Home » Мақалалар » ӘЛЕМ – АНАЛАРЫМЕН АРДАҚТЫ

ӘЛЕМ – АНАЛАРЫМЕН АРДАҚТЫ

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!

«Алла Тағалаға осы өмірім үшін ризамын!»,- дейді сексеннің сеңгіріне шыққан алтын құрсақты аяулы ана Аштай Төлеубекқызы.
Аштай апа 1938 жылы Лебяжі ауданына қарасты Шабар ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келеді. Арада екі жыл өтер-өтпестен, жер бетіне қасірет шашып, жолындағысын жайпай келген сұрапыл соғыс өзгелер секілді, бұл отбасын да ауыртпалық атаулыдан қалыс қалдырмайды. Әкесі Төлеубек ауыл азаматтарымен бірге елін, жерін қорғауға майданға аттанады. Бірақ, сол кеткеннен қайтып оралмайды. Аштай апа әжесінің бауырында бой жетіп, өзі құралпы ауыл балаларымен бірге бастауыш мектепті тәмамдайды, еңбекке де ерте араласады. Соғыс бітсе де, ауылдың жағдайы тым ауыр еді. Майданға кеткен ер-азаматтардың орнын әйелдер мен қарттар, балалар басып, тұралап қалған тұрмысты қалпына келтіруге білек түре, белсене  атсалысады. Осылайша, олар тағдырдың сансыз сынағына қарсы тұрып, ширығып шыңдала түседі. «Еңбек, еңбек бәрін жеңбек» дегендей, жыл өте келе халықтың жұмыла көтерген жүгі жеңілдеп, бұрынғы сұрықсыз қараша ауылдар тірлігі қызған небір үлкен, көрікті елдімекендерге айналып шыға келеді. Бұдан былай, Аштай апаның өмірінде де жақсы өзгерістер басталады.  1956 жылы ол Шарбақбаевтар әулетіне келін боп түсіп, өмірлік серігі Қабдылнасыр Ерғалиұлымен шаңырақ көтереді. Өзінің еңбекқор, іскерлігінің арқасында отбасы тірлігін де ақсатпай, еңбектен де қол үзбей, екеуін егіз қозыдай қатар алып жүреді. Ерімен бірге балалы-шағалы болып, баянды ғұмыр кешеді, қыздарын-қияға, ұлдарын-ұяға қондырады.1972 жылы он үш құрсақ көтерген ардақты ана «Алтын алқамен» марапатталып, ауыл, аудан басшыларының да сый-сияпатына бөленеді.
Социалистік Еңбек Ері, елі сыйлаған еңселі азамат, аяулы жар, ардақты әке Қабдылнасыр Ерғалиұлы осыдан үш жылдай бұрын өмірден озады. Бірақ, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, кейінгілерге өнегелі із қалдырып, еліне еселі еңбегі сіңген, біртуар жанды ел-жұрты ешқашан ұмытпақ емес. Ал Аштай апамыз, отағасымен бірге кешкен 59 жылын өміріндегі «ең бақытты ұмытылмас жылдарым» еді деп сағынышпен еске алады. Шіркін, тұрағы жоқ толассыз зулаған, уақыт-ай..!
Кешегі тұлымшағы желбіреп, құлдыраңдаған сары ауыз балапандарының бәрі қанаттары қатайып, қалаған мамандықтарын меңгеріп, қалаберді қыз ұзатып, келін түсірген, тіпті немере сүйіп, ата-әже де атанып үлгерген еліне елеулі, халқына қалаулы бір-бір шаңырақ иелері. Аштай апа болса, өзінің құтты қара шаңырағында, кенже ұлының қолында, «көзінің ағы мен қарасындай» үш немересінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Немерелері мен жиендерінің «апалап», «әжелеп» етегіне оралып, өбектеп жүрген риясыз пейілдеріне дән риза. Ұрпағына айтар бағалы сөзі, үлгі етер тағлымды тәрбиесі бар өнегелі ана туған-туысқандарының құрметінен де мақұрым қалған емес. Жасы талай қырдан асса да, ойы кемел, қимылы ширақ, қарттыққа әлі де болса, дес бергісі жоқ. «Жақсының өзі қартайса да, көңілі қартаймайды» деген тамаша нақыл сөз құдды Аштай апамызға арналғандай…
Биыл Шарбақбаевтар әулетінде үлкен той! Осынау өлшеусіз өмірдің ағысымен алға ұмтылып, кемел ақыл мен адал еңбекті жанына жалау еткен, отбасының ырысы, бір емес, бірнеше ұстазды өмірге әкелген Аштай ана мерейлі 80 жасымен туған-туысқандарын қуантқалы отыр. Осыған орай, мерейтой иесі – Аштай Төлеубекқызына ізгі тілектерімізді білдіре келе, жасына жас қосылып, Алла тағала немене, шөпшек сүюді нәсіп етсін, дегіміз келеді.

Айгүл МОЛДАШ,
Павлодар

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.