Home » Білім және тұлға » Ұстаз келбеті

Ұстаз келбеті

Мұратына жетсе кетер құлпырып,

Ұстаздарды білім-ғылым құлпы ғып.

Керек еткен кілтін салып ашатын,

Алла оны жаратқан ғой мықты ғып! —

деген жыр жолдарын арнау 1986 жылы 7 қарашада Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген, 10 жылдық еңбек өтілі бар «Шәкірт жолына талант іздейтін!» әріптестеріміздің бірі – Асылбаев Еркебұлан Теміртөлеуұлына лайықты деген ойдамын. Еркебұлан 2013 жылдан бастап Павлодар қаласында №25 ЖОББМ «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінің мұғалімі қызметін жалғастыруда. Өз атасы Намыс Мұқатайұлы 25 жылдай басқарған мектептен түлеп ұшып, 2004 — 2007 жылдары оқыған Павлодар Мемлекеттік Педагогикалық колледжін үздік дипломымен бітірген Еркебұлан Теміртөлеуұлы кіндік қаны тамған ауылына, білім нәрімен сусынданған мектебіне мұғалім болып оралды.

6 жыл келешек ұрпаққа кемел білім бере жүріп, Павлодар Мемлекеттік Педагогикалық институтының филология факультетіне грантпен түскен, жас та болса білікті ұстаз болып үлгерген әріптесіміздің ұстаздық еңбек жолы осылайша басталды.

Жеткенше шәкірт биік құздарға,

«Түседі ұстаз талай сындарға» —

демекші, ізденімпаздығы мен шығармашылығын бірге өрбіте білген Еркебұлан Теміртөлеуұлының өзінің де, шәкірттерінің де жетістіктері айтарлықтай. Мысалы, 2011-2012 оқу жылында ҰБТ-ға қатысқан оқушылары жоғары деңгейді, яғни орташа 23,5 ұпайды көрсетіп, нәтижесінде Ертіс аудандық білім басқармасының арнайы марапатын иеленді. Ал, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірттері сайыс, байқауларға қатысқанда жүлделі орындардан көрінуде. Құндақбаева Жасмин деген оқушысы аудандық «Абай оқуларында» ІІ дәрежелі дипломмен марапатталуы Амангелді атындағы орта мектептің мақтанышына айналғаны көңілге қуаныш ұялатады. Тағы айтарым, оқу ісінің меңгерушісі, кейіннен мектеп директорының міндетін атқарушы болып қызмет еткені өз ауылындағы бұрынғы білім берген ұстаздары мен шәкірттеріне мәлім деп ойлаймын.

2013 жылы отбасымен Павлодар қаласына көшіп келгеннен бері Еркебұлан Теміртөлеуұлы — №25 ЖОББМ «Қазақ тілі мен әдебиет» пәндерінің білікті маманы.

2015 жылы ең үздік әдістемелік — дидактикалық құралдар, 2015 — 2016 жылдары Тамыз конференциясындағы үздік баяндамасы, 2016 жылғы «Намыс» қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық порталында жарияланған үздік мақала, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала Еліміз» атты республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысқаны, 2017 жылы халықаралық «XVII Сатпаев оқуларында» үздік ғылыми мақаласы, облыстық деңгейде үздік әдістемелік-дидактикалық материал дайындағаны үшін марапатталып, кәсіби шеберлігін шындау үстінде.

«Толқыннан қорықпа, қарсы жүз!», —

дейтін болашағына сенімді ұстаздың оқушылары жайлы ой-пікірлері ерекше. Неге десеңіз, басқа ұстаздар сияқты бұл әріптесіміз де шәкірттерінің жетістіктеріне әрдайым көңілі толып жүретін жан.

Халықаралық «Карлаг – болашақ ұрпақ үшін ұмытылмас естелік» тақырыбындағы шығармасын жазған 7-сынып оқушысы Шамшиден Айдана «Жақсы ғылыми стиль» номинациясына, ІІІ дәрежелі дипломмен қалалық «XVI Абай оқуларында» 6-сынып оқушысы Медеу Жандос «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясына, Республикалық интернет байқауында ІІ дәрежелі дипломмен, «Төрлет, Наурыз!» сайысында және қалалық «Махамбет оқуларында» ІІ орынға Қуандық Рахат ие болып марапатталды.

Қай уақытта көрсең де жүзінен күлкі кетпей, ерекше салмақтылықпен жүретін Еркебұлан Теміртөлеуұлының айтуынша, өмір бойы парасаттылық пен ізгілікті ту еткен ардақты әкесі Теміртөлеу Мұқатайұлының айтқан сөздерін өмірлік ұстанымы санайды. Бақытжамал апайдай аяулы анасына, сүйкімді қарындастарына, туған-туыстарына үнемі қамқорлық танытып жүретін қадірлі ұстаз әріптестері, ата-аналар, шәкірттер арасында сыйлы!

 

Ж.Д. Төлеубаева

                                                                                       №25 ЖОББМ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.