Home » Жаңалықтар » Ұстаз туралы толғаныс

Ұстаз туралы толғаныс

 

Ұлы Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де артық» деген тамаша сөзі бар.
Алма Сапаровна Қостанай облысы Аманкелді ауданы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарады. 35 жыл еңбек өтілі бар.
Аудандық білім беру бөлімінің, аудан әкімінің, Қостанай облысы әкімдігінің білім беру басқармасының мақтау қағазымен, облыстық кәсіподақ комитетінің құрмет қағазымен марапатталған, «Лучшие в образовании» халықаралық энциклопедиясына енген.
Ол Қостанай облысы, Жангелді ауданында 1961 жылы 28 желтоқсанда дүниеге келген. Әкесі Шаханов Сапар білікті ұстаз, анасы да  бар ғұмырын бала өсіруге, шәкірт тәрбиелеуге арнаған  ұстаз. Бірнеше шәкірт тәрбиелеген ұстаз — әке мен ананың қызының болашақ мамандық таңдауда себебін тигізгені сөзсіз.
Он жылдық мектепті 1978 жылы аяқтап, 1979 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық Педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті пәні факультетіне түсіп,  осы аталған оқу орнын 1984 жылы бітірді. Еңбек жолын өзінің туған ауданында мұғалімдік қызметтен бастады. Ұстаздық еңбек ете жүріп, өзінің еңбек жолында тиянақты білімімен, еңбекқорлығымен қызметтестері мен шәкірттері арасында жоғары беделге ие болды. Тынымсыз ұстаздық еңбек жолының қыр-сырын терең меңгерген ұстаз, отбасы жағдайымен  1992 жылы  Аманкелді ауданы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке ауысты. Осы уақыттан бері Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі қызметін атқара жүріп, жоғарыда аталған оқу орнының педагогика және психология бакалавры мамандығы бойынша 2007 жылы сырттай бітірді. Қазіргі таңда мектептегі әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәні мұғалімі қызметін атқарады.
Еңбек ете жүріп, мектептің оқу-тәрбие жұмысының, әлеуметтік мәселелердің шешілуінің жоғары деңгейде көрінуі үшін өзінің бірнеше жылдар бойы жинаған, мол тәжірибесін ұстаздарымен бөлісіп, тәрбиелеуден жалыққан емес.
Осы еңбек еткен жылдарында «Девиантты мінез-құлықтағы жасөспірімдер тәрбиесі», «Балалар және жасөспірімдердің суицидалды тәртібін диагностикалау және алдын алу» лицензиялық жұмыстар қорғады.
Мектепте де, жанұяда да ұстаз тәрбиесін алған Алма Сапаровна  өзінің еңбек ететін Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде адами тәрбие, рухани азық алған ұстаз тұлғасын арманына балап, өмірлік ұстанымын осы жолда көрсете білді. Алма Сапаровна «Білім алушыларды әлеуметтік жағынан қорғау, олардың дамуына, тәрбиесіне, біліміне оңтайлы жағдай туғызу және құқығын қорғау» тақырыбында шығармашылықпен жұмыс жасайды.
«Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың, қадағалаусыздық пен панасыздықтың алдын алу» тақырыбындағы іс-тәжірибесі аудан мектептеріне таратылды. «Ұқыпты бала-әдепті бала», «Жасөспірімдерге арналған тест»  тақырыбындағы мақалалары 2016 жылы республикалық педагогикалық әдістемелік «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» журналының №4,5,6 сандарында жарияланды. 2019 жылы Қостанай облыстық «Жалпыға ортақ құндылықтар-мектептің біріктірілген педагогикалық процесінің негізі» ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, «Өзін-өзі тану – даналықтың белгісі» тақырыбындағы мақаласы жинаққа енді және сертификатталды. Өз білімін Қостанай қаласы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында жетілдіріп отырады.
«Жанұя – өмірдің шамшырағы, жалғасы» дегенді ұстанатын ұстаз отбасында жұбайы екеуі жанұя бақытына бөленіп, 7 баланы тәрбиелеп, өсіріп, 8 немере сүйіп, солардың қызығын көріп отырған қадірлі отбасы.
Өмірлік серігі Рашит Серікбайұлы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, қарапайым дәрігерліктен,  Амангелді аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, одан кейін аталған аурухананың басшысы қызметін 27 жылға жуық атқарып, қазіргі таңда зейнеткерлік жаста.
Ұлылық ұстаздан басталады. «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң, қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай», — деген грек оқымыстысы Сократ сөзіне мән бере қарасаңыз, ұстаз ұлағаты мен өнегесін, даналығы мен тереңдігін жаныңа жақын мейірімі мен шапағатын сезінесіз.

 

Айгерим Есмаганбетова,
Қостанай облысы, «Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.