Ұлағатты ұстаздардың жемісті еңбегі мен жеңісін көруге жиналған көрермен қарасы көп болған қалалық деңгейдегі байқау өз мәресіне жетті.
4 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы оқушылар сарайында білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен кәсіби, білікті, ұстаздардың үздігі болған өз мамандықтарының қас шеберлері білім беру ұйымдары басшылары орынбасарлары арасында «Әдістемелік қызметтің моделі -2019» атты қалалық байқау өтті.
Әуелі Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Шайкенұлы Жекебаев «Үздік конструктивті бейне сабақ — 2019» байқауында жүлделі орындармен аталымдарға ие болған ұстаздарды марапаттау сәтімен басталды. №62 мектеп-лицейінің ұстазы Хомюк Галина Михайловна «Зерттеу бейне сабағы» аталымын, №84 мектеп-лицейінен Ищанова Галия Жакеновна «Инновациялық сабақ» аталымын, №79 мектеп-лицейінің ұстазы Махамбетова Асемгуль Амангельдиновна «Үздік ағылшын тіліндегі жаратылыстану –математикалық бағыттағы сабақ» аталымының иегері атанды. III дәрежелі дипломмен 40 мың теңгелік ақшалай сертификатқа №84 мектеп-лицейінің мұғалімі Рахатбаева Жазира Қапаровна, технологиялық колледж оқытушысы Теміртаева Ұлжан Қайроллина ие болса, II дәрежелі дипломмен 50 теңгелік қаржылай марапат жоғары медициналық колледж оқытушысы Жаупанова Зубайда Жумабековна мен №48 мектеп –лицейінің мұғалімі Булебаева Алима Канатовнаға бұйырды.
Жүлделі Ш орынды, 70 мың теңге ақшалай сертификатты экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжі оқытушысы Жанатхан Бахыткуль жеңіп алды. Құшақтары гүлге толған ұстаздарға басқарма басшының орынбасары Дулат Шайкенұлы жылы лебізін білдіріп, ұстаздарға шығармашылық шабыт тіледі.
Көрермендерді әсем ән, күмбірлеген күймен сусындатын отырған өнерпаздардың байқау арасындағы концерттік бағдарламалары да көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Аталмыш тақырыптағы байқаудың негізгі бөлімі мектеп директорларының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасарлары арасындағы сайыстың екінші кезеңі әділқазылар алдында өтті. 22 өтінім келіп түскен бұл сайыстың бірінші кезеңі сырттай эссе жазу арқылы өтсе сол бөлімінен іріктелген 10 қатысушы екінші кезеңде бақтарын сынады.
Сайдың тасындай болып іріктелген білікті мамандарға білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Каирбаева Маржан Жамбыловна, Назарбаев зияткерлік мектебінің педагогикалық шеберлік орталығының әдістемелік жұмыс бөлімінің аға менеджері Ковтун Инесса Ивановна, «Өрлеу» акционерлік қоғамы филиалы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, Инновациялық дамуы әдістемелік бөлімді қамтамасыз ету басшысы Айман Тұрсынқұлқызы Құсаинова, Еуразия Ұлттық университетінің аға оқытушысы педогогика ғылымдарының кандидаты Болатбаева Гульжанат Нурымжановна, Техникалық және кәсіптік білім берудің үздігі «Еңбек ардагері» медалінің иегері Гайша Мұхамедиқызы Агибаева, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы үздіксіз педагогикалық білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Шолпан Мырзақасымқызы Шуиншина әділқазылық жасады.
Білім беруді жаңғырту орталығы ұйымдастырған байқаудың шарты әр қатысушыға өз жұмысын қорғап шығу үшін тек 5 минут ғана уақыт беріліп, әділқазылардың бағалау парағы сол мезетте жиналып алынып отырғаны байқаудың әділ өтуіне деген ұстаздар сенімін нығайта түсті.
Нәтижесінде «Әдістемелік қызметтің тиімді моделі» презентациясымен, сұрақ-жауаптардан сүрінбей өткен 10 ұстаздың арасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №79 мектеп-лицейі директорының орынбасары білікті педагог Сыздыкова Асия Нугмановна жүлделі I орынға ие болып 400 мың теңге қомақты қаржылай сыйақыға ие болды.
Жүлделі II орынға «Қоғамдық тамақтану және сервис» колледж директорының орынбасары Кстаубаева Умутшах Ануарбековна ие болып, 300 теңгелік ақшалай сертификатпен марапатталды. Жүлделі III орынды «Көлік және коммуникация» колледжі директорының орынбасары Мылтыкбаева Жаннат Төлеубекқызы иеленді. Ал қалған №47 балабақша мектеп-гимназиясынан Нурпеисова Зауре Жетпісбайқызы, «Техника-экономикалық колледж» ұстазы Аленова Накия Салимгереева, №15 мектеп-лицейден Алибекова Ардақ Ашықбайқызы, №29, №62, №72 білім ошақтарының ұстаздары Рысмухамбетова Махаббат Даулеталиқызы, Арыстанова Сауле Жүсүпқызы, Габбасова Замзагуль Кайриденова, «Астана медицина колледж» директорының орынбасары Тлеужанова Асемгуль Бейсенбаевна аталымдарға ие болды.
Әділқазылар алқасының әділ бағасымен жүлдегерлер анықталған айтулы байқаудан ұстаздар қауымы бір марқайып қайтты.
Жүйелі жұмысты жолға қойып, өз саласында жол сілтей алар білікті маман атанған бұл күнгі жеңімпаз ұстаздар қауымын бізде жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз.
Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы, «Білім айнасы»