Home » Білім және тұлға » Ел болашағы — сауатты ұрпақтың қолында

Ел болашағы — сауатты ұрпақтың қолында

Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес білім берудің жаңа жүйесіне көшу басталған болатын. Осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінде жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің біліктілігін арттырудың озық оқыту технологиялары мен әдістері бойынша білім берудің жаңа формасы енгізілген еді. Осы мақсатта «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университеті Білім беру факультетімен бірлесе отырып әзірлеген бағдарламалары бойынша Республикадағы жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері мен басшыларының біліктілігін арттырудың ауқымды курстары жүргізілді.

Бұл орайда әр өңірлердегі жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары Педагогикалық шеберлік орталығының Павлодар қаласындағы филиалы базасында да жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Осы орайда аталмыш Орталықтың Павлодар қаласындағы филиалының директоры Нұрлан Сағындықұлы Сарбасовпен сұхбаттасқан едік.

Нұрлан Сағындықұлы! Педагогикалық шеберлік орталығының Павлодар қаласындағы филиалы жұмысының аяқ алысы жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз? Осы аралықта педагог мамандар кәсіби біліктілігін арттырудағы жетістіктеріңіз қандай және қаншасы курстан өтті?

— Педагогикалық шеберлік орталығының Павлодар қаласындағы филиалы 2012 жылы 6 тамызда ашылып, өз жұмысын бастады. Осы уақытқа дейін біздің орталық Павлодар облысы бойынша мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырып келеді. Орталықта ашылған сәтте 3 адамнан қызмет етсе, қазіргі күні қызметкерлер саны 6 адамға кеңейіп отыр. Ұжым құрамында Айман Ибраева, Юлия Мельникова, Ирина Айдарханова және Бибігүл Нығметова сынды білікті тренер мамандар жұмыс атқарып келеді. Олардың негізгі қызметі – педагогтар мен мектеп басшыларының кәсіби дамуына, ондағы мәселелерді анықтауға және оларды бірлесіп шешу жолдарын іздеуге бағытталған оқыту жұмыстарын өткізу. Филиал тренерлері үнемі шығармашылық ізденіс пен даму үстінде: халықаралық конференциялар мен зерттеу жұмыстарына қатысып, ғылыми жұмыстармен айналысуда. Оқу үдерісінің тиімді болуы – оқытушылардың кәсіби деңгейіне тәуелді. Біздің филиалда бірегей білімдері мен дағдылары бар кәсіпкерлер командасы айрықша рөл атқарады.

Осы аралықта Педагогикалық шеберлік орталығының Павлодар қаласындағы филиалы базасында 3-деңгейлі бағдарлама бойынша – 250, 2-деңгейлі бағдарлама бойынша – 181, 1-деңгейлі бағдарлама бойынша – 448 мектеп мұғалімі курстан өтті. Сонымен қатар, соңғы 2 жылда жаңартылған білім мазмұны аясында: бастауыш сынып пен негізгі мектеп пәндері бойынша 1407 педагог, аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің 86 әдіскері, директорлар мен олардың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары – барлығы 1000 мектеп басшысы, 1062 мектеп тренері, критериалдық бағалауды енгізу бойынша 400 мектеп және аймақтық үйлестірушілері курстан білім алды.

Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша орталықта 1, 2, 5, 7- сыныптарға сабақ беретін 2016 жылы — 626, ал 2017 жылы — 788 облыс мұғалімдері кәсіби біліктіліктерін арттырды.

— 5 жыл аз уақыт емес. Яғни, облыстың педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша белгілі бір межеде қызмет атқарып, инновациялық білім беру орталығына айналып отырғандарыңыз белгілі. Осы тұрғыдағы филиал жұмысының басым бағыттары мен жетістік критерийлеріне тоқталып өтсеңіз?

— Орталық жұмысының негізгі басым бағыттарының деңгейлі және жаңғыртылған білім беру бағдарламалары мұғалімдердің, жаңартылған білім беру бағдарламалары бойынша пән мұғалімдерінің, мектеп басшылары мен олардың орынбасарларының біліктілігін арттыру, жоғары оқу орындары мен колледж оқытушыларына, мұғалімдерге курстан кейінгі әдістемелік қолдау көрсету болып табылады.

