған В және С тобының оқушылары Карина және Жәнібек ата мен ана рөлінде кейіпкерлерді сомдады. Соңғы сабақтарда оқушылар уақыттарын үнемдеуге, ой бөлісуге, өздігінен білім алуға, бірін-бірі тыңдауға қорытынды жасауға үйренді. Оқушыларға берілген тапсырма кезінде байқағаным, бақылауға алынған оқушым бос отырмай, жанындағы ұлты қазақ баладан көмек сұрап, сұраққа жауап беруге тырысып жатқанын көрдім. Көріністе байқағаным, ата рөліндегі бақылауға алынған С оқушым Артем өз кейіпкерін ерекше қызығушылықпен, жауапкершілікпен орындаған мені таң қалдырды. Ешқандай тартынған жоқ, ал бақылауға алынған В оқушым Карина қазақ тілінде еркін сөйлей алмаса да, ана рөліндегі кейіпкер сөзін бірнеше рет қайталап, жауапкершілікпен дайындалып жүргені мені қуантты. «Ой қозғау», «Миға шабуыл», «Алты қалпақ», «Жигсо», «Кубизм», «Оқудағы драма» оқытудың жаңа тәсілдерін қолдану арқылы оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға итермелеуге болады, ойлау қабілеттерін арттыруға болады деген тұжырымға келдім. Сабақтың келесі бөлімінде оқушыларға жаңа сөздікті дәптерлеріне жазып алу ұсынылды. Себебі, өзге ұлт өкілдеріне тіл үйретуде сөздікпен жұмыс жасаудың тиімділігі, маңыздылығы зор. Осы сөздіктегі жаңа сөздерді өзім мәнерлеп оқып, сосын жеке және топпен оқушылар дауыстап оқыдық. Ал, жаңа сөздермен сөз тіркесін және сөйлем құрауда менде бақылауға алынған А тобының оқушылары жоғары белсенділік танытты. Бақылауға алынған В және С тобының оқушылары интерактивті тақтада берілген сөздікті дауыстап оқып, аудармасымен бірге айтты. Сөздікпен жұмыста оқушылардың есте сақтау қабілеттерін дамыту мақсатында сөздікті оқып, есте сақтап, белгілі бір уақыттан кейін сол есте сақтаған сөздерін интерактивті тақтаға жазды. Бұл жұмыс оқушылардың арасында өте қызықты, оны балалар белсенділікпен орындайды. Сонымен қатар, СТО стратегияларын қолданған кезде жұптық, топтық, пікірталас, зерттеушілік әңгімеде, диалог кезінде оқушылардың бір-біріне деген ынтымақтастық сезімдері байқалды, сұрақтарға жауап беру белсенділіктері, бірін-бірі түсіну мүмкіндіктері байқалды. Оны мен оқушылардың іс –әрекеттерінен байқадым.
Бақылауға алынған сыныбымда оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды мақсат етіп алдым. Сол себепті сабақ барысында әр тақырыпқа байланысты түрткі сұрақтар қойдым. Алғашқы сабағымда оқушыларға сол күнгі сабақтың тақырыбын айтпастан бұрын сыни тұрғыдан ойлануға мүмкіндік бердім. Оқушыларға мемлекеттік тіл қазақ тілі туралы сұрақтар қойдым. Неге қазақ тілі мемлекеттік тіл, оны қалай үйренуге болады және қайдан деген ойлануды қажет ететін ашық сұрақтар қойдым. Оқушыларға берілген тапсырма кезінде байқағаным, бақылауға алынған оқушым бос отырмай, жанындағы ұлты қазақ баладан көмек сұрап, сұраққа жауап беруге тырысып жатқанын көрдім.
Ал, грамматикалық тақырыпты меңгертуде интерактивті тақтамен жұмыс жүргізу арқылы оқушылардың қазақ тіліне тән дыбыстардың айтылуын, жазылуын дұрыс қадағалау, сауаттылыққа үйрету.
