Ұстаз… Осы бір сөздің ішіне неткен ұлылық сыйып тұр десеңізші? «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — демекші, ұстаз есімі мәңгі ел есінде қалады. Себебі, тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге қырық екі әріптен бастап бар жақсылық атаулыны үйретеді. Неткен еңбек, неткен жауапкершілік, неткен төзім.
Мұғалім мен оқушы арасындағы өзара қарым-қатынастың дұрыс деңгейде болуы да өте маңызды. Қазіргі таңда, мұғалімнің беделі жоғарылап, шығармашылықпен еңбек етуге барлық жағдай жасалып келеді. Қазақстанда Білім саласы бойынша жүріп жатқан осы ауқымды өзгерістерге байланысты көптеген ұстаздар өз мамандықтары бойынша, қайта жалындап, білім ошақтарына қайта жұмысқа жұмыла бастады. Бұл ненің дәлелі? Әрине, ұстаз беделінің өсуі.
Мен де осы мұғалім мамандығын таңдап, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келемін. №7 жалпы білім беретін мектеп шаңырағында 100-ден астам қызметкер жұмыс атқарады. Әр ұстаздың өзінің алатын орны ерекше. Таң атқаннан кеш батқанға дейін, өз мамандықтары бойынша балаларға бар ықыласымен білім нәрін сіңіреді. Өз отбасымда бес баланың анасымын. Бірақ ұстаз болғандықтан, мамандығымды сүйетіндіктен, халықтың баласына көбірек уақыт пен көңіл бөлемін. Көп ізденемін, жаңалыққа жаным құмар! Жаңалық демекші, үстіміздегі оқу жылының басында «Мен өз елімнің патриотымын!» тақырыбы аясында жаппай сынып сағаттары өткізілді. Сол кезде әр оқушыға менің қолымнан не келеді?-деген сұраққа жауап іздеуді ұсындым. Дәл осы сәттен бастап, нақты ойлар келе бастады. Соның бірі – пайда әкеле алмасаң, зияныңды тигізбе деген қағиданы басшылыққа ала отырып, тағы бір жаңа бастама қолға алынды.
Күнделікті өмірде автономды қуаттау көздерін пайдаланып жатамыз. Қуаты таусылғанда ойланбастан қоқысқа лақтыра саламыз. Байқасақ, ол мүлдем дұрыс әрекет емес екен. Қоқысқа кеткен қуаттағыштың сыртқы металл қабығы ылғалдан, судан тотығып, ыдырай бастайды екен де, барлық улы химия қоршаған айналаны ластайды екен. Міне, осы күннен бастап, оқушылар мамыр айының аяғына дейін қолдану мерзімі таусылған қуаттағыш көздерін жинап жүр. Қарап тұрсақ, ұстаз қашан да ізденісте, жаңалықтың жаршысы болып жүреді екен. Бұл да бір қоғамымызға, қоршаған ортаға келтірген оқушыларымыздың бір кішкене болса да пайдасы және экологиялық тәрбие болсын дедім.
Міне, менің еңбек етіп жатқан ұжымымдағы әр ұстаздың осындай өзіндік жетістіктері мен жаңалықтары бар. Оған қосымша ата-аналар мен оқушылар белсене жұмылса, болашақта ел тізгінін ұстайтын жастардың білімді, ізденімпаз, жан-жақты дамыған болуы — қарапайым ұстаздың ерен еңбегінің ақталғаны.
Нугуметова Жанар Жуматаевна,
Алматы қаласы, №7 ЖББМ КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстазы