Home » Білім және тұлға » «ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА»

«ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА»

Елі үшін «егеулі найза қолға алған», батыр бабаларымыздың арманы ХХІ ғасырда орындалғандай. Қазақ азат болып өз алдына ордалы отауын құрып, тәуелсіздігімізді алғалы бері таңымыз оңынан атып, айымыз солынан туғандай. Небәрі 25 жылдың ішінде мәдениетіміз бен біліміміздің бағасы артып, әлемдегі көшбасшы елге айналуымыз көреген саясаткер Елбасымыздың сарабдал бағдарламалары мен жобаларының, сондай-ақ елінің ертеңі үшін алаңдаған абзал аға-апаларымыздың еңбегі деп білеміз.

Дамыған елу елдің қатарында болу – еліміздің даму стратегиясының басты саясаты. Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп атап өткен болатын. Елдің дамығандығының белгілері ғылым мен техниканың, экономиканың жетістіктері болса, мұның барып тірелер жері – білім, ал білім беру тетігі – мұғалім. Олай болса, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Ұстаз – бүкіл адамзат баласы, барлық мамандық иесі бас иетін асыл тұлға.

Өз заманында Ескендір Зұлқарнайын «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель»,-деген екен.

Бүгінде еліміздің білім беру саласының дамуына жаңа мүмкіндік берудің жолдары жан-жақты қарастырылуда. Өйткені бүгінгі білім жүйесі мектепке ойшыл, зерттеуші, тәжірибелік қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген іскер мұғалімді қажет етеді. «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институты білім беру ұйымдары мен Қарағанды облысының педагогтарына, мұғалімдердің кәсіби және мансапқа өсуін қамтамасыз ететін әдістемелік бастамаларының әзірленуі мен алға жылжуына ғылыми қолдау көрсетуге әрқашан да дайын.

Жыл сайын «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институтында облыстың білім беру ұйымдарының педагог мамандары жаңа технологиялар бойынша оқытылып, білімі мен біліктілігін арттырып шығады. Ендеше, сол педагог мамандар, өздеріне заман талабына сай жаңа бағдарламалармен сапалы дәріс беріп жүрген институтымыздағы ұстаздардың ұстазына қарыздар емес пе?!

Тағы бір тоқтала кететін жайт, мұғалімдердің білім сапасын арттыру мақсатында мұғалімдер арасында олимпиада өткізу дәстүрге айналып отыр. «Өрлеу» филиалы Қарағанды ПҚ БАИ Мұғалімдер күні қарсаңында төртінші жыл қатарынан «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда…» Олимпиадасын өткізіп отыр. Жыл сайынғы жарыс Институттың «Өрлеу» «SMART-

педагогы» Тұжырымдамасын, сондай-ақ заманауи мұғалімге қажет білім мен дағдыларды жандандыруды жүзеге асыруға бағытталған.

Биылғы жыл кафедралардың оқытушылары, деңгейлік бағдарламалар орталығының тренерлері, Институт бөлімдерінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңын, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Қарағанды педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының 2014-2016 жылдарға арналған «Мықты аймақ – Мықты орталық» Стратегиялық даму жоспарын өздерінің қаншалықты білетіндіктерін тексеріп, өз деңгейлерін анықтап, мүмкіндіктерін өз ішімізде де сынап көрді.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда…» Олимпиадасында өзінің ақыл-ойының асқақтығымен, білімділігімен дараланған тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушылары М.Мукушева, Л.Абзалбек, басқару және білім сапасы кафедрасының меңгерушісі А.Сакаева, аға оқытушылар К.Абдикалыков, Ж.Мырзахметова, А.Сыздыкова сияқты нағыз шеберлер үздік атанды.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» десек, дарынды балаларға арналған облыстық «Дарын» мектебінің түлегі, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды филиалының директоры С.Д. Муканованың шәкірті М.Мукушеваның өз қарсыластарынан оқ бойы озық шабатын нағыз дүлдүл екенін аңғарта отырып, екінші жыл қатарынан үздік атануы да соның куәсіндей. «Шын тұлпарға шаршы алаңда тұсау жоқ» демекші, шын жүйріктерді анықтау мақсатындағы осындай олимпиаданың жыл сайын әділ өтуіне Филиал директоры, п.ғ.д., профессор С.Муканова мен директордың оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, п.ғ.к. доцент А.Мухатаев жағдай жасап келеді.

Институтта өткізілген «Өрлеудің Алтын күзі» мерекесінде Олимпиада жүлдегерлеріне сертификаттар, «Өрлеу» БАҰО» АҚ төртінші туған күніне орай сыйлықтар мен торт табысталды!

Жақсы мұғалімнің кәсіби тұлғасын қалыптастырып, педагог мамандарды қайта даярлауда Институт ұстаздары мәртебелеріңіз асып, мерейлеріңіз тассын! Сіздерге мың алғыс, мың тағзым!

Туғанбаева Тілеу Сайлауқызы,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды

облысы бойынша ПҚ БАИ бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.