Мақсатым, оқыту мен оқуда АКТны қолдану, оқушыларға осы модульдың идеясы сандық технологиялармен жұмыс жасай білу дағдыларын меңгерту болатын.
Тапсырма, қазақ тіліндегі сөз табының бірі етістіктің шақтары деген тақырыпта білу, келу, бару етістіктеріне осы шақ, келер шақ, өткен шақтың жұрнақтарын қою тапсырмасы берілген болатын. Байқағаным, бақылауға алынған А тобымның оқушылары Ангелина, Зарема, Настя етістік туралы ережені жатқа айтып, интерактивті тақтада белсенділікпен жұмыс жасады. Ал, Таня, Роберт В, С оқушыларым ережені дұрыс айтып, бірақ оның қолданылу барысын орташа деңгейде меңгергендіктерін байқатты. Бірақ, таң қалғаным, оқушылар жай тақтадан гөрі интерактивті тақтада өте жоғары белсенділікпен, қызығушылықпен орындайды, сабаққа немқұрайлылық танытатын бақылауға алынған С оқушыларым Алмас, Лена қолдарын көтеріп, АКТ ны қолдануда сөзжұмбақ, көп нүктенің орнына мақал-мәтелдердің жалғасын жалғастыру тапсырмаларына белсенділікпен қатысты. Сонымен бірге, оқушылар флипчартты қолдануда ерекше қызығушылық танытты. Сөйлемді сәйкестендіру, көп нүктенің орнына керекті сөзді қою және тиісті септік жалғауларын жалғау сияқты тапсырмалар берілді. Сабақ барысында Иванченко Юрий деген балаға назар аудардым. Ол тобындағы басқа балалармен тіл табысуға ұмтылып жатқанын байқадым. Тізбектелген сабақтар топтамасының үшінші сабағымда да өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тіл қазақ тілін меңгерту мақсатында визуалды айғақтар, яғни суреттерді, көрнекі құралдарды, АКТ ны қолданып, слайд, флипчартты пайдаландым. Сабағымда оқушылардың өздеріне көбірек ерік беріп, осы сабақты тереңірек меңгерулеріне жағдай жасадым. Оқушылар берілген суретті сипаттап, ондағы бейнелерді ауызша айтып, әңгімелеп, ауызекі сөйлеу тілдерін дамытуға үлес қосты деп ойлаймын. Ал, соңғы сабақта оқушылар өздерінің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесін көрсете бастады. Оқулықта берілген екі мәтінге сахналық көрініс қойды, үш топ бір-біріне тіл туралы мақал-мәтелдер, өлеңдер айтты, соңында «Туған жерім» әнін қазақ және орыс тілінде барлығы бірге шырқады. Әсіресе, сұхбат барысында оқушылар сабақ мақсатына, нәтижеге жету үшін күш жігерін жұмсайды және Мерсер сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасуда» тең құқылы серіктестер болып табылады. Бұл сөзіме дәлел, оқушыларға үй тапсырмасына «Мектепте», «Дүкенде», «Қазақ тілі сабағында» деген тақырыптарда диалог құрастырып келуді ұсынсаң, олар бұл жұмысты жоғары белсенділікпен орындайды, себебі менің ойымша әр оқушы лидер болғысы келеді, өз ойын сыныпта ашық айтқысы келеді, сыныптастары тек өзін тыңдағанды қалайды.
Сондықтан, сыни тұрғыдан ойланатын ашық сұрақ қою және оған дұрыс жауап беру маңызды дағдылардың бірі болып қалыптасуы тиіс, себебі, сұрақ дұрыс қойылған жағдайда ол сабақ берудің тиімді құралына айналады және оқушылардың білім алуына қолдау көрсетіп, оны жақсартады.
Зерттеу жұмыстарын талдау барысында оқушылардың білім алуы, тыңдауы және сөйлеуі арасындағы байланыс анықталады. Барнс (1976) пен Мерсердің(2000) айтуынша, зерттеушілік әңгіме-мұғалімдердің оқушыларды әңгімеге тарту кезінде дамыту үшін қажет болып табылатын әңгіме түрі, бұған дәлел, оқушылар зерттеушілік әңгімеге тартылғанда олар «мүмкін», «егер », «бәлкім» деген сияқты сөздерді қолданып, өз идеясын дәлелдеу үшін «сондықтан» деген сөзді пайдаланып, топ тарапынан қолдау қажет болған кезде «солай емес пе?» деген сұраққа сүйенеді.
Александер (2004) оқытудағы әңгімелесу – қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екі бағытта жүреді, осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды деп тұжырымдайды. Ал, пікір алмасу оқушылардың диалог құруы арқылы іске асады, сондықтан бұл оқушылардың сыни тұрғыдан ойланып, әңгімені өрбітуіне алып келеді.
Талантты және дарынды балаларды оқыту модулі бойынша сабағымда «Мұғалімге хат», «Кейіпкерге хат», «Синквэйм» стратегиялары арқылы көрініс тапты. А тобымның оқушылары «мұғалімге хат» жазды, онда осы өткізілген төрт сабақтан алған оқушылары туралы жазды.
Мен, осы келтірілген тұжырымдамалардың барлығының іске асырылу барысын өзімнің өткізген төрт сабағымда байқадым. Оқушылар бір-бірімен жұптық, диалогтік әңгімені жүргізу арқылы өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсете алды. Сөзіме дәлел, олар «Жер-ана», «Тіл мен әліппе» деген шағын мәтін мазмұнына сәйкес рөлдерге бөлініп, сахналық көрініс қойды.
Қорыта келе, сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға арналған жұптық әңгіменің рөлі зор, сондықтан бұл әрекет біздің барлық сабағымызда танылуы қажет деп санаймын. Қиындықтар кездесті, мысалы, берілген тапсырманы сыни тұрғыдан ойлануды бұрын қолданбағандықтан, оқушылар жауап бергенде қиналды. Себебі біз сабақты дәстүрлі әдіспен беру нәтижесінде оқушылардың өздігінен ойлануына, білім алуына шектеу қоямыз. Соның нәтижесі жаңа бағдарлама бойынша сабақ жүргізу барысында байқалды.
Оқушылардың жоғары деңгейде ойлануына көмектесетін бір әдіс ол – бағалау. Сондықтан оқыту үшін бағалау арқылы біз оқушылардың қызығушылықтарын арттырып, әрі қарай қызыға отырып, іздену үшін ынталандыруға жол сілтейміз, бағыттаймыз. Оқыту үшін бағалау бұл білім алушылар өздерінің оқытудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек екендігін анықтау болып табылады. Әр оқушы өзінің жұмысының бағаланғанын жақсы көреді. Сол себепті оқушылардың бұл жұмыстарын да өздеріне бағалатуға тырыстым.
Сабақтарымда СТО әр оқушының жоғары деңгейде ойлануын бағалауда формативті бағалауды қолдандым. «Жақсы», «Жарайсың», «Бұл жауабың дұрыс», «Келесі сабақта бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізетініңе сенемін» деген қолпаштау, мадақтау сөздерін қолдану арқылы бағалауды ұйымдастырдым, бағдаршам түстері, смайликтер, ұпайлар белгіленген бағалау критерийлері.
Ал, топ мүшелерін сайлап, арасынан сарапшы дайындап, сол сарапшыға ұпай сандары көрсетілген бағалау критерийлерін де ұсыну формативті бағалаудың тиімді әдісі.
