Home » Мақалалар » ӘЙЕЛ КӘСІПКЕРЛІГІНІҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

ӘЙЕЛ КӘСІПКЕРЛІГІНІҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Кәсіпкерлік, кәсіпкерлік қызмет – тәуекелге бел буып жасалынатын экономикалық әрекет, тауарларды өндіру және сатудан, іс-шарадан, көрсетілген қызметтерден, істелген жұмыстардан жүйелі пайда алуға бағытталған дербес қызметтің түрі. Осы мақсатта өзінің мүліктік жауапкершілігі кепілдігі, материалдық емес активтер, сондай-ақ кәсіпкердің жеке еңбегі немесе сырттан тартылған еңбек күші пайдаланылады. Кәсіпкердің жұмсаған ақшасы өтелетеніне, өндірілген тауар пайдамен сатылатындығына кепілдік болмайды. Осыған байланысты меншікті жартылай немесе толықтай жоғалту қауіпі бар. Сондықтан да әрбір кәсіпкердің құқықтық принципі болуы қажет.

Кәсіпкерлік құқығының принциптері оның негізгі бастаулары ретінде шаруашылық қызметті реттеуге бағытталған барлық құқықтық нормалардың жиынтығын қамтиды. Оларға жататындар:

1) кәсіпкерлік субъектілерінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде екіжақты қызығушылыққа көздеуге бағыттау принципі;

2) меншік нысанына, қызмет түріне, өндіріс көлеміне және өзге де белгілерге қарамастан кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің теңдігін сақтау принципі;

3) экономикалық бостандықты және кәсіпкерлік әрекеттілікті қолдау принципі;

4) адал бәсекелестікті қолдау және монополизмнен қорғау принципі;

5) кәсіпкерлердің мотивациясын қоғамға қажетті шаруашылық нәтижелерге жетуге бағыттайтын экономикалық, құқықтық, ұйымдық-әкімшілік және саяси механизмдерді пайдалана отырып кәсіпкерлік қатынастарды мемлекеттік реттеуде кешенді шаралар қолдану принципі;

6) заңдылық принципі (құқықтық мемлекет құруды қамтитын негізгі

принцип болғандықтан міндетті түрде қоғамдағы барлық қатынастарға қолданады).

Аталмыш принциптерді басшылыққа ала отырып, ҚР кәсіпкерлерінің  құқығын сақтауды да есте ұстаған жөн.

Құқықтың қайнар көзі – бұл құқықтың сыртқы сипатын білдіретін нысана. Қазақстандық құқық континентальдық құқықтық жүйеге жатады, сондықтан оның негізгі қайнар көзі болып нормативтік құқықтық акт табылады.

Нормативтік құқықтық акт құқықтық нормаларды бекітуге, өзгертуге немесе олардың күшін жоюға арналған.

Кәсіпкерлік құқықтың негізгі қайнар көздері болып кәсіпкерлік саласында қатынастарды реттейтін нормалар табылады. Оларға жататындар: Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы, халықаралық шарттар. Кәсіпкерлік қатынастарды реттеу үшін, егер заңда тиісті құқықтық нормалар болмаған жағдайда, қосымша құрал ретінде іскерлік айналым әдеттері қолданылуы мүмкін.

         Сонымен, кәсіпкерлік құқықтың қайнар көздері болып табылатындар: ҚР Конституциясы, кодекстер, конституциялық және ағымдағы заңдар, ҚР Президентінің жарлықтары, Үкіметтің қаулылары, министрліктердің (агенттіктердің, комитеттердің) бұйрықтары, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының және өзін-өзі басқару органдарының актілері.  Көрсетілген құқықтық актілердің орындалуы кәсіпкерлік жауапкершіліктің орындалуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан қазіргі уақытта адам құқығы бойынша 60 халықаралық шартқа қосылды. 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдіктің ұлттық стратегиясы бекітілді. Осы стратегияны орындау бойынша әйелдердің саясатта және экономикада ілгерілеуі, әйелдердің, ерлердің және жасөспірімдердің ұрпақ әкелу қабілетін сақтау, әйелдерге және балаларға қатысты күш көрсету көріністеріне қарсы күрес, отбасы қатынастарында гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша 40-тан астам іс-шараны қамтитын Үкіметтің орта мерзімді іс-шаралар жоспары іске асырылуда.

Әйел-кәсіпкерлер – өзін-өзі іске асыруға деген жоғары қажеттілікпен, шығармашылықпен беріле жұмыс істейтін, табиғатынан жаңашыл, либералдық құндылықты жеткізушілер болып табылады. Әйелдердің осынау ерекше әлеуметтік тұрпаты кәсіпкерлікте ғана емес, еңбек қызметінің басқа да көптеген салаларында, сан-алуан ұйымдық-құқықтық нысандағы кәсіпорындарда талап етіледі.

Соңғы отыз жылда адамзат­тың негізгі аспектілерін қайта қарауда – жұмыс, отбасы, жыныс мәселелері, теңдікке және әділеттілікке ұмтылуда әйелдер жетекші орындарға ие болды. Әйелдер қазір болмысты айқындауға, білімді қабылдауға және көшбасшылыққа үйретуге ықпал етеді. Бүгінгі таңда әйелдер кәсіби белсенділік көрініс табатын көптеген салаларды игерген. Алайда бизнес қарқыны салыстырмалы аз уақытта басшының ұйымды табысқа жеткізуге қабілетті немесе қабілетсіз екенін анықтап береді. Ал әйелдердің бизнеске араласуы іскерлікті айғақтайды және сенімді нығайтады, сонысымен де ескірген әлеуметтік көзқарасты еңсеруге көмектеседі.

Қазақстанда ерлер және әйелдер үшін жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін жасай отырып, кәсіпкерлік сектор, оның ішінде шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Елдің өңірлерінде шағын кәсіпорындардағы жұмыс тұрғын халықтың басым бөлігінің табыс көзінің негізіне айналуда. Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша елде 665 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері белсенді жұмыс істейді, оларда 2375,2 мыңнан астам адам еңбек етеді. 2011 жылғы қаңтар-сәуірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім (тауарлар және қызмет) бұған дейінгі жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға өсті және 2161,0 млрд. теңгені құрады.

Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар өкілдерінің арасында 50 пайыздан астамы, жеке кәсіпкерлердің 66 пайызы әйелдер.

Қазіргі қоғамда бүкіл әлемде үкіметтер әйел кәсіпкерлігін дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді арнайы бағдарламалар арқылы шешуге ұмтылуда. Бүгінде гендерлік аспектілер мемлекеттің саясатында ескеріле бастады. Сонымен бірге, билік әйел кәсіпкерлігінің пайдасы мен әлеуетті мүмкіндігі туралы хабардар болуға ұмтылуда.

Кәсіпкер-әйелдердің экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында ел Үкіметі 2002 жылдан бастап әйел кәсіпкерлігін қолдау бойынша шараларды жүзеге асыруда. Ондаған мың әйелдер жеңілдікті кредит алып, өздерінің бизнестерін ашты. 2002 жылдан 2008 жылға дейін республикалық бюджеттен «Даму» КДҚ»АҚ арқылы шағын субъектілерге, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігіне кредит беру бағдарламасы іске асырылды. Әйел кәсіпкерлігін анықтайтын негізгі өлшем басшысы әйел және еңбек ұжымының кемінде 50%-ы әйелдер болуы керек.

Өз істерін ашатын әйелдерді қолдау қажеттілігі туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «Даму» қоры 2009 жылдың қарашасында әйелдер кәсіпкерлігіне шағын кредит беру үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге келісіп орналастыру бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаның негізгі мақсаты кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін қолданыстағы және жаңадан бастайтын әйелдер кәсіпкерлігі субъектілерінің жобаларына жеңілдікпен кредит беру арқылы ынталандыру болып табылады.

Қаражат әйелдер кәсіпкерлігіне микрокредит ретінде берілетін болған жағдайларда қор әріптес банктерге ақша қаражатын беру жолымен бағдарламаны жүзеге асырады. Бағдарлама жұмыс істеп тұрған және жаңа бизнеске арналған. Клиент қарызды қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруға, инвестициялық мақсатқа, айналым қаражатын толықтыруға алуына болады. Салалар бойынша шектеулер жоқ. Тиімді ставка жылдық 14,0 пайыздан көп емес, қарыз валютасы – теңге, несиелеудің ең ұзақ мерзімі – бес жыл.