Жетістік критерийлері ретінде аймақтағы мұғалімдерді оқытудағы жоғары нәтижелерді, мұғалімдерге арналған жыл сайынғы өткізілетін – «Үздік сындарлы сабақ», «Менің үздік коучинг сабағым» атты кәсіби конкурстарды айтуға болады. Біздің ойымызша, ең басты нәтиже – Орталықтың бағдарламалары идеяларымен шабыттанып, өздерінің күнделікті оқыту тәжірибесінде қолданатын Павлодар облысы мұғалімдерінің кәсіби қоғамдастығының құрылуын айтар едім. Сондықтан, бүгінгі күнде орталық филиалында курстан өткен мұғалімдері қатарынан шәкірттер жинаған, ниеттес, мүдделес кәсіби тренерлер командасы құралып отыр. Олар өздерінің алған озық тәжірибелерін өз әріптестерімен, облыс көлемінде, тіпті, Республика көлеміне де тарата алады.

Осы ретте жақында ғана Астана қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығында өткен «Үздік тренерлер командасы-2017» республикалық сайысында біздің тренерлік команда 2-дәрежелі дипломмен марапатталды және «Көрермендер көзайымына» ие болды. Бұл да тренерлердің ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқан жоғары нәтижесі деп білеміз.

— Курстан өткен өңір мұғалімдеріңе қандай әдістемелік қолдау көрсеттіңіздер?

— 2012-2014 жылдары Орталық филиалында шетелдік тренер-кеңесші Алан Джеффри Вилльямс (Ұлыбритания) қызмет атқарып, аймақтағы мұғалімдермен өз тәжірибесімен бөлісті, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізді.

Филиал тренерлері мұғалімдерді курстан кейінгі қолдау мақсатында жыл сайын облыс бойынша семинарларға, коучингтерге, сабақтарға қатысып, кері байланыстар арқылы оқу үдерісі мен тәжірибені жақсартуға септігін тигізіп келеді. Сонымен қатар, пилоттық және жетекші мектептермен кәсіби байланыс орнатылып, бірлескен іс-шаралар өткізуде. Сондай-ақ, сәуір айында Педагогикалық шеберлік орталығының Павлодар қаласындағы филиалы мен Баянауыл аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатында деңгейлі курстардан өткен мұғалімдер арасында кәсіби қоғамдастықтың жұмысын жандандыру мақсатында «Білім берудегі өзгеріс – заман талабы» атты облыстық конференция өткізіп, гуманитарлық, жаратылыстану пәндері, бастауыш сынып секциялық бағыттары бойынша жұмыс және «Заманауи оқытудың жеті модулі» тақырыбына коучинг өткізілді.

Шараға Баянауыл, Шарбақты, Лебяжі аудандарымен қатар Павлодар, Екібастұз қалаларының жалпы орта білім беретін мектептерінен 65 мұғалім қатысты. Бірлескен талқылау барысында олар оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді қолдану бойынша тәжірибе бөлісті, жаңа технологияларды енгізудің ортақ мәселелері қарастырылып, оны шешудің жолдары анықталды. Облыстың түрлі аймақтарынан келген мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуы білім беру мен оқыту үдерісін жетілдіру үшін жаңа идеяларды жинақтауға мүмкіндік берді.

ПШО филиалының тренері А.Р. Ибраева өткізілген жұмыстың мазмұнын талданып, оң бағасын алды. Осы аталмыш іс-шараны өткізуге мұрындық болған Ш. Айманов атындағы мектеп-интернатының директоры С.С. Досмағанбетоваға, желілік қоғамдастықтың көшбасшысы Т.Қ. Ахатовқа жұмыстарының өзектілігі үшін мектеп-интернат ұжымына алғысымызды айтамыз.

2017 жылы 4 тамызда Педагогикалық шеберлік орталығының Павлодар қаласының филиалында «Білім мазмұнын жаңарту: мәселелері мен перспективалары» тақырыбында Павлодар облысының жалпы орта білім беретін мектептерінің 52 директорының қатысуымен облыстық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел модераторлары ретінде ПШО-ның Павлодар қ. филиалының директоры ретінде өзім қатыстым және филиал тренері Б.Нығметова арнайы жұмыстар жүргізді.

Іс-шараны өткізу мақсаты – Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында жаңа педагогикалық әдістерді қолданудың өзекті мәселелерін бірлесіп талқылау. Аталған іс-шара орта білім мазмұнын жаңарту сұрақтары, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары төңірегінде сөз қозғалып, диалогтік алаң форматында өтті.

Қыркүйекте Ақсу қ., Железин, Ертіс, Май, Успен, Шарбақты аудандарының мұғалімдеріне Педагогикалық шеберлік орталығының Павлодар қ. филиалының тренерлері И.И Айдарханова, А.Р. Ибраева, Б.Д. Нығметова Павлодар облысы Білім беру басқармасының Білім беру мен тәрбиені дамытудың инновациялық орталығы әдіскерлерімен бірлесіп, жаңартылған білім мазмұны шеңберінде сабақ беретін аудан мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетті. Аудан мектептерінің базасында оқыту семинарлары ұйымдастырылып, қазіргі жағдайда жұмыс істеу бойынша ұсынымдар берілді. Аталған іс-шараға ауданның бастауыш сынып мұғалімдері мен жаңартылған білім беру бағдарламалары бойынша 5 және 7-сыныптарда сабақ өткізетін пән мұғалімдері қатысты.

Білім мазмұнын жаңарту аясында елімізде 30 пилоттық мектепте жаңартылған бағдарламалар апробациядан өтті. Біздің облысымызға келетін болсақ, пилоттық мектептер екеу: Павлодар қаласындағы №39 орта мектеп және Баянауыл ауданының, №1 Майқайың орта мектебі. Аталған мектептердің мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында орталық филиалының тренерлері тәлімгер ретінде тағайындалды. Бекітілген жоспарға сәйкес ол мектептермен де жұмыстар ойдағыдай іске асырылуда.

Сонымен қатар, білім мазмұнын жаңарту аясында облыс мектептерінің мұғалімдеріне қолдау көрсету мақсатында 19 жетекші мектеп белгіленген болатын. Ол мектептер облыс орталығы мен аудан-қалаларда орналасқан. Курстан кейінгі әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары көбінесе осы жетекші мектептер арқылы жүзеге асырылады.

— Әр курстың соңында мұғалімдер біліктілік емтиханын тапсыра ма? Мұғалімдерді толғандыратын осы мәселе туралы не айтасыз?

—  Курс соңында мұғалімдер рефлексиялық есептер жазып, теориялық білімдерін тәжірибеде қалай қолданғаны туралы таныстырылым қорғап, портфолио тапсырады және бағалау формасы ретінде біліктілік емтиханын тапсырады. Жалпы алғанда емтихан нәтижелері бойынша біздің мұғалімдер үнемі жақсы нәтижеге қол жеткізіп, жетістіктерге жетуде. Дегенмен, кей кездері емтихан нәтижесінде тиісті балл ала алмау себебінен бағалаудан өтпей қалатын мұғалімдер де болады. Ондай әріптестерімізге жылына бір рет ақысыз емтиханды қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.

Сөз соңында алып-қосар тағы қандай ойыңыз бар?

— Ең бастысы – ұрпақ тәрбиесі. Тәуелсіз елімізге білімді жастар керек. Егеменді елдің болашағы – сауатты ұрпақтың қолында. Сондықтан, қазіргі жаңартылған бағдарламаның негізгі мақсаты да сол, оқушыларды өздігінен ойлауға, функционалды сауатты жас ұрпақты тәрбиелеуге негізделген. Курстан мұғалімдердің өтуі – оңтайлы тиімді үдеріс.

Ал, филиалдың болашағына көз жүгіртсек, оны қазақстандық жалпы орта білім беретін мектептермен, мектеп мұғалімдерімен біртұтас екенін көруге болады. Біз ынтымақтастықтың, кәсіби энергияның күшті әлеуетін одан ары дамытып, зияткерлік еңбектің жоғары деңгейіне жетуге тырысамыз, себебі, Педагогикалық шеберлік орталығы қызметінің бағыты нақты қажеттілік пен әлемдік білім беру стандарттарын ескере отырып, үнемі жаңартылып, білім беруді дамытудың басым бағыттарын анықтап отырады.

Бізде жоғары деңгейлі білікті мамандар мен технологиялар, және ең бастысы – әрбір қызметкердің жоғары деңгейлі ішкі ынтасы бар.

Қоршаған әлемнің қарқынды дамуы мен қазақстандық мектептердегі тың өзгерістері жағдайында біздің әріптестерімізге мықты денсаулық, толағай табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Ләззат Теміртасқызы,
Білім айнасы,
Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.