Ол төмендегідей табыс критерийлерінен тұрды:
— Топ ережесін сақтау, топ жұмысына белсенді қатыспаса 1ұпай,
Топ жұмысына қатысса 2 ұпай, спикер болып, көп үлес қосса 3 ұпай;
— Сөздікпен жұмыс. Сөздерді жай еске сақтаса 1 ұпай, сөз тіркесін сақтаса 2 ұпай, сөз тіркесін және сөйлем құраса 3 ұпай;
— Мәтінмен жұмыс, мәтінді мәнерлеп оқыса 1 ұпай, мәтінді м әнерлеп оқып, сұрақтарға жауап берсе, сақтап, сөз тіркесін құраса-2 ұпай, сөздерді айтып, сөйлемдер құраса-3 ұпай;
— Постермен жұмыс. постер құруға қатысса-1 ұпай, постерге жазып, қатысса-2 ұпай
Постерді қорғаса-3 ұпай
Жалпы ұпай саны, бағалау
- балл – «5», 8-9 балл – «4», 6-7 балл-«3» парақшаларын ұсыну арқылы бағалау түрлерін жүргіздім.
Әр сабақ сайын оқушылар сабақты және топтар бірін-бірі бағалау әдісін пайдаландым, бірінші сабақта жоғары нәтиже көрсетпеді. Бағалау мен рефлексия жасауды көрмеген оқушылар ойларын жинақтай алмады. Мен өз тарапымнан формативті және жиынтықты бағалау әдісін қолданып отырдым. Нәтиже үшінші, төртінші сабақтарда байқалды. Бұл іс- әрекет сабағымда қолданылған оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулінің идеясы болып табылды.
Өткізген сабақтарымды саралай келе, менің байқағаным. Сыни тұрғыдан оқушыны ойландыратын үшін бірінші мұғалім сыни тұрғыдан ойландыра алатын, түрткі немесе ашық сұрақтар, қайта бағытта сұрақтарын қою керек. Егер мұғалім сыни тұрғыдан ойланатын сұрақ қою білмесе, онда бірінші сыни тұрғыдан ойлау біліктілігін арттыру курсынан өту керек. Содан барып қана мұғалім оқушымен жұмыс істей алады. Дәстүрлі сабақ барысында оқушыларды диалогтік, өз ойын ашық түрде жеткізе алу қиындық туғызды. Оқушылар өздерінен не талап етіліп тұрғанын түсінбеді. Олар тек мұғалім қиын сұрақ қойып тұр деп ойлады. Оның ар жағында не себеп барын түсінбеді. Ендігі, менің мақсатым сын тұрғысынан ойлау стратегиясын жетілдіру және оны әр сабағымда диалогтік, оның ішінде зерттеушілік әңгімені пайдалану болып табылады. Сол арқылы оқушыларды да сын тұрғысынан ойлатуға үйрету және логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру. СТО стратегияларын жетілдіру – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де, сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді. Сыни тұрғыдан ойлау бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. Жоғары деңгейде ойлану көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-тәжірибемізге оқытудың жаңа тәсілдерін енгізуге дайын болуға, ұйымдастырылған қоғамдағы әрекеттерге және басқаларды жоғары деңгейде ойлануға баулуды білдіреді.
«XXІ ғасыр – білім ғасыры» демекші, егеменді еліміздің білім беру жүйесінің қазіргі кезеңін әлемдік деңгейдегі білім беру саласынан бөліп қарауға болмайды. Бұл әлемдік деңгейдегі қатынастың күшейе түсуіне байланысты. Қазіргі қоғамда болып жатқан кең ауқымдағы өзгерістер үшінші мыңжылдықтың білімді, саналы, парасатты жастарын тәрбиелеушілерге үлкен міндет тұр. Жас ұрпақтың жаңашыл түрде ойлауына, олардың біртұтас ойлауына, дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім саласындағы ең өзекті, кезек күттірмейтін мәселе. Осы сабақтар барысында мен оқушылар іс-әрекетінде мынадай жайттарды байқадым, оқушылар бір-біріне бауырмал, жанашыр, бірінің сөзін бірі толықтыра алады, бір-біріне өз ойларын, идеяларын ашық түрде жеткізе алады, ең бастысы оқушылар бірін-бірі үйретеді, оқытады және тәрбиелейді, сыни тұрғыдан ойлана алады деген ой түйдім.
Есмаганбетова Калдыгуль Абикеновна
Сәтбаев қаласы, «№15 жалпы орта білім
беретін мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі