Бұл әңгімемді әкем Нұржанға арнаймын
Поезд жылдам жүріп бара жатыр. Купе іші қараңғы. Төменгі орында бір ересек кісі отыр, ол – Ерлан ағай. Түннің бір уағы болса да, ол ұйықтар алар емес. Ерлан ағай үлкен қызы Сания екеуі туған жеріне бара жатыр. Есіне жас кездегі достары Юра, Тамара, Галя түсті. Әсіресе сүйіктісі Тамара. Әйелінің: «Тамара “келемін” десе алып кел, бірге тұрамыз, қанша өміріміз қалды дейсің» — деген сөзі есіне түсіп, күліп алды. Әр түрлі ойлар мазалап ұйқысын қашырды. Өткен күндер қазір болып жатқан кино сияқты көз алдынан өтіп жатты.
Таңертеңгі уақыт. Үй ішіне жарық түсе бастаған. Бұрышта керуертте жас жігіт ұйықтап жатыр. Ол – осы үйдің баласы Ерлан. Бүгін оған жұмыстан демалыс берілген. Кенеттен сыртқы есік ашылып, үйге оның досы Юра кіріп келді. Ерлан мен Юра бала кезден бірге өскен дос. Юра үйге кіре салысымен, Ерланды айқайлап оята бастады. Ерлан айқайдан шошып оянды.
Ерлан: Не болды? Айқайламашы, басым ауырып тұр.
Юрий: А, аз-аз ішу керек! Алқаш.
Ерлан: Кетші, өзіңді білші!
Юрий: Жақсы, жаксы. Кешке Тамараның туған күні, не істейміз?
Ерлан: Білмеймін. Өзің айтшы, болмаса Галядан сұрайық!
Юрий: Жақсы, онда мен Галяға барайын. Ал сен өзіңді жөнге келтір.
Юрий шығып кетті. Ерлан сағатқа қараса он екі болған екен. Ол жылдам төсектен тұрып, жуына бастады. Даладан бір дыбыстар естілді, үйге Ерланның әкесі Тлеубек аға кірді. Ерлан әкесінің алдынан шығып, шешінуге көмектесті.
Әкесі: Ерлан, неге үйдесің, жұмыс қайда?
Ерлан: Маған бүгін демалыс берді. Әке, маған туған күнге ақша керек.
Әкесі: Шешеңнен алсайшы, неге менен сұрайсың?
Ерлан: Жақсы.
Әкесі мен екеуі тамақ ішуге асханаға қарай жүрді. Екеуі тым-тырыс отырып тамақ ішті. Әкесі кішкене ұрысқан болды да, ақша берді.
Ерлан бөлмесіне кіріп, кешке киімдерін дайындай бастады. Есіне Тамара түсіп, қалай кешті бірге өткізетіні туралы ойланды. Әкесінің Тамараға үйленуге рұқсат етпейтінін ойласа көңілі бұзылады. Тез-тез киініп, далаға шығып, Юраның үйіне қарай жүрді. Көшенің басына келсе Юра тұр екен. Екеуі бірге Тамараның үйіне қарай бет алды, жолдан екеуі дүкенге кіріп, бір қорап кәмпит пен гүл алды.
Тамараның үйіне келсе біраз қонақтар жиналып қалған. Тамара өзі күтіп алды, үстел басынан өзінің қасындағы орынға әкеліп жайғастырды.
Үстел басында Тамараның әкесі, шешесі және біраз танымайтын адамдар отыр екен. Жиналғандар Тамараға жақсы сөздер айтты, биледі. Отырыс түннің ортасына дейін созылды. Ерланға сөз берген кезде ол кішкене қысылып, қысқа айта салды. Юра Ерланға “кеттік” деп белгі берді. Өзі қалай шығып кетерін білмей отырған Ерлан Тамараға біз қайтайық деп сұранды.
Олар бірге далаға шығып, Ерлан Тамараны туған күнімен тағы құттықтап, “ертең кешке кездесерміз” деді. Юра екеуі көшеге шықты. Түн сондай жарық және жылы екен, екеуі біраз жер жаяу жүрді. Жол бойы екеуі Тамара туралы әңгімелесті. Ерлан досымен көше басына дейін барып, сол жерден қоштасып, үйіне қайтты. Үйге кірсе ата-анасы күтіп отыр екен. Ерлан әкесі және шешесі, үшеуі тұрады. Әкесі ауырып зейнетке шыққан. Шешесі зауытта жұмыс жасайды. Әкесі Тлеубек аға жүргізуші болып жасаған, шешесі Алуа апай еден жуушы болып жұмыс жасайды. Шешесі үстел басына шақырып, шәй құйып отырып әңгіме бастады.
