Home » Білім және тұлға » Ұстаз – мектеп жүрегі

Ұстаз – мектеп жүрегі

Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты Ж. Жабаев атындағы №161 лицей коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тарих және құқық пәнінің мұғалімі Сәденова Айна Жаңабергенқызымен «Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша сұхбаттасып қайттық.

Сәденова Айна Жаңабергенқызы 1966 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген. 1983 жылы Қазақ педагогика институтының (бұрынғы КазПИ – қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті) тарих факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын 1988-1993 жылдар аралығында туған жерінен бастайды. Осы аз ғана уақыттың ішінде ұлағатты ұстаз туралы «Ізденімпаз ұстаз» тақырыбында аудандық газетте мақала, облыстық «Сыр мектебі» газетінде «Зор міндеттер жүктейді» деген тақырыппен сұхбат жарияланады.

Ұстаз деген ұлы есімді арқалаған Айна Жаңабергенқызы 1993-2003 жылдар аралығында №27 дарынды балаларға арналған лицейде қызметін жалғастырады. Бұл жылдары ұстаздың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. «Қазіргі заманға сәйкес оқытудың жаңа әдістері мен тәсілдері» атты әдістемелік бейнефильмдердің облыстық байқауында Бас жүлде, «Қызылорда облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасымен» мадақталса, алғашқылардың бірі болып, «Білім және ғылым қызметкерлерінің II-съезінің делегаты» атанады. Бұның барлығы ұстаздың ерен еңбегі мен тынымсыз ізденісінің жемісі.

2005 жылдан бүгінгі күнге дейін Ж. Жабаев атындағы №161 лицейде тарих, құқық пәндерінің мұғалімі болып абыройлы қызмет атқаруда. Мектеп ұжымы мен шәкірттері аяулы ұстазды құрметтеп, әрқашан жақсы пікір айтады.

«Ол – терең теориялық білімін практикада ғылыми негізде ұштастыра білетін білікті де білімді маман. Айна Жаңабергенқызы әр сабағын үлкен шығармашылықпен, ізденімпаздықпен, түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушылардың ойлау қабілеттері мен танымдық деңгейлерін үнемі арттыру бағытында өткізетінін көрсете алады» — дейді №161 лицей директоры Суранчиева Роза Махмудқызы.

2004 жылдан бастап «Қазақстан тарихы: әдістемелік журналының» редакторы, «Алматытану», «Қазақ шежіресі» атты бағдарламалардың авторы, 2009-2016 жылдарда әр түрлі республикалық, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндама жасап жүрген Айна Жаңабергенқызы — мамандығымен мақтанатын ұстаздар қатарында.

Өз ісінің маманы 2016 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «Алматы қалалық білім жетілдіру институтының», «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құрмет грамотасымен», «Медеу аудандық білім бөлімінің Мақтау қағазымен» марапатталыпты. 

«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» — деп ұлы Абай айтқандай, Сәденова Айнаның шәкірттері қалалық, республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаздың абыройын асқақтатып жүр. 2009-2017 оқу жылдары аралығында ҰБТ-ға дайындаған 11-сынып оқушылары тарих пәнінен 100 пайыз көрсеткіш көрсетіп келеді екен. Бұл – ұстаз еңбегінің бағаланғаны.

Сәденова Айна Жаңабергенқызы – әрбір оқушының жүрегінен жол тауып, олардың таным-қабілеттерін арттырып, үнемі ізденісте жүретін шығармашылықпен жұмыс жасайтын тұлға.

29 жыл ұстаздық қызметте абыройлы еңбек етіп, шәкірт бойына адамзаттық құндылықтарды дарытып, парасатты ұрпақ тәрбиелеп жатқан ұстаздың еңбегі зор.

 

Перизат ӘБДІЛ-ӘШІМ,

Білім айнасы,

Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.