Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Сондай мұғалім білім нәрін себуші, жақсы білім беруші, білген білімін алдында отырған шәкірттеріне үйрете білген, олардың адам болып қалыптасуына ықпал еткен қасиетті де қадірменді тұлға.
Қазақтың ұлағатты ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім бәрінен де қымбат,өйткені ол мектептің жүрегі»деген мағыналы да,мазмұнды сөзі, ұстанымы ұлық ұстаз Қарқаралы өңірінің тумасы Жакашова Алма Төкенқызына арналғандай. Жолдасы Ахметов Тойбек Төкенұлы екеуі 30 жылдай еңбек өтілі бар ұстаздар. 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұл–қыздарын ұяларына қондырып, немере сүйіп отырған жандар. Екі ұстаз еңбек жолдарын Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы , «Тоқтар Әубәкіров» атындағы шаруашылықтың «Қарынши», «Жарлы» ауылдарында бастап, сол өңірде 20 жыл білім саласында еңбек етті. Балалары мектепті аяқтап,жоғары оқу орындарына түскен соң, Қарағандыға көшіп келіп, Алма Төкенқызы еңбек жолын 2008-2014 жыл аралығында Қарағанды қаласының Октябрь ауданына қарасты №74 ЖББО мектебінде, 2014 жылдан бастап Қарағандыдағы №81 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып,жолдасы Тойбек Төкенұлы №61 ЖББОМ-те қызметін жалғастыруда.
Алма Токенқызы «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез қасиеттерімен озады» деген педагогикалық ұстанымдағы ұстаз. Жеке кәсіби іс-әрекеттеріндегі негізгі міндеттерін баланың жас ерекшеліктерін, әр сатыдағы қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып, дамып жатқан оқытудың жаңа технологияларын тиімді пайдалану, өздігінен білім ала білуде және өз бетімен дамуда оқушылардың қабілеттерін, талаптарын жетілдіру деп есептейді .Жаңа технологияны жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады. Осы жағдайды ескере отырып өз тәжірибесінде «Сын тұрғысынан оқу және жазу» технологиясын, Ж.Қараевтың «Деңгейлік саралау технологиясын», оқу шапшаңдығын жетілдіруде В.Н. Зайцевтың «Ызыңдап оқу», «5 минуттық оқу», «Жиі-жиі жалықтырмай үзіп оқыту», «Ұйықтар алдындағы 5 минуттық оқу», «Көп дүркін оқыту» әдістерін пайдаланады. Оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытуға, оқу дағдысын жақсартуға, сауатты жазуға «Федаренконың 18 жинақтық көру диктанты» тиімді пайдаланады. Ол тірнектеген еңбегімен оқушы білімінің жақсы деңгейде болуына қол жеткізді.
Алма Төкенқызының оқушылары республикалық , облыстық, аймақтық білім додаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 2014-2017 оқу жылдары аралығында негізгі пәндер бойынша Х-ХІ халықаралық қашықтық олимпиадасына оқушылары қатысып І –ІІ орындарға ие болып, өзі дүниетану мен математикадан оқушылар дайындағаны үшін мадақтамамен және №61 мектептің бастауыш сыныптар арасында ұйымдастырушы ретінде үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Оқу зерттеушілік іс-әрекеті – бұл оқушылар үшін жаңа білім немесе іс-әрекет тәсілдерін, танымдық себептерді, зерттеушілік қабілетті қалыптастыру болып табылатын, өзінің құрылымы бойынша ғылыми іс-әрекетке сәйкес, мақсаттылық, белсенділік, заттық қабылдау, дәлелділік және саналылықпен сипатталатын оқушылардың арнайы ұйымдастырылған, танымдық шығармашылық іс-әрекеті екенін Алма Төкенқызы ешқашан ұмытқан емес. Сондықтан оқушыларын зерттеушілікке, жоба қорғауға үйретіп, сайыстарға қатыстырып отырады.
Алма Токенқызы 2016-2017 оқу жылында педагогтар мен оқушыларға арналған Республикалық «Білім шыңы-ғылым сыры» журналының Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Мәңгілік Елдің мәртебелі мұғалімі» жобасына қатысып, мадақтамамен марапатталып, жобаның арнайы медалін алды, және «ҚР-сы Тәуелсіздігінің 25-жылдығы» мерекесіне орай Қарағанды қаласының білім бөлімі Грамотамен марапаттады.
Тұла бойына рухани-адамгершілік пен мәдени құндылықты жинақтаған ұстаз Алма Төкенқызы жайлы сұрағанымызда әріптесі Нақып Көкенайқызы ол туралы бар мағлұматты зор мақтанышпен жеткізгені аңғарылды. Бұл Алма Төкенқызының ортадасында абыройлы, әріптестерге беделді екенін байқатты.
Білімнің дәнін теріп, балаға тәлім беріп,білімнің — жолбасшысы, шәкірттің – қолбасшысы, оқу — білім бағдары, заманының бағбаны болған Алма Төкенқызы осындай ұлағатты ұстаз.
Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»