2011 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк-әріптестер 1769,6 млн.теңгеге 442 жобаны қаржыландырды. Салалық бөліністе несиелердің ең үлкен бөлігі сауда саласындағы жобаларға берілген – жобалардың қаржыландыруының үлесi iс жүзiнде берiлген қарыздардың жалпы сомасының 65%-ын құрады. Кредиттер қызмет көрсету саласында – 29%, көлiк және байланыс саласында – 2,2%, ауыл шаруашылығында – 0,7%, құрылыста – 0,6%, өнеркәсiпте 1,8% құрайды

Әйелдердің «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасына мүдделiлігі байқалады. Осылайша, курстарға осы бағдарламаны iске асырудың бар­лық кезеңдерінде қатысушылардың жартысынан астамы әйелдер болды.

«Даму» қоры оқыту бағдарламасынан өткен және осы бағдарлама шеңберінде заемдер алған кәсіпкер-әйелдердiң саны 2009 жылғы 16%-дан 2011 жылы 20%-ға дейін ұлғайды.

Таяу уақытта ШОБ бағдарламасын дамыту шеңберiнде, АБР 650 000 АҚШ долдары сомасында техникалық көмек беретiн болады, оның негізгі мақсаты әйелдердiң ШОБ кредиттеріне қолжетімділігін ұлғайту, сондай-ақ кәсiпкер әйелдер дағдыларының қаржы саласындағы деңгейiн жоғарылату болып табылатын гендерлік іс-қимыл жоспарын іске асыруға көмектеседі.

Жалпы, әйелдер еңбек рыногының жаңа талаптарына икемділік танытуда. Өз отбасын қолдау үшiн әйелдер iс ашып еңбекке орналасудың күрделi ахуалынан шығу жолын қарастырады. Әрине, олардың қызметiнiң табыстылығы көбінесе елдегі қолайлы бизнес-ортаға байланысты болады.

Дегенмен, қазiргi қоғамда жоғары жалақы төленетiн және беделді жұмыспен ерлер айналысады. Статистика, Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінің басқа да елдерінің көпшiлiгiнде осындай жағдайдың қалыптасқанын растап отыр. Әйелдер үшін кәсіби білімге және мансапқа жол кеңінен ашылды, бірақ үй шаруашылығымен әлі де болса әйелдер айналысады, бұл әйелдер жүктемесі екі есе дегенді білдіреді.

Қазақстанда әйелдер әлбетте, шағын кәсіпорындарға ие. Әйелдер басым салаларға қонақүйлерді және мейрамханаларды (63%), сауданы (59%), коммуналдық, әлеуметтік және жеке қызметтерді (59%) және ауыл шаруашылығын (53%) жатқызуға болады. Әйелдердің ірі бизнеске енуі жаппай сипатқа ие бола қойған жоқ: оң үрдіске қарамастан, әйел кәсiпкерлiгi әлеуметтiк-экономикалық факторларға байланысты нақты қиындықтардан өтуде. Әйелдердің бизнеске жаппай келуіне экономикалық және заң кедергілері ғана емес, мәңгi екiншi рөлде болу дағдысы, ескілікті менталитет кедергі келтіреді.

Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту мақсатында республика Үкiметi нақты мемлекеттiк қолдау шараларын қабылдады. Өткен жылдары салық жүктемесiн төмендету, тексерулерге мораторий енгiзу, қаржыландыру жеңiлдiгін беру шаралары жүзеге асты. Әсіресе жаһандық қаржы дағдарысы кезінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шараларына ерекше көңіл бөлiндi. Үкіметтің 2008-2010 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламаларын іске асыру шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік қаржылай қолдауға 497 млн. теңгеден астам сома бөлінді. Бұл 10 мыңнан астам шағын және орта кәсiпкерлiк субъектілерін қолдауға, 13 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға және сақтап қалуға мүмкіндік бердi.

Дағдарыстан кейінгі дамуға қатысты тапсырмаларды шешу үшін 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы iске асырылуда. Бұл қазiргi Қазақстан тарихындағы кәсiпкерлiкті дамыту бойынша ең ауқымды бастама болып табылады.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының мақсаты әкімшілік кедергілерді және бизнеске жүктемелерді төмендету арқылы негізі бизнесахуалды жақсарту болып табылады. Осы мақсаттар үшін рұқсат беру жүйесін және мемлекеттiк органдардың бақылау-қадағалау қызметі жетiлдiрілуде. Бизнес-ахуалды жақсарту бойынша Қазақстанның тәжiрибесiн көптеген беделдi халықаралық рейтингтер бағалауда.

Каирбекова Гүлімжан

Солтүстік Қазақстан облысы

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.