Шешесі: Балам, сен ер жеттің, үйленетін уақытын да болды. Ал, қарындасың сенен бұрын тұрмысқа шығып кетті, үш баласы бар. Сен әлі сұр бойдақ болып жүрсін. Әкеңнің болса, ауырып жатқаны мынау.
Әкесі шешесінің сөзін қостап, баласынан тезірек үйленуін сұрады. Ерлан бір қызбен жүретінін айтты, бірақ орыс қызы екен айтқан жоқ. Әкесі баласына қызымен таныстыруын сұрады. Барлығы үстел басынан тұрып, ұйықтауға бөлмелеріне кетті.
Таңертең тұрған соң, шәй үстінде шешесі әңгімесін қайта бастады, баласына сенбі күні қызын ертіп келуін сұрады. Ерлан не айтарын білмей басын изеді. Ол тез-тез орнынан тұрып, жұмысына жинала бастады. Көшеге шығып жұмысына қарай бет алды, бірақ жолдан Тамараға соғып шешесінің әңгімесін айтуды ұйғарды. Тамараның үйіне келсе, оны есігі алдында кездестірді. Оған болған жәйдің бәрін айтып түсіндірді. Тамара басында келіспегенмен, соңынан баратын болды. Ерлан көңілді күймен жұмысына кетті. Апта арасында, күндердің тез өтіп. Сенбі күні де келіп қалғанын байқамай қалды. Сенбі күні таңертең шешесі бауырсақ пісірді, дастарханның қамын ойлап жүрді. Ерланды болса қызын ата-анасының қалай қарсы алатыны туралы ойлар мазалады. Уақыт жақындаған сайын, Ерлан дегбірсіздене бастады. Тамара айтқан уақытында келді, есікті шешесі ашты. Ол есік алдында тұрған қызды көріп сөйлей алмай қалды. Тамара орысшалап Ерланды “осы үйде тұра ма?” деп сұрады. Алуа апай не дерін білмеді. Үйге кіруді ұсынды. Тлеубек аға үйге кім келді екен есікке қарап отырған, қызды көргенде не дерін білмей, үнсіз қалды. Ата-анасы бір-біріне қарап, келген қонақтың көзінше әңгіме бастамауға келісті. Ерлан қызды үстел басына шақырды. Кеш ешқандай айқай-шусыз тыныш өтті. Ерланның ата-анасы Тамарадан орысшасы жеткенше үй-іші туралы сұрастырды. Ол өзінің ата-анасы, сіңлісі – төртеуі тұратынын айтты. Өзі қазір перзентханада акушерка болып жұмыс жасайтынын айтты. Тлеубек ағаға Тамара ұнады, бірақ салт-дәстүрді аттап кетуге болмайды ғой деп ойын түйіндеді. Ерлан Тамараны шығарып салып келсе, әкесі қасына шақырды.
Тлеубек аға: Балам, сен әкелген қыз өте ашық мінез, ақжарқын екен. Бірақ біздің үйге келмейтін сияқты.
Ерлан әкесіне түсіндіруге тырысты, ол қызды жақсы көретінін айтты. Әкесі өз сөзінен қайтпайтынын, енді өзі баласына қыз іздеп табатынын айтты. Ерлан әкесін қалай көндірерін білмей, ашуланып өз бөлмесіне кетті.
Тлеубек аға баласы шығып кеткесін, жолдасын қасына шақырып алып әңгіме бастады.
Тлеубек аға: Алуа, сен білесің, менің жағдайым күн санап ауырлап барады. Маған қанша қалғанын білмеймін. Көзімнің тірісінде баламның басын екеу етіп, немеремді көріп кетсем екен деймін. Ертең үйге сен нағашымыздың қызы Айдананы қонаққа шақыр, мен онымен сөйлесейін. Ол қазір мейірбекеге оқып жатқан көрінеді.
