Home » Білім және тұлға » Бахыт Жұматай: Ұстаздардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасалуы тиіс

Бахыт Жұматай: Ұстаздардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасалуы тиіс

    Бахыт Жұматай, Қызылорда қаласы Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры:

     — Бахыт Әмірханұлы, әңгімені өзіңіз басқаратын білім ұясының өткені мен бүгінгі келбеті, болашақ бағдарына бағыттасақ…

— Қызылордада химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылғанына үш жылдың жүзі болды. Бүгінде мектебімізде 654 оқушы білім алады. Оларды жоғары санатты ұстаздар қазақстандық және әлемдік білім беру жүйелерімен оқытып жатыр. Жалпы, басты мақсат балаларды білімді етіп шығару ғана емес, сонымен қатар, адамгершілік құндылығы қалыптасқан, үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген, шығармашылыққа жақын, сыни ойлап, мәселелерді оңтайлы шеше алатын азаматтарды тәрбиелеу болып табылады. Өздеріңіз білесіздер, көптілді болу — заман талабы. Көштен қалмау үшін жалпыхалықтық тілдерде түсініп, сөйлеу деңгейінде болуымыз керек. Сондықтан мұғалімдер мен оқушылардың  ағылшын тілін білу деңгейін көтеруге күш салып жатырмыз.

— Биыл «KazRoboSport-2016» республикалық олимпиадасында оқушыларыңыз топ жарды. Бұдан басқа қандай жетістіктеріңіз бар?

— Иә, бұл олимпиадаға мектебіміздің оқушылары Нұрасыл Балғабай мен Садуақас Әділ қатысты, олар өздерінің футбол ойнайтын роботтарын көпшілік назарына ұсынған еді. Еліміздегі ең талантты балалардың байқауында шәкірттеріміздің дараланып, жеңімпаз атанғандары қуантты. Үш жылда 3 оқушымыз – халықаралық, 100-ге жуық оқушымыз — республикалық олимпиадалар мен білім байқауларында топ жарып, химия, биология, қазақстан тарихы пәндері мен роботехника, өнер бойынша жүлделі орындарды иемденді.

Зияткерлік мектептердің басты міндеті бәсекеге қабілетті түлектерді даярлау екенін атап өткен жөн. Осы орайда, мектебімізде 2 жылда түлеп ұшқан 250 түлек те айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. 8 оқушымыз  «Алтын белгі», 4-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Назарбаев Университетіне түскен түлектер саны-22, шетелдік оқу орындарына (Оңтүстік Корея -3, Қытай — 2, Ресей — 4, Түркия — 2, Венгрия — 2) түскен түлектер саны 13 құрады. Мемлекеттік грант негізінде білім алушылар 222-ге жетті.

Орайы келгенде айта кетейін, мектеп басқарудағы қажырлы еңбегі мен жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін мектептің 7 педагог қызметкері ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Грамоталары және Алғыс хатымен марапатталса, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жадыра Ажибаева Республиканың «Үздік педагогы — 2016» аталымына лайық деп танылды.

Биылғы жылдың жаңалығы мектебіміз СIS халықаралық мектептер қауымдастығының мүшелігіне енудің алғашқы қадамын жасады. Мектебіміз қазіргі таңда келесі жылдың қазан айында өтетін халықаралық аккредитацияға қызу дайындалуда. CIS қауымдастығына кіру – мектептің үнемі өзін-өзі кемелдендірумен қатар, дамудың келешектегі зор мүмкіншіліктеріне жол ашады.

Зияткерлік мектептер кіріктірілген білім беру бағдарламасын қолданады. Әдеттегі мектептердегідей емес, бағалау жүйесі де басқа. Мұның тиімділігі қандай? Сонымен бірге, жаңа реформаға байланысты мектепте өзгерістер болатын шығар?

Расында, зияткер оқушылар критериалды бағалау моделі арқылы бағаланады. Бұл оқушының дамуын, оның қызығушылығын және оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталған. Арнайы берілген бағалау критерийлерінің көмегімен мұғалім де, оқушы да: «оқушы оқытудың қай сатысында, олар білім алуда неге талпынады, бұған жетуге көмектесу үшін не істеу керек» деген сауалдарға жауап алады. Айта кету керек, мектепті бітіруші түлектер Жоғары мектепті бітіргені туралы аттестат, Кембридж халықаралық емтихан кеңесінің сертификаты,  сондай-ақ ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын IELTS емтиханының сертификаты беріледі. Бітірушілердің тілегі бойынша әлемдік жоғарғы оқу орындарға түсуге мүмкіндік беретін  SAT I, SAT II т.б. емтихандарын тапсыра алады.

Бүгінде жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес, жалпы білім беретін мектептерде Зияткерлік мектептердің тәжірибесі ендірілуде. Қызылорда облысының әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ арасында екі жақты меморандумға қол қойылып, өзіндік әдістемелік қоры жинақталған Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептебіндегі тәрбие жұмыстарының бағыттары мен іс-тәжірибесі аймағымыздағы 2 пилоттық және 22 инновациялық мектептерге үлкен қарқынмен таратылуда.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жоспарына сәйкес, ай сайын білім беру ортасының трасформациясы негізінде білім беретін  720 мектеп мұғалімі мен кітапхана қызметкерлеріне арнап 85-тен астам семинар-тренингтер, ашық сабақтар, коучинг өткізіліп, жалпы білім беретін мектеп қызметкерлері жаңа пәндік бағдарламалардың ерекшеліктерімен танысу арқылы өз біліктіліктерін арттырды. Сондай-ақ, мектеп қызметкерлері тарапынан 6 әдістемелік нұсқаулық, оқушыларға арналған 2  оқу құралы шығарылып, халықаралық конференцияға қатысқан  17 баяндама арнайы жинаққа енді.

