«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, мақсатым – алдымдағы шәкірттеріме алдымен үлгілі тәрбие бере отырып, заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету.
Осы мақсатқа жету үшін көкейімде бірнеше сұрақтар туындайды. Мектепалды даярлық тобына алғаш келген бүлдіршінмен тәрбие жұмысын қалай ұйымдастыруға болады? Кешегі бүлдіршін – бүгінгі болашақ оқушы, ертеңгі ел азаматы. Алдымен, Тәуелсіз елде туған ұландар бақытты. Тәуелсіздігіміздің болашақта гүлденуі, баянды болуы біздің алдымызда отырған шәкірттерімізге тиесілі. Осы орайда мен тәрізді тәрбиешілер қауымына зор міндет жүктеліп отыр. Соның ішінде ең маңыздысы – ұрпақ тәрбиесі. Ал, сол ұрпақты саналы азамат, ұлт болашағының түп қазығы ретінде тәрбиелеу – біздің еншімізде.
Әрине, тәрбиенің алғашқы бастамасын бала жанұяда алады. Бүлдіршін алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Ұлттық педагогикада «Тәрбие отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған. Баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «баланы жастан» деп мәтелдеген. Иә, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал сол дәстүр отбасында басталып, мектепте берілетін тәрбиемен қалай ұштасады? Енді соған дәлелімді келтіре кетейін. Иә, алтын бесік – отбасы болса, алтын ұя – мектеп. Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі. Өйткені отбасы адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақылы мен білімі толысқан, жан-жақты жетілген, өз бетімен өмір сүруге бейім, толыққанды адам етіп тәрбиелеп шығарады. Бұл екі ортаның да мақсат-мүддесі ортақ, міндеті – біреу. Демек, осындай қасиетті жерде жұмыс істеудің өзі маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Менің мектеп өмірінде жүргеніме де біраз жылдың жүзі болып қалыпты. Осы уақытта көзім жеткені педагогикалық іс – өте нәзік, қасиетті іс екен.
Ол тәрбиешіден өте сезімталдықты, балаға деген шексіз сүйіспеншілікті талап етеді. Тұңғыш ағартушы педагог Ы. Алтынсарин «Күнәнің ең үлкені – бала жанының нәзік пернелерін дұрыс сезе алмайтындарда» деп, бала тәрбиесіндегі басты тұлға ұстаздарды өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырған емес пе еді? Балаға тән азығы – тамақ қандай қажет болса, жан азығы – жылулық, сүйіспеншілік сондай қажет. Осындай сүйіспеншілік өз басымнан табылғанына қуаныштымын.
Әр кәсіптің өз жемісі бар. Менің жемісім – алдымыздағы шәкірттер. Олар-менің тәрбиешілік өмірімнің гүлі, мәні мен сәні десем, артық айтқаным емес. Біріншіден, мейірбан адам ретінде, балаларды қаз-қалпында сүйе алдым, шолжаңды да, тіл алғышты да, ақылдыны да, жалқауды да бірдей жақсы көрдім. Бойымдағы жан-шуағымды балаларға алаламай тең үлестіре білдім. Екіншіден, баланы түсіне білдім. Балаларды түсіну дегеніміз – оларға өктемдік көрсетпей, олардың бүгінгі тіршілігін тірек ете отырып, ертеңгі тіршілігінің өркенін жаю деген сөз. Баланың көңіл құбылысын, жүрек тебіренісін, оның сезімі мен талпынысын түсіне отырып, педагог баянды тәрбиеге қол жеткізе алады.
Үшіншіден, біз ұлт болашағын, еліміздің келешегі – жас ұрпақты тәрбиелеп отырғанымызды әсте ұмытпаймын. Тәрбиеші – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Осы орайда сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуді мерейлі мақсатым деп түсіндім. Мен алғашқы жұмысымды ата-аналардың өмірге көзқарасын өзгертуден бастадым. Биылғы жылы республикалық «Өз балаңа үлгі бол» атты жиналыс менің өз сыныбымда жалғасын тапты. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі демекші, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?
Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар. Осыны ажырату мақсатында ата-аналар арасында дәстүрлі жиналысты өзгертіп, тренинг өткіздім. Сол арқылы ата — аналар арасында жақсы-жаман қасиеттерді тізіп, өз баласына үлгі болуға шақырдым. Дереу, ата-аналар үстел басында бала тәрбиелеудегі өз ойларын ортаға сала бастады. Осы орайда: «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген.
«Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында» деген жолдарды басшылыққа алдым. Яғни, балаларын өздерінің ғана емес, «халықтың баласы» болуға лайықты тәрбиелеуге шақырдым. Жас ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы, ел ертеңі. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болады» — деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, мемлекетіміз де ұрпақ тәрбиесіне барынша назар аударып келеді. Себебі бала – еліміздің ертеңі, тірегі мен тілегі. Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ажары мен базары. Олай болса, шәкірттерімізді елімізді, жерімізді, тілімізді бүкіл әлемге паш етсін десек, жаңа заманға лайық етіп тәрбиелеу отбасыдан соң біздің мерейлі мақсатымыз болып саналады. Иә, біз тәрбиелеген ұрпақ тәрбиелі де тәртіпті, ақылды да өнегелі, рухани адамгершілігі мол Қазақстанның беделді азаматы болуы шарт. Өйткені, бүгінгі шәкірттеріміз – ел мұраты, ұлт мерейі. Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді шәкірттеріміздің бойына қалыптастыруда оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз.
Осы тұрғыда ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты болып отыр. Өз тәжірибемде «Туған жер ыстық, қашанда» атты ертегі арқылы шәкірттерімнің өз туған жерінен артық мекен жоқ екендігін дәріптедім. Шәкірттерім жайлы мекен іздеген әр кейіпкерді сомдай отырып, әркімнің өз туған жері ыстық екеніне көз жеткізді.
Мектептегі сыныптан тыс іс-шараларға да белсене ат салысып, ұлттық ойындар ойнатуға да бар күшімді салып отырамын. Осы орайда «Асық ату», «Ханталапай» ойындары арқылы ұлттық мұраларымызды насихаттасам, халық ауыз әдебиеті арқылы елін, жерін сүюге тәрбиелеймін.
Қай кезеңде болмасын, алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал, шәкірттерімізді жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік, білім танымдық рөлі зор. Біздің халқымыз – рухани зор байлықтың мұрагері. Ендеше, осы дәстүрімізді бүлдіршіндердің бойына қалай сіңіруіміз қажет? Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда, оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланыстырып отырмыз.
Менің әрбір тәрбие сағатын өткізудегі мақсатым: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс». Осы мақсатта өмірде кездесіп жатқан ерлік істерді баяндап отырамын. Қорытындылай келе айтарым, «Дәстүрге арқа сүйемегеннің көсегесі көгермейді» — деген атамыз. Яғни, отбасы, көпшілік, қоғам болып тәрбиелеу қазақ халқының өмірінен өзекті орын алса деймін. Болашақ жастарға тәлім-тәрбие беруде Отанымыз отбасы мен мектепке үлкен борыш артады.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы десек, бүлдіршін мектепалды даярлық сыныбынан бастап өз ойын ашық айтуға үйренеді. Міне, осы сәтте ұлттық дәстүрімізбен тәрбиелеу – менің парызым. Егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын ата-бабаларымыздың салт дәстүрімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу — қазіргі күннің ең өзекті мәселенің бірі болып есептелінеді. Егер бүгін бүлдіршіндер өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс жасағанда ғана бала бойына ізгі қасиеттерді толығынан сіңіруге болады. Олай болса, ұлт болашағын тәрбиелеуде еш қателеспей, өз үлесімізді қоса берейік дегім келеді.
Камбарова Акмарал Сламбековна
«№19 орта мектебі» КММ
мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі
Рудный қаласы