Home » Баяндамалар » Шығармашыл тұлғаны тәрбиелеудегі бейнелеу өнерінің рөлі

Шығармашыл тұлғаны тәрбиелеудегі бейнелеу өнерінің рөлі

Дүниежүзілік деңгейде еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық бетбұрыстарына қарай болашақ ұрпақты тәрбиелеуде басты шығармашылық тұлғаны дайындау мектепке дейінгі ұйымнан басталады. Шығармашыл тұлғаны тәрбиелеуде бейнелеу өнерінің орны ерекше. Қазақстан Республикасының Білім беру туралы Заңында жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының ерік негіздерін қалыптастыру білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі ретінде көрсетілген. Олай болса, мектепке дейінгі кезеңнен шығармашыл тұлғаны қалыптастыруда бейнелеу өнері әрекетінің орнын баса айтуға болады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың ең сүйікті әрекеттері – сурет салу, мүсіндеу, жапсырмалауда заттар мен құбылыстар туралы түсінігі қалыптасып, көркемдеп бейнелеуге және өзінің сол затқа қатынасын жаңа оймен бере білуге дағдыланады.

Мектепке дейінгі кезеңдегі шығармашылық қабілеттің дамуын Е. Новикова өзінің еңбегінде айта келе, «Шығармашылық процесс, бұрын белгіліден жаңаға өтуі. Мектеп жасына дейінгі балаларда бейнелеу өнерінде пішін және бояуды сәйкестендірудің басқа жолын іздеуі» — деп анықтама берген.

Мектепке дейінгі кезеңдегі балалардың бейнелеу әрекеті туралы Я.А. Коменский, И.Г. Пестолоций,                      Ф. Фребельдің еңбектерінде көркемдік-шығармашылық әрекет баланы көңілсіз жағдайдан шығарып, жүйкеге түскен салмақты түсіріп, эмоционалдық көңіл-күй туғызатындығымен түсіндірген. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымда баланың басты әрекеті ретінде педагогикалық процеске бейнелеу өнерін енгізген маңызды болып саналады. Белгілі ғалым А. Лилов шығармашылықты былай сипаттайды: «Шығармашылықтың жалпы заңдылығының моменттері мынада: шығармашылық-қоғамдық құбылыс, оның әлеуметтік мәнділігі қоғамға қажетті және пайдалы құндылық туғызады, қоғам қажеттілігін өтейді. Объективтік шындықпен бірлескен саналы қоғамдық субъектінің жасампаздығы». В.Г. Злотников өзінің зерттеуінде «Көркемдік шығармашылық таным мен қиялдың практикалық әрекет пен психикалық процестің үздіксіз тұтастығы. Рухани практикалық әрекеттің нәтижесінде ерекше материалдық өнім өнер туындысы пайда болады» — деп тұжырымдаған. Философтар мен психологтардың пікірінше, шығармашылық, адамның әрекетінің кез-келген аймағында, бұл – объективті жаңа және бұрын болмаған шығарманы тудыру. Дегенмен балалардың шығармашылығында белгілі тәжірибесінің жетіспеушілігінен, білім, білік, дағдының жетіспеушілігінен кемшіліктер байқалып келеді. Осыған қарамастан мектепке дейінгі балалардың шығармашылығын дамытудың объективті және субъективті мәні бар. Балалар шығармашылығының объективтік мәні – жүйелі жүргізілген процесс нәтижесінде үйлесімді дамып, тек отбасының сұранысын ғана емес, қоғамның қажетін қанағаттандыратын сапа қалыптасады. Бала сурет сала, қия және желімдей келе бірінші кезекте өзі үшін субъективті жаңа бұйымды алады. Субъективтік құндылығы шығармашылық өсу құралы ретіндегі мәні тек нақты индивидтерге ғана емес, қоғам үшін маңызы зор.

Көптеген зерттеушілер балалардың шығармашылығын ересектердің шығармашылығымен салыстыра келе, шығармашылығын суретшінің әрекетіне ұқсастығын бөліп және өзінше мәнділігін көрсеткен. Н.П. Сакулина балалардың шығармашылығы туралы «Балалар суретшілер тәрізді жасамаса да, мектепке дейінгі кезеңінде бірнеше шынайы көркем бейнені жасай алады. Осының өзі оның жеке тұлға болып дамуында терең із қалдырып, нағыз шығармашылықтың тәжірибесін меңгеріп, оны болашақта кез-келген еңбек аймағында пайдалана білетіндей болады» — деп түйіндеген. Олай болса, ғалымның пікірін негізге алсақ, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері балалардың бейнелеу әрекетін ұйымдастыруда болашағын меңзеп жүргізуді ескерген жөн.

Балалардың бейнелеу жұмысы суретші әрекетінің болашақ үлгісінен, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген тәжірибесінен тұрады. Бірақ бала оны өздігімен аталған тәжірибені меңгере алмайды. Сондықтан ересектер осы кезге дейінгі қалыптасқан бейнелеу өнері туралы білімді және біліктілікті тасымалдаушы, басқарушы, ұйымдастырушы және жеткізуші болып табылады. В.Н. Шацкийдің пікірінше, балалардың көркемдік шығармашылығын жалпы эстетикалық тәрбие беруде белгілі өнер түрін меңгеру әдісі ретінде және эстетикалық дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру объективті көркемдік құндылық тудыру тұрғысынан қарастырады. Мектепке дейінгі педагогика теориясында эстетикалық тәрбиенің бір құралы тұрғысынан қолданылып келгендігін айтады.

Е.А. Флеринаның ойынша, балалардың бейнелеу шығармашылығы – баланың қоршаған ортадағы шынайылықты суреттеуінде, мүсіндеуде, құрастыруда саналы бейнелеуі, өзінің бақылағандарын, қиялындағыны сөзден картина, басқа да өнерден алған әсерін бейнелеуі. Бала қоршаған ортаны пассивті көшірмейді, жинақталған тәжірибесінен және бейнелеп отырғанына деген қатынасына қарай қайта жасайды. А.А. Волкова: «шығармашылыққа тәрбиелеу – балаға жан-жақты және күрделі ықпал ету». Ересектердің шығармашылық әрекетіне ақыл-ой (білім, ойлау, қиял), мінез-құлық (батылдық, бірегейлік), сезім (әдемілікке сүйіспеншілік, бейне мен ойдың кеңеюі) қатысады. Жеке тұлғаның бұл сапаларын балада қалыптастыру арқылы шығармашылығын ұтымды дамытуға болады. Қоршаған ортамен таныстыру арқылы баланың түсінігі мен білімін кеңейту шығармашылығын дамытудағы негізгі қорек болып табылады. Мектеп жасына дейінгі балаларды зейін қойып бақылауға, қарауға үйрету, нақты және толық түсінік алуға мүмкіндік туғызады. Мысалы, ағаштың суретін салу үшін оны қарау, бөліктерін ажырату, атай білуі, жыл мезгілдеріне байланысты өзгерістерін көре алуы және сипаттай білуі керек.

И.Я. Лернер балаға білім беру мазмұнында шығармашылық әрекет тәжірибесін төмендегідей белгілермен көрсетеді:

— Бұрынғы алған білімін өздігімен жаңа жағдайға қолданылуы;

— Заттың немесе объектінің жаңа қызметін көре алуы;

— Стандарттық жағдайдың проблемасын көре білуі;

— Баламалы шешімдер қабылдауға қабілеттілігі;

— Жаңа әрекетте бұрынғы белгілі амалдарды ұштастыра білуі енеді;

Сондықтан ғалымның пікірінше, баланы шығармашылыққа үйрету қажет деп санайды. Жоғарыда аталған сапаларды мектепке дейінгі кезеңнен қалыптастыруға болады. Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылығының бірінші белгісі, қоршаған орта заттары мен объектісімен таныстыруда тәрбиеші оның негізгі пішініне, салыстыруға, ұқсастығын ажыратуға үйретеді. Сол себептен бала бір заттың түрліше пішінін, суретін салуда, мүсіндеуде және жапсырмалауда басқаша бейнелеудің амалын меңгереді.

Балалар еркін түрде сурет салудағы жолдарын басқа заттың ұқсас пішінін беруде қолданады. Сурет салуда түзу, қисық, үзік, жіңішке, қалың сызықтың түрлі амалын бала өзінің ойымен заттар мен құбылыстардың бейнесін беруде пайдаланады. Мысалы, бала құстың аузын ашып қояды. Бұл, оның ойынша, ән айтып тұр дегенді білдіреді. Осындай жолдар арқылы бала бейнелеу әрекетінде білім және біліктілігін қолдана отырып, еркін шығармашылық мүмкіндігін көрсетеді. Мектепке дейінгі балаларда болатын шығармашылықтың екінші белгісі – затқа жаңа қызмет беруі. Бұл баланың табиғатынан қалыптасқан тәрізді байқалады. 1-6 жастағы балалардың затпен әрекетінде, ойын әрекетінде байқалатын құбылыс: бір затты екінші заттың орынбасары ретінде қолдана біліп, қиялында таза образын жасап алуы болады. Сол сияқты бейнелеу әрекетінде де көз алдына елестету арқылы жаңа бейнелер құрастырады.

 

Қалибек Айсұлу Бақытжанқызы

Мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар

№41 жалпы білім беретін орта мектебінің

мектепалды даярлық тобының жетекшісі,

Алматы облысы, Талғар ауданы, Еламан ауылы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.