Білімділік: Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.
Дамытушылық: Балалардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту.
Тәрбиелік: Көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулыққа тәрбиелеу.
І жүргізуші: Армысыздар қадірлі аналар, апалар, ұстаздар және қыздар!!! ҚР-сының мемлекеттік мерекелерінің бірі 8 Наурыз «Халықаралық әйелдер» мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз!!! Бүгінгі 10 «а» сыныбының сіздерге дайындаған «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!!!
ІІ жүргізуші: Құрметті жиналған қауым бәріміз ана деген асыл жаннан жаралған бір тұлғамыз. Сол аналарымызға ұзақ өмір, талмас қанат, таусылмас бақыт тілей отырып, мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Иә, бәрімізге де осынау әлемнің жарығын сыйлаған ана есімі қашанда биік, әрі қымбат.
Армысыздар ақ тілекті әжелер,
Ертегімен өмірімді әсемдер.
Мерекеңмен аялаған аналар,
Бір өзіңнен бар қуаныш таралар.
Шуақ шашқан алтын көңіл арулар,
Дарын боп өнерменен қарулан,-дей келе келесі кезекті 10 «а» сыныбының дайындаған хорына береміз! Ән «Ана туралы жыр» қабыл алыңыздар!
І жүргізуші:
Жүре берсем қасымда
Әйбат анам әй анам
«Ботам» деген даусыңнан
Мен мәз болып оянам.
Еркелесем күлімдейтін
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан сипап мені
Құлыншағым күнім дейтін…
ІІ жүргізуші:
Бүгін Наурыздың сегізі,
Сұлулықтың егізі.
Әдемі сөз анамның,
Анаға айтар лебізі.
Мәпелейсің мені анам
Қолыңдағы құсыңдай
Құлпыра өсіп дем алам
Құшағыңда қысылмай
Олай болса, кезекті Оразбаев Бейбарысқа береміз. М.Мақатаевтың «Ана» өлеңінен үзінді…
І жүргізуші:
Ана-өмір қолдаушысы әлемнің
Шаңырақтың шаттығы мен шуағы
Сейілмесін жанарынан ананың
Тіршілікке төккен нұрлы шуағы
Аялайық аналарды әрдайым
Қуанышқа бөлейікші өздерін
Әжелердің,аналардың,қыздардың
Мұң шалмасын күлім қаққан көздерін
ІІ жүргізуші:
Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен
Маңдайымнан сүйіп жатыр нұр көктем
Жарығыңмен шуағыңмен күн ана
Алып келдің жер бетіне гүл көктем
— Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі, оны тәрбиелейді,өсіреді. Адам бойындағы барлық асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана – ұлы адам, Ана – құдіретті жан ,ендеше бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын,
Аяулы аналар!!!
Арулар!
Ендеше, «Алдымен анаңды сыйла!» атты бейнеролигимізді тамашалайық!!! (видео №1)
І жүргізуші: Алғашқы көктем мерекесі Жер бетіне өмір сыйлаушы нәзік, ақылды, сымбатты, мейірімді жандарға арналғаны қандай тамаша мереке!
Әлемдегі ең асыл жан ол – Ана десек, жүрегімізде сүйікті жанға деген махаббат сезімі оянады. Ана бұл аяулы да мейірімді жан. Баланың тілі шыққаннан-ақ бірінші сөзін ана деп айтады. Өмірдің есігін ашқаннан соң осы өмірдегі өзіңнің жан анаңды көресің. Осы бір «АНА» деген үш әріптің аясында адамзат баласын қуаныш сыйлар қаншалықты қасиет бар десеңші! Ару – ана, Ару – асыл жар, Ару – көңілдің гүлі.
ІІ жүргізуші: Ару – өмірдің жыры, тіпті айта берсең сөз жетпейді. Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген екен бір ғұлама. Қандай нақты айтылған ой десеңізші! Расында бар әйел қауымынсыз мына әлемді елестету мүмкін емес! Иә, Құдайдан кейін құдірет иесі – ана. Мына жарық дүниеге әкелген Ана алдында бәріміздің де бас иетініміз сондықтан десек, бүгінде ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесін көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандайда болмасын құрметке лайық. Бүгінде қоғам өмірінің әйелдер араласпайтын саласы жоқ десе болады. Бірі ғалым, бірі саясаткер, енді біреулері дәрігер, кәсіпкер тізе берсең жалғаса береді. Солардың бірі аяулы ұстаздар. Аналар өмірдің барлық саласын меңгергеніне шүбә жоқ бас иеміз.
Сонымен, келесі кезекті өлең-шумақтарына береміз. Аналар сіздерге арналады қабыл алыңыздар!!!
І жүргізуші:
Сен білесің бе? Менің таң қалатыным, анам үйде барлық тірлікті істеп, одан қала берсе жұмысқа да барып үлгереді ғой.
ІІ жүргізуші: -Иә, мен мектептен келсем, тамағым да дайын, үй де жинаулы мұның бәрін қалай үлгереді екен?
І жүргізуші: — Біздің аналарымыз бәрін өз қамқорлығына алады, олар барлық шаруаны бітіреді, сонымен қатар олар біздің әр ойымызды айтқызбай табады, біздің бар сырымыз оларға әрқашан да белгілі.
ІІ жүргізуші: Иә, осындай біздің мықты да мерген аналарымыз аман, өмір жастары ұзақ болсын дейміз. Біз солармен ғана бақыттымыз!!!
Олай болса, сол батыр аналарымыздың құрметіне арналған белгілі тұлғаларымыздың ақ тілектері мен лебіздерін қабыл алыңыздар, тамашалайық!!! Бейнеролик (видео №2 көрсетіледі).
І жүргізуші:
Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашан ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз
ІІ жүргізуші: «Әйелдер адамды бесігімен баулиды… Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады» деген екен орыс жазушысы Пирагов. Орыс жазушысы Максим Горький: «Адамдар – әрқашан өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды»,-деген. Мұхаммед пайғамбар айтқан: «Жәннәт – аналардың аяғының астында» деп Ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі дейді.
Ендігі кезек, ару аналарымызға арнап, сыныбымыздан құралған бишілердің биін қабыл алыңыздар!!! Ортада «Қазақ биі» қарсы алыңыздар! (би билейді)
І жүргізуші: Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды.
ІІ жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың! Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата-анасын сыйламайтын адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана-тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші дегіміз келеді!
Және де келесі көретіндеріңіз «Соқыр ана» желісінен бір үзіндіні қабыл алыңыздар!!!
Бейнеролик «Соқыр ана»(«ана мен бала» видеоролик №3 көрсетіледі).
І жүргізуші: Ана деген,ана деген бұл өмірдің тірегі
Аналардын мөп-мөлдір ғой тілегі
Құлыным шырылдаған ,ешбір тыным таппаған,
Ауырмасын, ауырмасын ,аналардың жүрегі.
Құттықтаймын мейрамыңмен ,аналар,
Әр күлгенің бізге бақыт саналар.
Еңбегіңді еш етпейді өмірде
Елің ,жұртың ,ұл мен жұртың бағалар.
ІІ жүргізуші:
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше
Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды.
Алтын уақыттарыңызды бөліп, келіп тамашалағандарыңызға алғысымыз шексіз!!!
Келесі жүздескенше, күніміз жарқын, еліміз аман болғай!!!
Жолмухамбетова Венера Жумашевна
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы,
№9 орта мектептің мұғалімі