Алуа апай жолдасының көңіліне тимейін деп, үндемей келісе салды. Таңертең Ерланмен сейлеспекші болып, әңгіме бастады:
-Балам, сен әкеңнің кешегі сөзіне ренжіме, жар таңдау – бұл өмірлік сауда. Біз әкең екеуміз өмірде көпті көргенбіз, ақылың бар баласың және әкеңнің ауырып жатқанын білесің. Сен оған қарсы келмей-ақ, айтқанын орындай сал. Әке-шешенің айтқанын тыңдасаң қор болмайсын. Біз сен отбасын құрып, немере сүйсек дейміз. Балам, әкеңнің сөзін жерде қалдырма. Сол айтқан қызға үйлене сал, -деп баласына қарады.
Ерлан үндемей тұрып кетті. Бөлмесіне барып үндемей жоғары қарап біраз жатты, соң далаға шығып айналып келуді ұйғарды. Тез-тез киініп далаға шығып кетті. Соңғы күндері Тлеубек аға баласын қалай үйлендіру туралы ойланып жүріп, өзінің жолдасымен қалай танысқаны есіне түсті. Әкесі ерте дүниеден қайтты, шешесі және екі інісімен төртеуі тұратын. Тұрмыстары өте нашар болды. Шешесі екеуі балық консерві зауытында жұмыс жасады. Екі інісін оқытты, өзі оқи алмай қалды. Ержан деген інісі әскерге кетті, сол жақта әскери қызметте қалды. Кенже інісі Тлеужанды қасына жұмысқа алды. Бірақ 1941-1945 болған соғысқа кетіп, Пенза түбінде болған шайқастардың бірінде қаза тапты. Ержан інісі соғыстан аман-есен оралып, қазір әскери қызметте, отбасы құрған екі баласы бар. Көз алдына сол 1936 жылғы аштық жылдары оралды, көрші үйден бір келіншек суға шықты. Бұрын көрмеген, бұл кім екен деп ойлады, жұмыстан келе жатқан. Үйге кірсе шешесі күтіп отыр екен. Екеуі үндемей отырып тамақ ішті, тұрып бара жатып шешесінен, көрші үйдің алдында көрген келіншек туралы сұрады. Шешесі бір қаңғырып жүрген бақытсыз жан деді. Ертесі таңертең жұмысқа бара жатса алдынан тағы кездесті, үндемей өтіп кетуге ұялып амандасты. Келіншек басын көтеріп жәй амандасты. Көзіне-көзі түскен жігіт өзінің қалай ұнатып қалғанын білмеді. Бір апта бойы қалай сөйлесерін білмей жүрді. Жұмыс бойынша балық тазалайтын цехке кірсе, сол баяғы көрші келіншек тұр, қасына барып амандасты. Жұмыстан қашан қайтатынын сұрады, бірге қайтайық деп сұрады, ол үндемей басын изеді. Кешкісін жұмыстан бірге қайтты. Екеуі сөйлесіп жүріп келе жатты. Келіншек жасырмай өзі туралы айтып берді. Әке-шешесі ерте тұрмысқа берген. Өздері он бала екен, отбасында тоғыз қыз, бір ұл. Үйдегі баланың үлкені – бұл екен, аты Алуа. Барған жері бай отбасы болған, оларды кулак деп жер аударған. Бұларды күйеуі екеуін, ата-енесі қашырып жіберген. Ұзақ, ауыр жолға шыдамай, жолдасы қаза болған. Қайда барарын білмей, қаңғырып жүргенде көрші Али атаны кездестіріп, ол үйіне алып келіпті. Осылай күнде екеуі жүмыстан бірге қайтып, қалай екеуі достасып кеткенін білмей қалды. Алуа өзінің жайлы мінезімен өзіне тартып тұратын. Бір күні Тлеубек аға Алуаға бұлай жасырын кездесіп жүрмей, үйленейік деп үйіне ертіп келді. Басында шешесі қарсы болған, бірақ Алуа өзінің еңбекқорлығымен және жұмсақ мінезімен өзі қаратып алды. Екі балалы болды. Шешесі Ерланды өте жақсы көретін, арқасынан түсірмейтін. Шешесі немересі беске толған кезде қайтыс болды.
