Ұстаз болу — ұлылық. Яғни, балалық шаққа қайта оралу, әр баламен балалықты бөлісу, әр баланың көзімен әлемді қайта тану.
Ұстаздық – мамандық емес, өмір салты, ол өз әлемінде өзінше өмір сүреді. Басқаша атауға болмайды, ұстаздың ойы үнемі мектепте.
Есімі үлкен әріппен жазылған, халқының қалаулысы болған, мейірімді, саф алтындай таза жүректі, ұстаздың ұстазы , дара, біртуар тұлға Аягүл Төреқызы туралы ой бөліскім келеді. Аягүл Төреқызы өзінің бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне, елінің тізгінін ұстар жас болашақ ұрпағына арнады. Өзінің махаббатын,қамқорлығын, бойындағы күш — қутын жас жеткіншегіне арнады. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дегендей, оқушыға ғана емес, содай-ақ, мұғалімдерге де ұстаз бола білді. Аягүл Төреқызы бойына, шын мәнінде, мұғалім болғысы келетін адамға тән қасиет: қаттылық, шексіз шыдамдылық, қатаңдық және жұмсақтық, сенім және бәріне үлгі бола білу сияқты жан-жақты қасиеттерді тұлғасына біріктіре алған. Ең бастысы-махаббат, өмірге деген құштарлық, ең алдымен балаларға деген махаббаты басым.
Ұстаз болу өте жауапты, себебі ол оқушылар үшін ойлау мен мінез-құлықтың үлгісі. Мұғалім міндетті түрде үйрететін пәнді жетік білуі керек. Әр бала сыныпта материалды түсінуі керек. Ал балалар әр түрлі, сондықтан мұғалім әрқайсысына мұқият болу керек. Аягүл апай барлығына деген көзқарасты тауып, оларды өз пәніне қызықтырып, оның оқушылар өміріндегі маңыздылығы мен пайдалылығын көрсете білді, әр оқушыға жеке тұлға ретінде құрметпен қарады. Мектеп мұғалімінен басталған өмір жолы биік белестерге жеткізді. Парасатты, жаңашыл, әділ басшы бола білу әркімге берілмеген сый. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.» — деген Елбасының сөзінің нақтылығын паш ете білді. Әр оқушы өз елінің тасы. Сол тасты жона білсең, сан-қырлы болып, алмаздай жарқырай түседі. Ұзақ еңбек жолында қаншама түлектер алдынан өтті. Солардың бойына рухани, ұлттық құндылықтарды сіңіруде Аягүл Төреқызы маңдай терін төкті. Адал еңбек пен төгілген тердің өтеуі — Тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан күнмен бірге бастаған, №159 мектептің тұңғыш директоры болып тағайындалып, 25 жыл үздіксіз басқарып келуі. Ширек ғасырлық басшылық өмірінде талай жетістіктерге жетті, абыройы асқақтай берді. Қины мен жемісі мол жылдар Аягүл Төреқызын елі құрметтеп, мақтаныш тұтқан, біртуар тұлғаға жеткізді. Оның айғағы — еліміздің ең жоғары наградасы — Қазақстанның Еңбек Ері атағын алуы. Тумысынан маңдай жұлдызы жарқырап туған Аягүл Төреқызын кеудесіне таққан жұлдызы одан әрі жарқыратып, азаматтық бейнесін нұрландыра түсті. Біз сізді мақтаныш, үлгі тұтамыз. Мерейтойыңыз құтты болсын! Абырой- даңқыңыз арта берсін! Жан- жағыңызға «адамдықтың дәнін» шашып, ұрпағыңызбен мың жасаңыз!
Тауасова Гулайым Боранбаевна
Жетісу ауданындағы №193 ЖББМ
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары