Биыл пилоттық жоба ретінде Қарағанды қаласындағы «Алтын сақа» бөбекжайында» ересек тобында «Әліппе» оқулығы бойынша оқыту жүруде. Топ тәрбиешісі Саятқызы Дана.
Бүгінгі таңда ересек тобының балалары «Арман-ПВ» баспасынан шығарылған «Әліппе» оқулығымен және жазу дәптерімен қамтамасыз етілді.
Жаңартылған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемелекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарына сәйкес бағдарлама мазмұнын іске асыру мақсатында тәрбиешілерге арналған арнайы «Әліппе оқыту әдістемесі» құрастырылған.
Бұл пәннің негізгі мақсат – міндеттері мектеп жасына дейінгі балаларды қазақ әлпбиінің барлық әріптерімен таныстыра отырып, алғашқы оқу дағдыларын меңгерту, қолдарын жазуға даярлау. Тілдің негізгі бірліктері – дыбыс, буын, сөз, сөйлем туралы жалпы түсінік беру, дауысты, дауыссыз дыбыстарды есту арқылы ажырата білуге, айтылу ерекшеліктеріне қарай өздері анықтай білуге жаттықтыру, баспа әріп үлгілерімен таныстыру.
Дана Саятқызы бірнеше жылғы тәжірибесінің, білімінің нәтижесінде «Әліппе» оқулығын балалардың жеңіл, жылдам меңгеруіне үлкен үлес қосты. «Әліппе» оқулығының барысын, балалардың дамуына келтіретін пайдасын ата-аналар мен педагогтерге түсіндіре отырып жұмыс істеді.
Әр педагог болашақ үшін қызмет істейді. Ол әр баланы жеке тұлға ретінде көріп, оның өміріндегі өз орнын табуына, топ ұжымын қалыптастыруға, ата-аналармен ынтымақтасуға зор үлес қосады.
Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы.
«Білім айнасы»