Home » Мақалалар » Әдебиет сабағында оқушыларды шығармашылыққа баулу

Әдебиет сабағында оқушыларды шығармашылыққа баулу

Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алып алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелеп шығаруға болады. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Сапаны көтерудегі ең өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерді даярлау және кәсіби біліктілігін шыңдау мәселесі болып отыр. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс — әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет.

Білім беру үрдісінде оқытушы жаңа ақпаратты беріп қана қоймай, оқушысын  шыңдай түсуде келесі міндеттерді орындауы тиіс:

      • оқушысын келелі мәселелерді шешуге баулу;
      • бір ғана түпнұсқаны пайдаланбай, әр түрлі әдістерді қолдана білуге үйрету;
      • берер білімнің ғылымилығын арттыру;
      • алған білімін өмір ағымында қолдана білуге үйрету;
      • оқушысының ой белсенділігін дамыту;
      • әр оқушының қабілетіне қарай дарындылығын, қызығушылығын дамыту;
      • білімді шығармашылықпен меңгеру дағдыларын қалыптастыру нәтижесінде жоғарғы сапаға жету;

Кез — келген дамыған өндіріс қазіргі таңда шығармашылықпен жұмыс жасауды талап ететін адамды қажет етеді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын адамның негізгі іс- әрекеті ақыл-ойға, әрі алған білімді басқа таныс емес іс-әрекетте тасымалдай алуға негіздейді.
«Шығармашылық» ұғымы жөнінде Қазақстан Республикасы Орта білімді дамыту тұжырымдамасында: «Шығармашылық — бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түюі, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 5 тарауындағы 41-баптың 1-бөліміндегі «Педагог қызметкерлер өз біліктілігін арттыруға міндетті» деп көрсетілуі, “Қазақстан — 2030” стратегиялық бағдарламасында елбасының “біз балаларымызға өзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым — қатынасымызды мұра етіп қалдыруымыз керек” деген сөзі бүкіл ағартушы қауым алдында “Оқу тәрбие үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту” өзекті мәселелер енгізіп отырғаны белгілі. Осы мақсатты жүзеге асыруда мектеп басшысы, ұжымдағы мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісін дамытуға аса мән беру қажет.
Егеменді елдің жас ұрпақтарын тәрбиелеу, талапқа сай білім беру, бүгінгі күннің уақыт күттірмес мәселелерінің бірі болып табылады. Сондықтан да балаға жүйеленіп, дайындалып берген белгілі бір білімді ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс жеткізе білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр.
Дамыта оқытудың да басты мақсаты — баланы оқыта отырып, оны шығармашылық бағытта жан — жақты дамыту.
Б. Д. Эльконин шығармашылыққа мынандай анықтама береді: «Шығармашылық – бұл ерекше тұрғыдағы жасампаздық, жаңадан жасалған нәрсе бұрынғы нәрселердің механикалық қайталануы емес, өзінің сонылығымен, біртумалығымен ерекшеленетін болса, өзін — өзі куәландыратын, дәлелдейтін болса, онда бұл нәрсені туғызған шығармашылық акт туралы сөз қозғауға болады.
Бір нәрсені жасауға, тудыруға деген қабілеттілік балаларда мектеп жасына дейін де көрінеді. Адам бойындағы қабілеттерді дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін — өзі табуына көмектеседі. Өйткені, адам туынды ғана емес, тудырушы, жаратушы да. Ол өзін — өзі шынайы болмысына бастайтын жол іздеуі керек. Адам өзін — өзі жетілдіруге де, сонымен қатар, сонымен қатар өзін — өзі жоюға да қабілетті болады. Адамның өз болмысын тануға ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан, талап тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады»-деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Орта білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында. Кез-келген дамыған өндіріс қазіргі таңда шығармашылықпен жұмыс жасауды талап ететін адамды қажет етеді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын адамның негізгі іс – әрекеті ақыл — ойға, әрі алған білімді басқа таныс емес іс — әрекетте тасымалдай алуға негіздейді.
Оқушының шығармашылық іс — әрекеті және оның мәнін түсіну үшін жеке тұлғаның ғылыми-педагогикалық зерттеулердің обьектісі ретінде анықталу сипатын білу қажеттілік болып табылады. Шығармашылық іс-әрекет тұлғаны құраушы және оны айқындаушы фактор ретінде де қарастырылады.
Жеке тұлғаның ерекшеліктеріне тән қасиеттер оның санасына, өзіне-өзінің сын көзімен қарауына, адам баласының есіне әсер ететін ішкі және сыртқы түйсік, түйсіктердің әсеріне және оның ерік — жігер күші мен әсерленушілік сезім дүниесіне байланысты құбылыс деген пікірді біздер қуаттаймыз. Оның себебі, ұлы ғұламаларымыз осы ой-пікірде болған деп білеміз.

Оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда сабақтарды түрлендіріп өткізудің маңызы ерекше. Мұндай сабақтардың тиімділігін атап өтсек: сабақ құрылымының ұйымдастырылуы, сыныптағы оқушылардың іс-әрекетін бақылауға қолайлылық, оқу-танымдық тапсырмаларды орындаудағы ұжымдық бірлескен әрекеттің жүзеге асуы, оқыту уақытының үнемделуі.

Мектептегі оқу процесі оқушылардың іздемпаздығын танымдық белсенділігін арттырып,шығармашылық әлеуетін дамытуында жолашуы қажет.
Оқыту процесі — екі жақты процесс болғандықтан, оқушының өзіндік жұмысы, дербес іс-әрекеті мұғалімнің басшылығымен қатар, олардың ізденіпаздығын, белсенділігін, өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтармен психологтар оқушылардың өзіндік жұмыстарының негізгі ерекшеліктері олардың ықыласына және өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп пікір айтады.

Оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары формасына олардың өз еркімен амал-тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады. Оқушылардың шығармашылығын, іздемпаздығын қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық, пәндік апталықтар мен ғылыми — шығармашылық апталық, жобалар, пәндік үйірмелер мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық іздемпаздығы мен белсенділігін, шығармашылық бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану – олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Сондай — ақ мектептегі пәндік олимпиадалар, сайыстар, көркем өнер және техникалық көрмелер, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң нәтижеге жетуге ықпал етеді. Шығармашылыққа үйрету тұлғаның интеллектуалдық аспектісі ғана емес, оның психологиялық, мінез — құлық ерекшеліктерін де көздейді. Оған жігерлілік, жаңа жағдайларға бейімделуге икемділік, қаржылық пен табандылық, тәуелсіздік пен адамгершілік сезімі, ынтымақтастық, қажырлы еңбекке қабілеті, белгісіз жағдайдағы өзіне сенімділік, ақиқаты іздеудегі және қарым — қатынастағы адалдық жатады. Әр сыныптағы әр оқушыға байланысты мұғалім өзінің мақсатқа жету жолдарын іздейді. Ол оның үстіне басты шарты аталған қасиеттерді көрсетуге тырысады. Оқушылардың жоспарлы жұмыс істеуге және өз жұмысының нәтижесін өзі тексеруге, оларды тапсырманы орындаудың тәртібі мен әдістерін анықтай білуге, сабақта, бір күнгі, апта ішіндегі, ай ішіндегі өз жұмысын жоспарлай білуге ұсынылған критерийлер негізінде өз жұмысының нәтижесін талдау мен бағалауға, сондай — ақ мұндай критерийлерді өздері жасауға үйретуді көздейді.

«Әдебиет» сабағында ұтымды уақыт тауып, шығармашылық жұмыс түрлерін жүргізуге болады. Ол үшін мұғалім мәтіннің, жаттығудың өн — бойынан шығармашылық тапсырмаға лайықты жағдайлар іздеп табуы керек. кейбір практикалық тапсырмаларды да шығармашылық арнаға бұрып, өзгертуге болады. Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін шығармашылық қабілеттерін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытуда мен мынадай әртүрлі әдіс — тәсілдерді қолданамын.

Олар мыналар:

  1. Мәтін, ертегіні, әңгімені өз ойларымен аяқтау. Мысалы; Ә.Тәжібаев «Толағай» әдеби ертегісін өткенде сыныпты 4 топқа бөлемін. 1-топ Ертегіні өзге топтарға баяндап береді. 2-топ Ертегі бойынша тезис жазады. 3-топ «Керқұла атты Кендебай» ертегісі мен «Толағай» ертегісін салыстырады». 4-топ «Толағай» ертегісін «Егерде мен жазушы болсам» айдарымен басқаша мазмұнда аяқтайды.
  2. Ақын, жазушылардың мәтіндерін басқаша аяқтау.
  3. Белгілі мақал негізінде әңгіме жазғызу.
  4. Мәтін бойынша мақал құрастыру.
  5. Табиғат құбылыстарына, заттарға жұмбақтар құрастыру.  Мысалы: Дидардың құраған жұмбағы:

Өзі жас, мұртты,

Сүтті ұрлап ішті. /мысық/

Әр үйде белін буған бір пысық бар. /сыпыртқы/

Қорыта айтқанда, осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор мүмкіндік береді.

 

Канафина Г. Ш.
Ж.Тәшенев атындағы №20 орта
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Солтүстік Қазақстан облысы,
Петропавл қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.