Home » Мақалалар » Ұстаздықтың артар жауапкершілігі мол

Ұстаздықтың артар жауапкершілігі мол

Тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақты да қарқынды дамуына бірінші үлес қосатын – ұстаздар.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», — деген болатын.

Қазір 50 елмен бәсекелестікке жарайтын қабілетті, білімі терең, іскер, шығармашылық белсенділігі жоғары, жан-жақты дамыған болашағы зор ұрпақ дайындап беретін де – ұстаздар қауымы.

Мұғалімдерге қойылып отырған талаптар мен міндеттер өте жоғары. Олар оқыту технологиясын шебер меңгеру үшін, оқыту әдістерінің барлық саласындағы (кешегісі мен бүгінгісін) өзгерісті жетік білулері қажет.

Ұстаздық шеберлікті игеру оңай емес, жоғарыда айтқандай, қазақ тілін оқыту әдістемесін жақсы игерумен бірге барлық білім салаларының жетістіктеріне сүйене отырып, ең тиімді деген әдіс-тәсілдер жүйесін шығармашылықпен қолдана отырып жұмыс істегенде ұстаздар мақсатына жетеді.

Білім реформасы көптеген адамдардың өмір сүру салтына өзгерістер әкеледі; ол сонымен қатар біраз уақыттан кейін біздің қоғам басқа адамдардан тұратынын білдіреді: ұрпақ ұрпақпен жалғасып, олар сол ізбен келетіндіктен емес, басқа білім, басқаша білімді, басқа бейнедегі адамдар келеді. Білім жүйесін өзгерте отырып, біз адамдар бейнесі мен қоғамның сипатын өзгертеміз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген XXI ғасырды құрушы, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» — деп жастарға қатысты ойын жолдауда анық көрсеткен болатын. Бұл дегеніміз, біздер – ұстаздар қауымы, ел болашағын жасайтын жастарды тәрбиелеп, бағыттайтын адамдар екенімізді айқындай түспек.

Елбасымыз жасампаз елдің жастарына қай уақытта да үлкен сеніммен қарап назарынан тыс қалдырған емес. Елбасы халқына арнаған Жолдауында жас ұрпаққа, өсіп келе жатқан жас ұландарға ерекше үміт артып: «Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер – тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер»6 — деп атап өтті.

Осы тұрғыда, ұстаз ең жеңіл, ең тиімді әдіспен баланы оқытудың жолын мәңгі іздеп келеді, әлі де іздей бермек. Оның жолы өзіне деген сенім, өзі оқытқан шәкіртіне сену, сенімсіз адам ұстаз бола алмайды. Осыдан келіп меніңше, балаға білім беру үшін төмендегі қағидаларды есте ұстау керек:

а)   мұғалім сабақта білім беру барысында оқулықтағыны ғана қайталап айта бермей, өз білгенін, өз ойын, өз пікірін, өз сезімін де айтқаны дұрыс;

ә)    ғылыми ұғымды, тарихи мәселелерді, қоғам заңдарын, табиғат заңдарына тұжырымдама жасамастан бұрын,  соған жетелеп әкелетін нақтылы деректерді тауып, оқушыны соған жетелей отырып, тұжырым жасау керек;

б)      бір сөз, бір пікір, бір ой, бір ұсыныс болса да оқушы пікірін жетекке алған ұстаз ғана өз мақсатын айқындай алады;

в)      шәкірт сабақта оқшау қалса, бар кемшілікті оған артпай мұғалімнің өз тарапынан іздегені жөн;

г)      нағыз ұстаз болу ғалым болудан он есе қиын.

«Барлық оқушы бірдей» деу мұғалімді де, оқушыны да адастыру, мұны дұрыс дей берсек, «Абай, Мұхтар, Нұрсұлтан боламын» деп өсетін, талпынатын жас ұландарды табу қиынға түседі. Әр оқушының өз ерекшелігі, өз артықшылығы, өз кемшілігі бар екенін ескеру қажет деп ойлаймын.

Ұстаз болу – жүректің батылдығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның ақылдығы,

— деген өлең жолдарының өзі ұстаздың құдіретті күшін паш еткендей. Сондықтан ұстаз өз мамандығының майталманы бола отырып, жан-жақты тұлғаны тәрбиелеуде құзіретті маман, әрі көшбасшы болуы тиіс. Олай болса жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанда өмір сүретін жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу, білікті маман даярлау аса күрделі де, жауапты жұмыс. Мұндай іске ұстаздардың психологиялық, педагогикалық, әдістемелік біліктілігі, жоғары адамгершілік қасиетімен бірге, кәсіби жетіктігі мемлекеттік білім стандартына сәйкес болу керек.

Қорыта айтқанда, қазіргі кездегі жаңа технологиялық жаңалықтар – ақпараттандыру, оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері, заман талабына сай оқу бағдарламалары – барлығы қазақ тілін меңгеу, заманауи талаптарға сай оқытудың маңызды құралдары. Сондықтан да тілді үйренушіге қазақ тілін игерудің әр түрлі деңгейін жүзеге асырып, тиімді әдіс-тәсілдер мен жаңа технологияның озық үлгілерін қамтитын бір-бірімен сабақтас, жүйелі оқу құралдарын ұсыну, сол арқылы қазақша тілдік қатынасты еркін игерту басты мақсат болмақ.

Г.М. Минап,
№39 ЖОББМ
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі,
Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.