Home » Мақалалар » Ұрпақ тәрбиесі – бесіктен басталады

Ұрпақ тәрбиесі – бесіктен басталады

                                             Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата,

                                                жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.

                                                                                                                           Абай

Қазақ халқы қашан да ұрпақ тәрибесіне жіті көңіл бөлген. Кешегі Абайдай дана, Шәкәрімдей ғұлама, Шоқандай шоқтығы биіктер атаның ақылымен, ананың ақ сүтімен бойларына дарыған қасиетпен халық даналары болды.

Қазіргі нарық заманында бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген мәнді де, мағыналы нақыл қалдырды. Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. Ежелгі грек философы Платон «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле»,-деген. Бұрынғы ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, мәдениеті төмен болған дейміз. Десек те, ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды көреген, тәжірибелі десек қателеспейміз. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы.

Уақытша күйбең тіршілікте баланы ешкімнен кем қылмай өсіруді тәрбиемен шатастырып жатамыз. Ал ертең сол олқылықтың орнын толтыру мүмкін болмайды. Қазіргі уақытта ата-ананың бос уақытының болмауы, білім мекемелерінің тәрбие істерімен салғырт айналысуы, интернеттің шектен тыс қол жетімділігі жастардың өз бағдарын, тәрбие алуына түрткі болып отыр. Отбасыдан, жақындарынан жылылық сезінбеген балалар, өздерін сыртта қалыптастыруға тырысады, басқа жерден жылылық іздейді. Сол себепті ағымдардың құрығына, қылмыстық топтардың қатарына, қылмысқа ілініп жатады. Ғабиден Мұстафин ағамыз: «Балаңды дүниеге әкелген екенсің, оны баули да біл!» демей ме?! Баланы өмірге толық отбасында әкеліп, оның толық отбасында әке-шешенің тәлім-тәрбиесі мен мейіріміне бөленуінен артық бақыт та, тәрбие де жоқ.

Саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Еліміздің болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің иісін сіңіруміз қажет. Өткен ғасырдың ұлы тұлғасы А.Байтұрсынұлы «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса елдің болашағы зор болмақ.

Еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз.

 

                                    Оңтүстік Қазақстан  облысы  Кентау қаласының

                                    әл-Фараби  атындағы  №14 мектеп-гимназиясының директорының

                         тәрбие  ісі  жөніндегі орынбасары  Аркарбекова  Жанат Ергешовна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.