Түлектер көшет отырғызды

Қалыптасқан жылдағы дәстүр бойынша «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты «Саябақтар шеруі» акциясын биыл да ұйымдастырды. Желісін үзбеген игілікті іске Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіруші 12 сынып оқушылары белсене қатысып, мектеп ауласында түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. Жалпы аталған акцияның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа жасыл желекті орманымызды сақтап, қоршаған ортаның таза болуына атсалысуға шақыру. Зияткерлік мектепке дейін қаламыздағы медициналық университет пен электротехникалық колледж студенттерімен бірлесе ағаш көшеттерін отырғызған орманшылар біздің оқушылар үшін 20 түп шырша, 20 түп шетен (рябина), 15 түп қайың, 5 түп мамыргүл (сирень) ағаштарын алып келіпті. Резерватқа қарасты «Семей» бөлімшесі бастығының орынбасары Асылбек Байболатовтың сөзіне сүйенсек, бөлімше жоспар бойынша биыл 500 гектардан астам жерге 2 млн-нан аса көшеттер отырғызуы қажет екен. Ол үшін орманшылардан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, студенттер, оқушылар арнайы тартылған. Бұл шараға былтыр 6 жарым мың адам қатысса, табиғат жанашырлары биыл олардың қатары одан да арта түсеріне сенімді.
Мектебіміздің педагог – ұйымдастырушы-кураторы Ботагөз Салихова  136 оқушының түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қағатынын айта келіп, олардың алтын ұяларына естелік етіп егіп қалдырған ағаш көшеттері санаулы жылдардан соң ну орманға айналарына сенімді. Ал үлкен өмір алдындағы түлектер болса, Зияткерлік мектеп орналасқан экологиясы жақсы «Қарағайлы» ықшам ауданында бірнеше көпқабатты үйлер мен студенттер жатақханасы, сондай-ақ алып «Абай арена» спорт кешенінің құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқандығын айта келіп,  тұрмысқа қолайлы, тұрғындарға жайлы жасыл — желекті алқаптың көп болғаны дұрыс екенін тілге тиек етті.
Жалпы шәкірттеріміз қызығушылықпен қатысатын «Саябақтар шеруі» акциясы елімізде 1196 жылдан бастау алады. Жыл сайын түрлі бағдарламаларды қамтитын акцияның бергенінен берір мол екеніне дау жоқ. 

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.