Home » Білім және тұлға » Ұстаз жолы – қиын жол

Ұстаз жолы – қиын жол

ЖЖА жобасы бойынша

С.Л. Рубинштейн: «Бала дамымайды, тәрбиеленбейді және оқытылмайды, ол тәрбиелене және оқыта отырып дамиды» — деген.

Яғни, тәрбие беру мен оқыту – бала дамуы үрдісінің дәл өзіне кіреді, тұлғалық-психикалық қасиеттері, қабілеттері, мінезінің ерекшелігі қалыптасады. Іс-әрекетте қалыптасуы өзін-өзі дамытуына, жетілуіне қатысады, — деген.

«Ұстаз жолы – күрделі жол. Ұстаз – қашан да ұстаз! Әкемнің арманы – менің ұстаз атануым еді. Өзім де кішкентайымнан ұстаз болуды қаладым. Мектепте оқып жүргенде ұяң болдым. Мұғалім, оқушылар үзіліске шығып кеткенде қолыма таяқшаны алып, мұғалима сияқты оқушыларға сабақ беріп жатқанымды қиялдайтынмын. Орта мектепті тәмамдап, Семей қаласындағы педучилищеге оқуға түскенімде отбасымызбен сондай қуанып едік. Міне, педучилищені аяқтағаннан бері балабақшада жұмыс істеп келемін» — дейді Алмақан Құлжабайқызы. Сондықтан да болар, әр күн сайын өз жұмысын бар ынта-шынтасымен атқарып, жұмысқа ерекше қызығушылықпен кіріседі. Ол кісіні тәрбиеленушілері де жақсы көреді, ата-аналар да құрметтейді. Қаншама даярлық топтарын мектепке шығарып салды.

Қазақстан Республикасының білім берудегі дамыту тұжырымдамасында «Білім беру деңгейлері мен мазмұнын анықтағанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – үздіксіз білім берудің бастапқы деңгейі», — деп көрсетілген. Баланың бойында оқу қызметін меңгеруге қажетті жеке қасиеттерді тәрбиелеуге, яғни, мектепке дейінгі дайындыққа айырықша назар аударылған. Осыған орай, тәрбиеші Алмақан апай да балабақша тәрбиеленушілерін білімді, еңбекқор, қолынынан іс келетін өнерлі де өнегелі, мәдениетті де, сыпайы етіп тәрбиелеуде. Балабақшамызда бүлдіршіндердің сапалы білім алуына жақсы жағдай жасалынған. Балабақшадан мектепке кеткен түлектердің көпшілігі сабақты үздік оқиды. №3 «Жас дарын» гимназиясы, дарынды балаларға арналған №10 мектеп-лицейі, Н.Ә. Назарбаев мектептері секілді беделді білім ордаларында білім алып жүр. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміз әр түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, балабақшада үйренген өнерлерін мектеп қабырғасында дамыта түсуде.

Алмақан Садықова – жиырма бес жылдан бері балабақшада тәрбиеші қызметін атқарып келе жатқан білікті ұстаз. Қазір де көптеген жаңа технологияларды қолдана отырып, өзінің біліктілігін арттырып, тәжірибесін жетілдіру үстінде. Ұжымымызда көбінесе, жас мамандар жұмыс істейді. Алмақан Құлжабайқызы – әдістемелік бірлестіктің мүшесі. Ол жас тәрбиешілерге өзінің білгендерін үйретуден жалыққан емес. Міне, біз ертеңгі қоғам азаматын осылайша тәрбиелеп жатырмыз.

Б. Каиырбаева,

№33 сәбилер бақшасының

тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.