Home » Білім және тұлға » Білім алаңындағы білікті маман

Білім алаңындағы білікті маман

Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл өңірінің тумасы Қасымқанов Нұрбек Мамырқанұлы бүгінгі таңда Астана қаласы, Ильинка кентіндегі №69 мектеп-гимназиясында математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып жүр. Сонау 1974-1978 жылдары Өскемен қаласында педагогикалық институтында оқып жүрген студент шағынан өз алдына үлкен мақсат, жоғары талап қоя білген ұстаз ортасында сыйлы, оқушыларына өнеге әрі өз ісінің білікті маманы.

«Мектепте оқып жүргеннен математика пәнін сүйіп оқыдым. Ата-анам қарапайым шаруа аламдары болғандықтан менен үлкен үміт күтіп, өлмейтін әрі өшпейтін мамандықты таңдауыма себепкер болып, бағыт-бағдар көрсетті десем де болады. Ойланбастан осы саланың тұғырына жетемін деген алдыма мақсат қойдым», — дейді Нұрбек Мамырқанұлы. Жол мұраты жету дегендей алдыға қойған дара жолдан айнымай осы күнде ата-ана мен бала күнгі арманды бағындырып келеді.

1986 жылы Құрмет орденімен және Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен марапатталған кейіпкеріміз арман қала Астанаға баруды да көздеп жүреді.  «Астана қаласына 2005 жылы келдім. Сол жылдан бері, шүкір, жоспар орындалып жатыр. Білім департаментінен де мақтау қағаздарын алдым. Мен үшін бастысы бұл емес, бастысы менің оқушыларымның биіктен көрінуі. Олар да қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, қуантып жатады», — деп өз қуанышымен бөліскен ұстаз, әлі де болса оқушыларының талай асуды бағындыратындарына сенімді.

Өз мамандығына аса бір ыждаһаттылықпен қарайтын Нұрбек Мамырқанұлы бұл саланың қиыншылығынан қызығы көп екендігін айтып өтті. «Әр баланың психологиясын, мінезін, қабілетін білу, оған дағдылану бастапқыда біраз қиындықтар туғызуы мүмкін. Бірақ сол балалармен тіл табысып, біраз жұмыс жасағаннан кейін әр сабағымыз қызыққа толы, езуге күлкі үйіретін жағдайлармен жаңағы қиыншылықтарды ұмыттырып жібереді»,- дейді ұстаз.

 

 

 

 

 

Білгеннен білмегенім көп деп, көпті көрсе де ізденіс пен талпыныста жүретін Нұрбек Қасымқанов қазіргі жас мамандарға былай деп кеңес берді: «Ең бірінші айтарым пәнді теориялық жете білу керек. Кез-келген есепті кез-келген уақытта шешіп кету керек және сол білетінін көрсетіп, түсіндіре алуы қажет. Әдіс-тәсілді жете меңгеруі керек, оның ішіне жаңағы балалармен жұмыс, түсіндіру, есепті мүдірмей шешу, жолдарын білу, осылардың барлығы кіреді. Бес баламның екіншісі Қасымқанова Райгүл Нұрбекқызы да менің ізімді жалғап қазіргі таңда физика пәні бойынша Еуразия ұлттық университетінде профессор, PhD доктор болып жүр. Оған да айтқаным, айтатыным осы кеңес».

«Барлық әріптестерімді, ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтаймын. Өздеріне де, алдарында отырған шәкірттеріне де толағай табыс тілеймін. Мемлекетіміздің мұғалімдерге деген көзқарасы бұдан да жақсара түсіп, қоғам алдында ұстаздарымыздың мәртебесі әрі олардың  айлықтары жоғарлай берсін», — деп жылы лебізімен бөліскен Қасымқанов Нұрбек Мамырқанұлы «Білім айнасы» республикалық газетінің ұжымына алғысын айтты. Ендеше біздің ұжым сіздерді де атаулы мерекемен құттықтап, таяқты тай деп, тайды тұлпар деп білім бәйгесінде талмай шауып жүрген ұстаздар қауымына еңбектеріңіз жана берсін дейді!

 

Лаура Көкше

«Білім айнасы»

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.