Алуа апайдың шақырған даусы Тлеубек ағайдың ойын бөліп жіберді. Жолдасы қасына Айдананы ертіп келген екен. Барлығы үстел басына отырып, асықпай қал-жағдай сұрасты. Айдана үй-іші аман, сәлем айтқанын айтты. Тлеубек ағай ақырын, неге шақырғанын айта бастады. Айдана мұқият тыңдап отырды, ағасының неге шақырғанын білген соң, күлкісін жия алмай, біраз қарқылдап күліп алды. Тлеубек аға өзінің қатты ауырып жүргенін айтып, баласын тезірек үйлендіргісі келетінін айтты. Айдана не айтарын білмей отырды. Әңгімеге Алуа апа да араласып, одан көмектесуін өтінді. Қыз бала не дерін білмей, дос қыздарын қонаққа әкелетінін айтты, бірақ Ерланмен таныстырып сөйлестірмейтінін айтты. Соған бәрі келісті. Келесі аптаның сәрсенбі күні қонаққа келетін болып келісті. Алуа апай апта бойы дайындалды. Сәрсенбі күні де келіп жетті. Ерлан түскі тамаққа келсе үйге нағашысы Айдана келген, қасында екі дос қызы бар. Амандасып, оқу туралы сұрастырды. Барлығы үстел басында отырып тамақ ішті. Ерлан тез-тез тамақ ішіп жұмысқа кетуге дайындала бастады. Тлеубек аға қыздармен танысып, үй-іші туралы сұрастыра бастады, біреунің аты – Айман, екіншісінің аты – Майра екен. Айманның мінезі өте сыпайы, ашық, жайдары екен. Өзі педагогикалық училищеде оқиды екен. Ал Майраның мінезі салмақты және қаталдау сияқты болып көрінді. Ол дүкенші болып жасайды екен. Тлеубек ағаға Айман өте ұнады, баласы жұмыстан келгесін сөйлесуді ұйғарды. Алуа апа үстел басындағы әңгімеден Айманның жолдасына ұнағанын түсінді, баласы не айтатыны туралы ойланып өзін ыңғайсыз сезініп отырды. Кешке Ерлан жұмыстан келсе шешесі тағатсызданып күтіп отыр екен. Шешесі жұмысы туралы сұрады, әңгімені қалай бастарын білмей тұрғанда, ұлы өзі қыздар туралы әңгіме бастады. Алуа апай қыздар Айдананың дос қыздары екенін айтты, әкесіне Айман деген қыз өте ұнап қалғанын айтты. Ерлан “жақсы қыз сияқты” деп қойды. Алуа апай баласына әкесінің көңілін қалдырмауын өтінді.
Күндер өтіп жатты, бір күні кешкісін Тлеубек аға баласын шақырып үйлену туралы ойын сұрады. Ерлан әлі үйленбейтінін айтты. Әкесі шешесі екеуінің ойласып, Айманға құда түсетінін айтты. Ерлан не дерін білмей тұрып қалды. Шешесі баласына әкесіне қарсы келмеуін сұрады. Әкесі баласына Айманмен дұрыстап танысып, құда түсуге дайындалуын айтты. Ерлан үндемей шығып кетті. Досы Юраға барып болып жатқан оқиғалар туралы бөлісіп, ақылдасқысы келді. Көшеге шықса, көше толған адам, көрші Рахат ағайдың баласының үйлену тойы болып жатқан екен, әрең адамдар арасынан өтіп жетті-ау. Досының үйіне жетіп, қоңырауды басты. Есікті Юра өзі ашты. Үйге кірсе, стол басында Юраның шешесі отыр екен. Ол амандасып, стол басына жайғасты, олармен бірге тамақтанды. Ерлан Юраға серуендеп келуді ұсынды. Олар қалалық паркке қарай жол алды. Біраз серуендеп, өзін басқан соң, Ерлан барлық жай-жапсарды Юраға айтып, ойын сұрады.
Юра: Ерлан, мен саған не айтуды білмеймін. Өзін қара, сенің өмірің, қалай шешсең сол болады. Жақсылап ойлан.
