Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, жылдар бойы ұстаз деген ұлағатты сөзді арқалап, өз қызметінің бағынан бақыт тапқан ұстаздардың бірі – Үмбетова Күлжанат Әбікеқызы.
Көк өрім кезден ұстаз болуды жанына жалау, асқақ арман еткен Күлжанат Әбікеқызы қазіргі таңда Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №108-жалпы білім беретін орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 1954 жылы Алматы облысы қаһарман батырлар мен ұлы бабалар туып өскен Жамбыл ауданы, Аққайнар ауылында дүние есігін ашқан. Мектепті тәмамдаған соң 1975 жылы Қазақ педагогика институтының (бұрынғы КазПИ – қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті) «физика мұғалімі» мамандығын игереді. Кейінірек осы оқу ордасында «қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алған. Ұстаздық жолын тәуекелге бел байлап В. Белинский атындағы №108-орыс мектебінде бастаған болатын. Ол кісі сол кездерде ең алғаш қазақ сыныбының ашылуына мұрындық болғанын әріптестері жарыса айтуда. Жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенгенінің арқасында қаншама қазақ балаларының біліммен сусындауына, өнер, ілім үйренуіне ат салысқан. Бір кездері көпшілік ұстаздар мектепті тастап, «ала дорба» арқалап, жер-жерлерді, ел-елдерді аралап саудамен айналысып кеткен ауыр кезеңдерде де сыр бермей, қанша мұғалім тапшы болып, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, математика пәндерінен бір өзі дәріс бергендігін бүгінде өзге бір сезіммен еске алады. Себебі, №108 жалпы білім беретін орта мектебі бүгінде қазақ мектебі болып түбегейлі қалыптасты. Осы мектептің кез келген жетістікке жетуіне, білімінің жетілуіне үлкен себепкер болып отырған ұстаз Күлжанат Әбікеқызының атқарған еңбегі, бағындырған асулары аз емес. Атап айтар болсақ білгір де білікті ұстаз — «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, «Алматы қаласы Білім басқармасының құрмет грамотасы», Жетісу аудандық оқу бөлімінің мақтау қағазымен және де бірқатар алғыс хаттармен марапатталған. 2015 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Алматы қаласы көлемінде №108 орта мектеп тұғырлы сегізінші орыннан көрінді. “..Бұл да біз үшін үлкен мәртебе, еңбегіміздің жемісі” — дейді Күлжанат Үмбетова.
Ұстаздық атты сара жолда мектептің гүлденуіне білек түре кірісіп, аянбай тер төккен ұстаз, мектеп жанына өз қолымен еккен гүлдерінің қаншалықты көрік беріп тұратындығын да айта кетті. Балаларға сабақ беруден ешқашан жалықпайтын мұғалім суретшілер, ән-би, таэквондо сынды үйірмелерге жастарды баулыған. Сонымен қатар, Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани Жаңғыру» жобасы аясында мектепте көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек етті. Ұстаз болып балаға ілім үйретіп жүрген Күлжанат Үмбетова ұстаздықтан шаршамайтындығын айтады. Қажырлы еңбектің арқасында бүгінде беделді ұстаз, сүйікті жар, 3 баланың аяулы анасы, 6 немеренің сүйікті әрі қамқоршы әжесі.
Гүлия Айтуғанова
Білім айнасы
Алматы қаласы