Home » Жаңалықтар » ДАЛАНЫ ТЕРБЕГЕН АСҚАҚ ҮН

ДАЛАНЫ ТЕРБЕГЕН АСҚАҚ ҮН

Қазақстан республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» деген мақаласы арқылы, қазақ даласындағы көненің көзі мен сөзін бүгінгі жас ұрпақтың санасына рухани серпіліс жасай отырып, жеткізуді көздеген болатын. Расында да, болашағын интернет, телефонмен байланыстырған жастардың санасына рухани серпілістің керек екені айтпасада белгілі. Сондықтан да қазақ елінің тыныштығы мен тәуелсіздігіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан «Нұр Отан» париясының 20 жылдығына арналған «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалінің ұлы керуені Қызылжарға келіп тоқтады. Бұл керуен алаш елінің астанасы болған, ұлт руханиятының алтын бесігі Абай мен Шәкәрім елінен, яғни Семей қаласынан басталды. Бүгінгі күні «Нұр Отан» партиясының бастауымен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Петропавл қаласы «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Мұқышов Кеңес Таңатарұлы «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалінің шымылдығын құттықтау сөзбен ашты. «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестиваліне Қызылжар қаласындағы дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген бір топ өнер иелері қатысып, халықтың сусынын қандыруға ат салысты. Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, мәдениет қайраткері Жанат Айтбаев бастаған әнші-жыршы, күйшілер қатысты. Кештің бір ерекшелігі Атырау мен Алтайдың арасындағы сен тұр, мен атайын дейтін дәстүрлі әнші-жыршы, жыраулар келді. Сыр сүлейлерінің сынығы, ҚР мәдениет қайраткері, жырау Алмас Алматов бастаған, Ерлан Рысқали қостаған, жыршы Жәкен Омаров, дәстүрлі әнші Шолпан Дәтжанова, белгілі күйші Батыржан Мықтыбаев, әнші, сазгер Гүлмира Сарина сияқты өнер қайраткерлері Қызылжар сахнасында тоғысты. «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалін жырау Алмас Алматов жүргізді. Қызылжар жұртшылығы қалалық мәдениет үйіне сыймай қалды. Себебі, дәстүрлі өнерге шөлдеген тек қазақ баласы ғана емес, талай жылдардан бері қойымыз қоралас, тіліміз аралас болып кеткен орыс, татар, башқұрт т.б ұлт өкілдерін көргенде жүрегіңді қуаныш кернеп, қазақтың ән-күйінің ғажаптығына таң қаласың. Ұлы өнердің құдіреттілігі сондай барлық ұлттың басын қосып, тамаша думанды бірге тамашаладық. Қос ішекті қыл қобыздың даусын бұрын-соңды естіген жоқпыз деп, артымда отырған орыс ұлтының екі қариясы таңдай қақты. Ұлт руханиятының қайта қарыштап, қазақ елінің аспанында ән қалықтаған күн болды. Сахнаға шыққан әншілерді көрермен шапалақтарымен жібермей, қайта-қайта ән салдырды. Міне, қазақ барда қазақ өнерінің өлмейтінінің тағы бір куәсі болдық.

 

«Білім айнасы»

Көкбасқызы Жазира

СҚО, Қызылжар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.