Home » Мақалалар » Ән айтудағы негізгі дағдылар

Ән айтудағы негізгі дағдылар

«Естігенімді – ұмытамын,
Көргенімді – есте сақтаймын,
ал өз ақыл-ойыммен істеген ісімді түсінемін.»

                                                                                   Конфуций.

 

Ән айту – күрделі процесс. Сондықтан да әншілік өнерге баулып, әнді хормен айтуға тәрбиелеуде музыка мұғалімі балалар дауысының даму ерекшелігін, соған орай оқыту барысында қойылатын талаптарды жақсы меңгеріп, әрі қарай тәрбиелеудің барлық шарттарын сақтауы тиіс.

Балалар дауысын тәрбиелеуге қойылатын талаптар олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып іске асырылады, тек сонда ғана сәби үнінің сыңғырлаған таза,  өзіне тән ашық бояуы сақталады.

Бала дауысы өте нәзік. Организмнің өсуіне байланысты оның дауыс шығару аппараты да өзгеріп отырады.

Жаттығуларға шығармалар, күйлер құлаққа сіңісіп, ел арасына кең тарап кеткен, әр түрлі жанрда жазылған халық әндері мен күйлерден үзінділер алуға болады.

Әрбір орындаушы өзінің дауыс мүмкіндігіне, тесситурасына, дайындық деңгейіне, орындау мәнеріне, мұғалімнің көздеген негізгі мақсаты мен талабына байланысты қажетті жаттығуларды пайдаланады.

Жаттығуларды дұрыс қолдану, баланың ән табиғатын терең түсініп орындауға, музыка мұғалімдеріне мектеп оқушыларының дауыс көлемін дұрыс анықтап, оның сыңғырлаған үнін таза күйінде сақтап, әрі қарай дамытуға септігін тигізеді.

Ән айтудағы негізгі ережелер:

  • Бұлшық еттерді қысу көбінесе әнді дұрыс айтуға кедергі келтіреді.
  • Ұсынылып отырған жаттығулар бұлшық еттердің дұрыс жұмыс жасауына әсерін тигізеді.
  • Арқа мен иық түзу, төмен түсіріп, басымызды жоғары орташа жағдайда ұстаймыз.
  • Тамақ  пен өңешке күш келтірмеу үшін,  басты артқа қарай шалқайтпай ұстау керек.

Ән айту дағдыларын қалыптастырудағы вокалдық жаттығулардың  маңызы зор. Себебі осы жаттығулар арқылы дұрыс дем алуға, сөзді ашық, таза айтуға; әуендікті ашық айтуға;  мәнерлеп  айтуға дағдыландырады. Вокалды жаттығулардың екі түрі бар — дауысты қалыпқа келтіру және вокалды – техникалық. Сабақтың басында дауыс аппаратын табиғи және  еркін дауыс шығарып, “жұмыс жағдайына” келтіретін дайындау жаттығуына жатады. Дайындау жаттығуларының мақсаты – дыбысты күштемей шығаруды туғызуға әсер ету және дауыс механизмін бірте-бірте қажетті біріктіруге келтіру. Дауысты негізінен тоникалық үш дыбыс пен дыбыс қатарына келтіреді.

Сабақтың мақсатына сай өз орнын тауып қолданылған жаттығулар тек дауыс аппаратын ән айтуға дайындап қана қоймай, белгілі бір орындаушылық шеберлікті дамытуға байланысты дағдыны қалыптастырады.

Әдетте вокалдық жаттығулар  әнді орындау алдында іске асырылады. Біздің пайымдауымызша, алғашқы орындалатын жаттығу жай екпінде айтылып оқушылардың сезіміне әсер ететін болуы тиіс. Ескере кететін бір жай: 7-8 жастағы балалар көркемдік немесе техникалық қағидасын тек қана әр түрлі буындардың жиынтығынан тұратын жаттығулардан гөрі, белгілі бір мазмұны бар әуендер (попевкалар) арқылы тезірек қабылдайды.

Сондықтан қазіргі кезде мектеп мұғалімдері өз   тәжірибесінде   мұндай   ән  жаттығуларын  жиі  қолданып, елеулі  нәтижеге  жетіп  жүр.  Жұмыстың  бұл  түріне  көрнекті  әуендерді  халық  әндерінен, балаларға  арналған  әндерден,  кейбір жағдайда  практикада  қолданылып  жүрген  жаттығулардың  бірін  сөз  текстімен  айту  арқылы  алуға  болады.

Артикуляция аппаратының жұмысын жандандырып, сөзді анық, таза, дәл айтуға жаттықтыру үшін жаңылтпаштарды пайдалануға болады. Алғашында жәй екпіннен бастап, бірте-бірте тезірек айтқызуға көшкен жөн.

 

Мысалы:

Атам бақ аралады

Ағам тал аралады

Апам көл жағалады

Асыл ат тағалады

 

Арпа ауыр ма

Арба ауыр ма

Апара ала ма

Ат ауылға?

Қазіргі кезде жаттығу ретінде балалар әндерін үйренуге интонациялық, ырғақтық қимылды туғызатын фразаларын қолдану іске асырылып жүр. Мұндай әдіс, үйрету барысында кездесетін әр түрлі вокалдық-техникалық қиындықтарды алдын-ала шешуге көмектеседі.

Мұғалім өтілетін сабақтың мақсатына байланысты өзі қажет деп тапқан әріптерге, буындарға сәйкес әуендерді айтқызады. Яғни, жас және дауыс ерекшелігіне байланысты жаттығуларды өздері таңдап алуға болады.

Зерттеуші-педагог С.Гладкая өзінің «Бастауыш класс музыка сабағындағы әншілік дағдылардың қалыптасуы» атты еңбегінде дұрыс айта білмеудің себептерін төмендегідей  көрсеткен:

  1. музыкалық есту қабілеті нашар дамыған;
  2. дауыс пен есту қабілеті арасындағы координацияның болмауы;
  3. дауыс аппаратындағы немесе есту органдарындағы қалыптасқан нормадан ауытқу;
  4. ұжымдық әншілік тәжірибенің жоқтығы:
  5. ән айтқандағы жағымсыз әдеттер;
  6. ұялшақтық пен сенімсіздік;
  7. әлсіздік немесе керісінше беймазалық;
  8. ән айтуға құштарлықтың жоқтығы.

Сағынтай Данагүл Сағынтайқызы,

Астана қаласы, №1 Өнер мектебі жоғары санатты вокал сыныбының мұғалімі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.