Оралда қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты балалар аула клубтары шығармашылық есеп беру кештерін ұйымдастыруда. Бұл жолы «әйгерімдіктер» өнерлі өрендерін сахнаға шығарып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
2002 жылдан бері жұмыс жасайтын «Әйгерім» аула клубына келетін оқушылар вокал, ритмика, көркемсөз, спорт үйірмелеріне қатысып, қосымша білімдерін жетілдіреді. Жастар мәдениет үйінде өткен есеп беру кешіне жиналған көрермен алдымен «Әйгерім» клубының тынысынан сыр шертетін көрмені тамашалады.
«Ән қанатында» деген атаумен ұйымдастырылған концерттік бағдарламада «Арна» вокалдық тобы, «Кватро» квартеті және Санжар Мәмбетов, Ерхан Әбілхайыр, Дилназ Төлегенова, Диас Қадеров, Ақкенже Қонысбайқызы, Гүлім Ақылбай, Таңшолпан Баесова сынды балғын өнерпаздар өз өнерлерімен тәнті етті. Түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған Жастар мәдениет үйінің «Нұрай» бишілер тобы мен клубтың түлегі, болашақ өнер иесі Аружан Исмагулова, «Мәрия ханым» сән салоны кештің құрметті қонағы болды. Сондай-ақ бұл кеште клубтағы вокал үйірмесінің жетекшісі Шолпан Жасмағамбетованың «Шәкірт лебізі» әнінің тұсауы кесілді.
«Әйгерім» балалар аула клубының меңгерушісі Дариға Галиеваның айтуынша, мұнда жыл сайын 80-ге жуық бала бос уақыттарын тиімді өткізеді. – Өзім осы клубқа 2015 жылы келдім. Клубта бес жоғары білімді маман қызмет етеді. Биылғы оқу жылының өзінде тәрбиеленушілеріміз жақсы жетістіктерімен көрінді. Соның ішінде жас көркемсөз оқу шебері Расул Құбашевты, балғын әншілеріміз Әлихан Бекболатов, Айжан Амангелдина, Ақкенже Қонысбайқызын мақтан етеміз. «Әйгерім» клубында таланттарын шыңдаған Рима Жантөрина, Аружан Исмагулова сынды түлектеріміз бүгінде жоғары оқу орындарында оқып жүр, – деді Дариға Бисенғалиқызы.
Болашақта әнші болуды армандайтын Айжан Аманкелдина аталған клубтағы вокал үйірмесіне қатысады. Төрт жылдан бері «әйгерімдік» жас таланттардың қатарында жүрген Айжан көптеген байқаулар мен концерттерге қатысуға мүмкіндік алғанын айтты. – Халықаралық деңгейге дейінгі өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Өзіме бұл клуб та, жетекшілеріміз де қатты ұнайды. Өзімнің вокал үйірмесіндегі жетекшім – Шолпан Жасмағамбетова, – деді 12 жасар өнерпаз. Ол Оралдағы Х.Доспанова атындағы №30 орта мектептің 6-сыныбында оқиды.
Ұл-қыздарының бос уақыттары тиімді өтетініне ата-аналар да разы. – Балам Расул Құбашев осы клубтағы көркемсөз үйірмесіне қатысып жүр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін сүйіп оқитын балам қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқығанды жақсы көреді. Нәтижесінде осы үйірме арқылы түрлі байқауларда шеберлігін шыңдап жүр. Жетекшісі – Гүлнәр Оспанова, – деді Әсем Сағынғалиева есімді ата-ана.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы», Орал