Home » Жаңалықтар » Әлем қайырымдылықпен нұрланады

Әлем қайырымдылықпен нұрланады

GIN (ағылш. Global Issues Network – жаһандық проблемалар желісі) – бұл жаһандық проблемаларды жергілікті деңгейде шешуге бағытталған қозғалыс. Ол адамдарға көмектесуге бағытталған шағын әлеуметтік көптеген жобалардан тұрады. Жуырда біздің сыныбымыз «Көмек қанаты» атты әлеуметтік жобаны қолға алды. Жобаның басты мақсаты – әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен жанұяларға көмектесу. Қазіргі таңда Семей қаласында ондай отбасылар аз кездеспейді. Көздеген мақсатымызды басшылыққа ала отырып, біз алдымен дәл сондай отбасының біріне арнайы барып, қандай көмек қажет ететіндігін анықтадық.

Біз барған Н.Сүлейменовтер отбасында 3 бала тәрбиеленуде. Тұрмыс жағдайын көзбен көре отырып, бұл отбасы азық-түлік пен өзге де қажеттіліктерге мұқтаж екеніне куә болдық. Осы заттарды сатып алу үшін қаржы мектепте 2 ай бойы жүргізілген акция нәтижесінде жиналды. Акцияға білім ошағымыздың оқушылары, ұстаздары да қатысып, өздері оқып тауысқан кітаптарды сатылымға қойды. Осы арқылы біз қажетті қаржыны жинап қана қоймай, кейбір оқырманның қолы жетпей жүрген кітаптарын сатып алуына жағдай жасадық. Акция барысында жиналған 21 мың теңгеге азық-түлік, өзге де заттар сатып алынды. Оларды өзіміз апарып бердік. Әрине, біздің бұл азғана көмегіміз Н.Сүлейменовтер отбасындағы проблемаларды түбегейлі шеше қоймасы анық. Дегенмен, қолдан келген жақсылықты жасаудың әркімнің парызы екенін еске салу міндетіміз. Әлем қайырымдылық көп болған кезде ғана нұрлана түседі.

 

 

Асанәлі Сұлтанбеков,
10 «Ф» сыныбының оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.