Home » Білім және тұлға » Мұғалім – мәртебелі мамандық

Мұғалім – мәртебелі мамандық

Жақсының жақсылығын айт…

Ұстаз болу – ұлағатты жолға қадам басу. Алдындағы шәкіртке білім беріп қана қоймай, бар білгенін бойына сіңіріп, болашаққа бағыт-бағдар сілтейтін бұл жолдағы жандар ғажап-ақ. Сондай замандастарымыздың бірі – Алматы қаласы, Жетісу ауданы, № 43-жалпы білім беретін мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Балауса Амантайқызы. Балауса Амантайқызы Алматы облысы, Еңбекші Қазақ ауданы, Асы-Саға ауылында дүниеге келді. 2003 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетін тәмәмдаған. Содан бері мұғалім болып еңбектеніп жүр.

Мамандығына деген құрметі мәрт мұғалім: «Менің мүғалім болуға құлшынысым ерекше еді. Көп адамдар ұстаздықтың қияметі көп, жалақысы төмен деп қалады. Алайда, мен бұлай ойламаймын. Мұғалімнің ісі – жақсылықтың жұмысы. Менің үлкен жетістігім – білім беріп жүрген оқушыларымның озат оқитындығы, алғырлығы мен ақылдылығында жатыр» — дейді. Жас маман болса да, сөзі нақты, өзі озық ойлайтын Балауса Амантайқызының жеткен жетістіктері бір төбе: 2012 жылы ҰБТ деңгейінің жоғарғы көрсеткіші үшін, Білім министрінің «Құрмет грамотасымен»; 2013 жылы Алматы қаласы әкімінің « Мадақтама қағазымен»; 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының «Құрмет грамотасымен»; 2014 жылы «Тіл – парасат» қазақ тілі білгірлерінің VIII-республикалық байқауында көрсеткен үздік жазбасы үшін; 2015 жылы «Музей түні» деп аталатын Ғ.Мүсірепов пен С.Мұқановтың шығармашылығын насихаттаудағы қажырлы еңбегі үшін марапатталды. Байқаған боларсыз, білім беруші Балауса Амантайқызы талантты, ал білімгерлері талапты. «Мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі Қазақ әдебиеті пәнін таңдайды. Бұл – мақтаныш. Себебі, нәтижесі абырой әкелмесе, ұятқа қалдырған емес» — деп қуанышты екенін көрсетті. Бала күнінен мұғалім болуды мақсат тұтты. Арманы орындалды. Енді тек шәкірттерінің шығармашылықта шымыр болуын тілейді. Әдеттегі мұғалімнің портреті қатал көрінеді. Бұл тақырыпта Балауса Амантайқызы өз ойын: «Қаталдықты керек кезде ғана қолданамын. Мұғалімнің мінезінде сезімталдық пен сүйіспеншілік болу керек. Себебі, ұстаз – ойын баласы болған әрбір жеткіншекті тұлға етіп қалыптастырушы» — деп ортаға салды.

Иә, жақсы мұғалім озық оқушыларды қалыптастырады. Тура жолды көрсетуші жандардың бойындағы мейірімділік ыждаһатты болуға ықпал етеді. Ықылас-ынтамен үйретілген ілім мен білім – әрқашан жұғымды, ұғымды. Рухы биік, жігері тасып тұрған ұстазды «кемел ұстаз» дейді.

Әу бастан «Ұстаз» боламын деген ниетті Балауса Амантайқызы дегеніне жетті. Оның жанын салып жүрген жұмысы – адал. Себебі, мұғалім – келбет, мектеп – қамал. Оны бағындыратындар білімді болуы керек. Бұл менің қолымдағы дерек. Мен жақсының жақсылығын жаздым. Оқып отырған сіз «Ұстаздың ұлы ісін» ұмытпаса екен деп.

                                                                                  Жадыра Бағашар

Білім айнасы

Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.