Home » Жаңалықтар » Әсерлі кездесу

Әсерлі кездесу

«Туған жер» патриоттық бағдарламасының аясында Жезқазған қаласының 24 жалпы орта білім беретін мектебінде 9-11 сынып оқушыларының қатысуымен тау-кен өнеркәсібінің ардагері Сутбаев Султан Сутбаевичпен кездесу өткізілді. Кездесудің басты мақсаты – 9-11 сынып оқушыларының болашақ мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру болды.

Сутбаев Султан Сутбаевич – Жезқазған аймағына танымал инженер-гидреолог, ҚР кен орындарының құрметті барлаушысы, қазіргі уақытта Жезқазған қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі, қаламыздың құрметті азаматы.
Султан Сутбаевич 1960 жылы Қазақ кен-металлургия институтын бітірген соң, осы саладағы еңбек жолының 40 жылдан астам уақытын жер қойнауын зерттеуге арнаған. Ағадыр геологиялық барлау экспедицияларын басқарған, «Жезқазған түсті металл» кен орнында бас геологтың орынбасары болып жұмыс істеген. Кездесу барысында Султан Сутбаевич Жезқазған қаласының қалыптасу тарихы туралы, қаламыздағы тау-кен технологиясы туралы, геолог мамандығының ерекшеліктері туралы айтып берді. Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейтін басқа да мамандар туралы оқушыларға кең ауқымда мағлұматтар беріп өтті. Әсіресе, ардагердің академик Қ.И. Сәтбаевпен кездесулері туралы естеліктері оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Осы салада жұмыс істеу барысындағы кездескен қиындықтары мен жеткен жетістіктері туралы да ой бөлісті. Оқушылар да «Ардагердің еңбек жолындағы алғашқы қадамдары қандай болды, мамандық таңдауда басты қандай мәселелерге көңіл аудару керек?» деген сияқты сауалдарын қойып, кездесудің қызықты әрі әсерлі өтуіне өз үлестерін қосты. Кездесу соңында мектеп мұғалімдері мен оқушылары ардагерге қаламыздағы тау-кен өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқаны үшін алғыстарын білдіріп, кездесуден алған әсерлері туралы өз ойларын жеткізді.

Кульмагамбетова Назира Советовна,
№24 ОМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.