Home » Балабақша » Бала деген – балғын тал

Бала деген – балғын тал

Әр адамның үлкен өмірге қалыптасып, өзін таба білуі  бала  жастағы тәрбиеден басталады. Бұл орайда  еркелікке тоймаған ойын баласының ойындағын ұғып, оған әр қылығының бұрысы мен дұрысын ұғындыруда  тәрбиешінің берер тәлімі зор ықпал етеді. Тәрбиеші мектепке дейінгі жастағы баланы  дамыту бағдарламасын ұстана отырып, баланы оқытып, ой-өрісін дамытумен айналысады. Бұған оқу, сурет салу, мүсін жасау және табиғат тану, ауызша есеп шығару сабақтары жатады. Маман балаларға ой-өрісін, зейінін, қарым-қатынас жасау дағдысын, сондай-ақ этикалық және эстетикалық қасиеттерін дамытуға бағытталған ойындар ойнатады. Тәрбиеші күн тәртібіне сәйкес балалардың уақытын өткізуді және басқа да іс-шаралар жүргізуді ұйымдастырады. Балалардың өмірі мен денсаулығына жауапты болады.Кішкене адамды қарауда үлкен жауапкершілікті талап етер тәрбиеші жұмысы  түсіне білген жан үшін  ауыр да, қызықты жұмыстың бірі.
Бала тәрбиесінің бағбаны болуды қалап, тәрбиеші мамандығын таңдаған жанның бірі Мерейімбаева Дана Хабырасулқызы. Балабақшадағы еңбек жолын сонау 1993 жылы  Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында «Қызғалдақ» балабақшасында бастаған. Одан кейін Қарағаныдағы «Фонарик» балабақшасында  1995-1999 жылдары жұмыс жасаған. Бала тәрбиесін басты міндеті  ете жүріп өз іскерлігін  ылайым жетілдіруді жөн көрген Дана Мерейімбаева Саран қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы Саран педагогикалық колледжінде, Қарағанды  мемлекеттік университетінде  білім алған. Бүгінде Қарағанды қаласындағы  №23 «Ақниет»  балабақшасында тәрбиеші. Тәулік бойы  тынбай балалармен жұмыс жасайтын  Дана ешқашан шаршадым –деп  шағым айтқан жан емес.Әр баланың өзіндік тәтті қылығы бар, қалжырап отырып солардың бір қызығын көрсең барлық шаршағаның ұмытылып, көңілің шайдай ашылады, – дейді. Дана Мерейімбаева  өз іскерлігі туралы  айта келе баланы табиғатпен таныстырып, достықтың не екенін ұғындырып, оған білім  жолына алғашқы сара жолды салуда бізге артылар үлкен салмақ бар — деп өз ойымен бөлісті. Одан бөлек  әр баланың жекелеген мінез қасиетін  жетік меңгеріп, әр бүлдіршіннің жүрегінен  орын алу ол өз алдына жеке міндет.
Әр баланы күнделікті қырағы қадағалап, әр қылығын қалт жібермей ата-ана мен бала арасындағы түсіністік тілін  қалыптастыруда осы тәрбиешілерге артылар жүк. Тәрбиеші алдына келген барлық баланы тең  көргенмен, әр бала  ата-анасы үшін жеке  әлем. Сол әр әлемді танып, оған өзіңді бейімдеу асқан жігер, күшті талап етеді. Баланың тілін тапқан күннің өзінде  ата-анамен арадағы байланысты бір сарынға салу бар.Бұл орайда  сан түрлі қызметте жұмыс жасап, сан түрлі  мінезі қалыптасқан ата- аналардың көңілінен шығу қиынның қиыны. Ал бала  майысқан  балғын шыбық сияқты жастайынан қалай иетін болсаң, солай өседі, — дейді  кейіпкеріміз.

Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.