Ерлан досы айтқан сөздерден соң, бір шешімге келу қиын болатынын түсінді. Екі дос қимай қоштасып, үйлеріне қайтты. Ерлан жол бойы ойланып, әкесінің соңғы тілегін орындауға тиісті екенін түсінді. Үйге келсе ата-анасы жатып қалған екен. Ерлан ерте оянды, шәйнек қойып, ата-анасы оянғанын күтті. Шешесі бірінші оянып, әкесінің жуынатын заттарын дайындай бастады. Әкесі ұзақ уақыт өз бөлмесінен шықпады, Ерлан әкесінің сырқаты ауырлай бастағанын түсінді. Үнсіз отырып үшеуі шәй ішті. Шәй ішіп болған соң, Ерлан әкесіне Айманға үйленуге өз келісімін беретінін айтты. Әкесінің жүзі жадырап шыға келді, баласына өз ризашылығын білдіріп, той қамына кірісетінін айтты. Ерлан енді қалай Тамараға түсіндіретінін ойлап, көңіл-күйі түсіп кетті. Ерланның анасы баласының түріне қарап, өзінің тұрмысқа шыққаны есіне түсіп, көзіне жас келді.
Алуа апай отбасының тұңғышы болған соң, ата-анасына көп көмек көрсетуге тура келетін. Әкесімен отынға баратын, күні бойы қойларды бағатын, үйге су таситын. Өзінің он бауырының бәрі кішкентай болған соң, барлық ауыр жұмысты Алуа бір өзі жасап үйреніп қалған еді. Осылай күндер артынан күн өтіп, өзінің қыз болып өсіп, көзге түсе бастағанын байқамай қалыпты. Бір күні ауылдағы Керікбайдың баласы Ораз құда түсіп келгенде, бір түрлі ыңғайсызданып тығылып қалған. Ата-анасы құдаларға кішкене ойлануға уақыт беруді сұрады. Ертесіне әкесі туыстарын шақырып ақылдасты, барлығы әкесіне Керікбай ауқатты адам екенін, ол үйде қызының жақсы тұратынын, келісуі керек екенін айтты. Осылай ерте тұрмысқа шығып кеткен еді. Бағына – күйеуі жақсы адам болып шықты, екеуі тез тіл тауып кетті. Аз да болса екеуі бақытты күндерді басынан кешірді. Тлеубек ағаймен бас қосқанда да, соғыс уақыты қиын болған. Қиын болғаны соншалық, бір кішкентайдан өсірген биесіне дейін сойып жеуге тура келген. Енесі қатал адам болса да көніп, тезек теріп, атызда мақта теріп, су тасып, барлық ауыр жұмыстың бәрін жасауға тура келген. Бірақ жолдасы екеуі сондай қиыншылыққа қарамай тату тұрды. Алуа апай жалғыз ұлының да бақытты болуын тілейді.
Алуа апай болашақ құдалары туралы білейін деп Айданаға Айманды түскі асқа алып кел деген, тез дастархан қамына кірісті. Түскі асқа Айдана Айман екеуі келді. Дастархан басында Алуа апай Айманнан отбасы туралы сұрастырды. Айман әжесі және атасымен тұратынын айтты. Әкесі анасымен ажырасып кеткенін, екінші рет үйленгенін, әкесінің екінше әйелінен бауырлары бар екенін айтты. Алуа апай Айманның әкесі туралы айтқанда көңілі бұзылып кеткенін байқады. Осы кезде Ерлан да түскі асқа келді. Барлығы бірге отырып тамақтанды. Айдана Ерланмен қалжыңдап, тиісіп қоймай қойды.
Айдана: Сұрбойдақ, сен қашан үйленесің, жасың жетіп сүрленгенде ме? -деп мысқылдап ұзақ күлді.
Ерлан: Өзіңді білші, сені кім алады, жылан сияқты у шашасың.
Айман екеуінің қалжыңын тыңдап не істерін білмей, ыңғайсызданып отырды.
Қыздар кетуге жиналды, Ерлан шығарып салмақшы болып, барлығы бірге үйден шықты. Аялдамаға келген соң Айдана “менің шұғыл шаруам бар” деп, таксиге отырып кетіп қалды. Айман мен Ерлан бір-біріне қарап, не істерін білмей, екеуі де ыңғайсыздықтан күліп жіберді. Жастар кешке кездесуге келісіп қоштасты. Жұмыстан келіп, Ерлан кешкі кездесуге жинала бастады. Алуа апай баласының кездесуге дайындалып жатқанын көріп, қуанышын жасыра алмай, Тлеубек ағайға айтты. Әкесі баласына көңіл толып, Алуа апайға “Тез тойға дайындалайық” деді.
