Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы – ұстаз. Бүгінгі таңда адамның қабілеті мен талғамына сәйкес мамандық таңдап алуға жол ашық.
Біздің таңдаған мамандығымыз тек өзімізге ғана емес, халқымыз бен елімізге де пайдасын тигізуі керек. Өмірдің мағынасы – бақытты болу. Ал бақытты болу үшін адам өзін қызықтыратын іспен айналысуы қажет деген ұстанымды арқалап, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде білім алып, жоғарғы білімді дене шынықтыру пәні маманы атанып қана қоймай, сапалы біліммен қаруланып, тағылымды тәрбиемен сусындап, өз өмірімді жас ұрпаққа бағалы білім мен саналы тәрбие ұрығын қатар себетін аяулы тұлға – аты алтын әріппен жазылатын ұстаздық жолға арнадым. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес,тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен озған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін-өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын. Мен ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым: баланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу. Сөйтіп, қолыма дипломымды алып, өзім білім алған мектебімде еңбек етіп бастадым. Өзімнің ұстаздарымнан, қатарлас әріптестерімнен құралған орта мені бірден жылы қабылдап, еңбекке тез үйренісе бастадым. Жас маман болып келгендіктен теория бар, бірақ практика аз. Әрине, іздену, талмай еңбек ету керек болды. Бұл арада маған бекітілген тәлімгеріммен, басқа да әріптестеріммен тәжірибе алмасу маңызды болды. Үнемі әріптестерім маған әдістемелік көмек беріп, қолдау көрсетіп отырады.
Мен жас маман ретінде мектеп ұжымынан әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңірудемін. Мен өзімнің ұстаздарыммен қатар еңбек етіп, баланың бойына ақыл-білім дәнін сеуіп, аялап, көңілін табуды, алаламай сүйе білуді үйрендім.
Ұстаздық қызметте, шәкірттермен қарым-қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мәдениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім жетті. Ұстаздың негізгі құралы – сабақ екен. Сабақ скрипка аспабы секілді: онымен жай гаммаларды ойнауға немесе Паганинише саусақ ұшын сымға жеңіл тигізіп, одан ғажайып үн шығаруға да болады. Әрбір сабағы ғажайып әуенге толы нағыз ұстаз болу – кімнің де болса арманы.
Әр сабағымда оқушы бойына қазақи асыл қасиеттерді дарытуға тырысамын. Дене шынықтыру пәні болғандықтан үнемі шымыр жүріп, салауатты өмір салтын берік ұстанса, өз елінің патриоттары болып өссе деген алдыма ұстаздық міндет қойдым. Мен алдымдағы тәрбие алушы ұландардың ертеңгі елдің болашағы, тірегі екендігін қашан да естен шығармаймын. Мен білім нәрімен сусындатқан, келешек тұтқасын ұстаушы балалар ертең ер жетіп, ел игілігі жолында адал қызмет етіп жатса, ол менің ұстаздық мақсатымның ақталғаны деп есептеймін.
Әр сабағыма қашан да ізденіспен қарап, шығармашылығымды шыңдап, кәсіби шеберлігімді дамытып отырамын. Әр сабағым ерекше, оқушы ойында қалатындай болса деймін. Білім берудің сапалы болуы үшін: біріншіден, ұстаздың жан-жақты академиялық білімінің болуы, екіншіден, мұғалімнің өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттері болуы шарт екен.
«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеді. Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Нағыз мұғалім, міне, осы. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп -өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез келген мемлекет ең алдымен білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісіне тиері анық.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Бүгінде жасампаз жас ұрпақтың бойында отансүйгіштіктің үлгілерін сіңіртіп, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени мұраларымыз негізінде тәрбие тәлімін ұсыну – біздердің, ұстаздардың парызы екенін ұғынып, жүрек қалауымен ұстаздық арнаға ойыстым. Әр шәкіртімнің рухани өсуіне жол ашып, адамгершілік қасиеттерді дамыту, дүниетанымын кеңейтіп, саналы өмірге араласу сезімдерін қалыптастыру, ең бастысы, өз елін, жерін сүйетін патриоттық рухта тәрбиелеуге тырысамын. Мамандықты жүрек қалауымен таңдадым, демек мамандығым мақтанышым.
Қуаныш Махсотұлы Орай,
Көздіғара негізгі мектебінің
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, БҚО