— НЗМ-і еліміздегі алдыңғы қатарлы мектептер қатарында. Жалпы, мектептің техникалық-базасы әлемдік стандарттарға сай жабдықталған болар?

— Әрине. Жалпы, кез-келген мектепте оқушылардың сапалы білім алуына, қызметкерлердің үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасалуы тиіс. Сонда ғана нәтиже болады.

Керемет сәулетімен ерекшеленетін мектебіміз  720 орынға есептелген, соның ішінде  жатақханадағы орын саны — 120. Мектеп ғимараты оқу, жатақхана және спорт блоктарынан тұрады. Оқу блогында заман талабына сай оқу құралдары мен қажетті құрылғылармен жабдықталған 63 кабинет бар. Барлығы қажетті ақпараттық технологиямен қамтамасыз етілген. Спорттық корпуста үлкен, кіші және тренажёрлық залдар қарастырылған. Сонымен бірге, жалпымектептік бөлмелерде кабинеттер мен лабораториялар, медициналық блок, 360 орындық асхана, 360 адамға лайықталған мәжіліс залы оқушылар мен ұстаздар игілігі үшін қызмет етеді. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен мектепте аймақтық экономика кабинеті ашылған, мұнда білім алушылар облыс экономикасын дамытуға арналған жобалармен айналысуына мүмкіндігі бар. Жергілікті жердің флорасы мен фаунасының экологиялық ахуалын игеру үшін мектепте экология кабинеті жасақталған, кабинетте Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері құрастырған оқу материалдары жинақталған.

Мектеп тек қана білім алу үшін ғана емес, сонымен қатар оқу үдерісін де басқаруға қабілетті соңғы үлгідегі жаңа компьютерлік жүйелермен, мультимедиялық кабинеттермен, жоғарғы өндірісті электронды есептегіш машиналармен, интерактивті электронды тақталармен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен, инновациялық бағдарламалық құралдармен жабдықталған.

— Мектептің қоғамдық жұмыстарға атсалысу қарқыны қандай?

Біздің ұжымының ерекше бір ұстанымы – жабырқағанның жанынан табылу. Мектеп ашылғаннан бері зияткер оқушылар ұстаздарымен бірге 14 мүмкіндігі шектеулі жандарды өз қамқорлықтарына алып, қолдан келгенше демеу болып келеді. Үйден оқытылатын балалардың үйлеріне барып, психологиялық көмек береді.  Олардың қызығушылықтарын байқап, мектепішілік шараларға қатысуға шақырып тұрады. Сондай-ақ, мектеп жанынан ашылған қолөнер үйірмелеріне қатыса отырып, өз қолдарымен түрлі бұйымдар әзірлеп, арнайы көрмеге қойып, көпке ұсынады. Онан түскен қаржыны түрлі дертке шалдыққан жарымжан жандарға тарту етеді.

Ай сайын оқушылар халық көп шоғырланатын орталықтарда түрлі акциялар өткізіп, тұрғындарға арнап химиялық препараттардың сиқырын ашатын тәжірибелер алаңын ұйымдастырып, халықты скринигтік тексерулерден өткізіп тұрады.  Мақсат қоғам арасында химия және биология  ғылымдарына деген қызығушылықты арттыру. Осы жылы ауылдық мектептердің 5 оқушысына ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды, оған қажетті қаражатты арнайы ұйымдастырылған тәтті тағамдар жәрмеңкесі барысында жиналды. Сонымен бірге, жыл сайын мектеп ұжымы Bookcrossing акциясын ұйымдастырып, ауылдық мектеп кітапханаларына өздері оқыған 500-ге жуық кітаптарды сыйға тартады.

Зияткерлік мектептердегі тәрбие жүйесі шығармашыл, әлеуметтік белсенді, мәдениеті және азаматтық жауапкершілігі жоғары, жан-жақты, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыруға бағытталған. Мектебіміздегі тәрбие жұмысы төмендегі әдістер арқылы ұйымдастырылады: «Ата-ана жұмысында 10 күн», «2 апта ауылда» әлеуметтік жобалар мен практикалар; «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы; «100 кітап», «Bookcrossing», «Қазақтың 100 әні», «TEDx»жобалары; драмалық және театр көрсетілімдері; интеллектуалды және іскер ойындар; желілік іс-шаралар. Сонымен бірге, мектепте әрбір оқушының жан-жақты дамуына бағытталған түрлі 18 элективті курс пен 23 үйірме жұмыс істейді.

Ал оқушылардың кәсіби даму (CareerAdvising) мақсатында Зияткерлік мектептер: кәсіпорындар, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелермен ынтымақтаса жұмыс жасайды; әртүрлі кәсіптердің өкілдерімен және Зияткерлік мектептердің түлектерімен кездесулер өткізеді; елдің және әлемнің университеттері туралы ақпарат алады, білім беру көрмелеріне қатысады. Осылайша, бүгінгі таңда Зияткерлік мектептердің тәрбие жүйесінің тұғырнамасы құрылды, ол анық көшбасшыны, тәуелсіз оқушыны, азаматтық ұстанымы белсенді, өз елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға дайын сенімді жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

— Сұхбатыңызға рахмет. Шәкірттеріңіз биіктен көріне берсін!

Әңгімелескен Н.ЕРБОЛАТ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.