Айман жатақханадағы қыздар Жазира мен Шолпанға ештеңе деп әзірше айтпай-ақ қояйын деді. Кешке бір туысқанының үйіне қонаққа барамын деп айта салып еді, қыздар онша мән бермей қоя салды. Шкафқа жақындап не киетінін ойлай бастады, киімнен екі көйлегі бар, біреуін киіп барған, енді тек көк көйлегі қалды. Айман кездесуге келсе Ерлан күтіп тұр екен, қайда барарын білмей, екеуі паркке қарай бет алды. Әңгімелесіп жүріп екеуі уақыт қалай өткенін білмей қалыпты. Ерлан Айманды жатаққанаға дейін шығарып салды, сосын үйіне қарай бет алды. Арада кездесіп, қоштасып жүргенде екі аптадай уақыт өтті. Демалыс күні болатын, әкесі Ерланды шақырып ертең Айманның үйіне құда түсуге баратынын айтты. Ерлан үндемей келісті. Таңертең үйге әкесінің інісі Ержан көкесі келді. Ол кісі өте қатал, көп сөйлей бермейтін кісі болатын. Үйге кіріп, амандасып төрге жайғасты. Кішкенеден кейін үйге Сұңғат деген нағашы ағасы кіріп келді, онымен бірге жолдасы Данекер апай келді. Барлығы жиналып Сұңғат ағаның көлігіне отырып Айманның ауылына жол тартты. Ауылға келген соң, болашақ құдалары Дүйсен ағаның үйін іздеп біраз жүріп қалды. Үй алдына Дүйсен аға өзі шығып күтіп алды, үйге кірсе стол басында атасы Тельман мен әжесі Еңлік отыр екен. Қонақтар жайғасып, шай ішіп тынығып алғасын, келген шаруалары туралы Сұңғат ағасы баяндап берді. Айманның туыстары ұзақ уақыт жауап бермей отырды, біраз тыныштықтан соң атасы немелері оқуға енді түскенін, оқу бітіргенше тоқтай тұруын сұрады. Тлеубек ағай ашуланып орнынан ұшып тұрып, бәріне кеттік деп есік жақты меңзеді. Құдалық осылай бітіп, әкесі үйге келіп көпке дейін ашуланып ешкіммен сөйлеспей қойған. Ерлан әкесінің ашулағанын көріп қалай болмасын, Айманды алып қашамын деп шешті. Юра екеуі ақылдасып, класстас бала Ғалымның машинасымен алып қашатын болып шешті. Ерлан Айманды бесінші күнге киноға шақырды, жолдан машина ұстаған болып Ғалымның машинасына отырғызып алып қашты-ау, әйтеуір.
Қуғыншылар келіп, егер Айман қаламын демегенде, не болатынын кім білсін.
Кішігірім той жасап жас отбасы бірге осылай өмір бастаған.
Ерлан ағай көзіне жас келіп, ауыр күрсініп алды. Күндер артынан күндер өтіп жатты. Әкесі қайтыс болар алдында, баласы разы екенін, енді шешесіне қарап, немересінің атын соған қойдыруын сұрады. Анасы Алуа апай немерелін бағып өсіріп, біраз жыл жасады. Сол кезден міне, біраз уақыт өтіпті, жолдасы Айман екеуінің 2 ұл, 4 қызы болды. Қазір немерелері де бар.
Поезд туған жеріне де келіп тоқтады. Енді досы Юраның үйін табу керек. Қалада көп өзгерістер болған, бірақ Юра сол баяға үйінде тұрады екен. Есікті досы Юра ашты, екеуі құшақтасып, бір-бірін жібермей тұрды. Үйде Юраның жолдасы Галя және ұлы Никита бар екен. Юраның жолдасы стол жасап, барлығы дастарханға отырды. Ерлан ағай балық аулағандары туралы, достары, жұмыстастары туралы сұрады. Тамара туралы сұрауға қысылып отыр еді, сөзді Юра өзі бастады, ол Тамара қайтыс болғаны туралы айтты. Ерлан ағайдың ішінен бірдеңе үзілген сияқты, жүрегі сыздап кетті, өзін әрең ұстап, жыламауға тырысты. Ерлан ағайдың ойынан тек бір сөз – “сол бір кездер-ай” деген ой кетпей қойды.
Кенжекулова Сауле Нуржановна
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
«Хиуас» балабақшасы