Home » Жаңалықтар » Ұмытылмас сәттер

Ұмытылмас сәттер

  Адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмытылмас сәттер болып мектепте өткізген уақыт қалатын шығар. Мектеп-білім айдынындағы үлкен кеме. Осы кемеде он бір жыл уақытты әр бала өткізеді. Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, он бір жыл бойы білім алып, таудай болып шығамыз. Алғашқыда мектепке келіп әрбір әріпті, әрбір санды жазып үйрену қалай қиынға соққан еді? Уақыт өте бәрі өзгерді. Жазуды да, оқуды білмейтін кішкентай балалар бүгін міне, мектеп бітіру туралы атестатты қолдарына ұстап, үлкен өмірге жолдама алды. «Қашан ғана осы мектепті бітіремін» деп ойлайтын кездер көп болып еді. Қазір сол мектепті бітіріп шыққаныма өзім сене алмаймын. Көзді ашып-жұмғанша уақыт тез өтті де кетті.

Мектеп қабырғасында өткен қайран уақытты бағаламаппыз. Мектеп қабырғасында өткізген әрбір күн, әрбір қырық бес минут балалық шағымның балғын уақыты болып қала бермек.

Мектеп… Бұл сөзде қаншама мағына жатыр десеңші! Ойын қуып жүріп, он бір жылдың қалай өткенін білмей де қалыппын. Артқа қарап, өткенді есіме алсам, балалық шағымның балдай тәтті кездерін көремін.

Мен 1988жылы Баянауыл №3 мектепке 1сыныптың табалдырығын аттап едім, бастауыш сыныпты орысша аяқтап, 5-ші сыныпта қара шаңырақ Ш.Айманов атындағы мектебіне ауысып келдім. Сынып жетекшім: Төлегенова Раушан Шайхиевна болды. Раушан апай отбасы жағдайымен көшіп кетуіне байланысты, бізді 9 сыныпта Тайшабар Шаймардан ағай сынып жетекшілігіне алды. Әлі есімде сол кезде сабақ берген ұстаздар. Тарих пәнінен өте қатал да, талап ететін өз жұмысын жақсы көретін марқұм Әбішева Бақытгүл Атажанқызы. Физика пәнінен зейнеткер ұстаз Адамбекова Рымтай Каппаровна, орыс тілі мен әдебиет пәнінен әлі де жұмыс жасап жүрген Сакипова Несібелі Кумыскалиевна. Ағылшын тілінен Кашкеева Шолпан Жасланқызы. Торғай Қайыржанқызы химия пәнінен олимпиадаға қатыстырып, аудандық пәндер олимпиадасынан ІІ орын алған едім. Сол жылдары жас маман боп келген Ахатов Таңат Қуанұлы әдебиет және қазақ тілі пән мұғалімі. Сол сияқты дене шынықтыру, музыка мұғалімдері де әрдайым есімізде қалары сөзсіз.

Достарыммен болашаққа жоспар құрып жүрген кезде соңғы қоңырау да соғылды. Не қуанарыңды, не жыларыңды білмейсің… Жүрегіңде бір қорқыныш сезімі бар сияқты. Өзіңе өзің мыңдаған сұрақтар қоясың. Ал, міне, мектепті бітірдім, енді қайда барамын, қандай мамандық иесі боламын? Болашағым қандай болады? Осы және де басқа сұрақтар мазалап еді. Ал, қазір мен бұл сұрақтарға сенімді түрде жауап бере аламын.

1999 жылы 25 мамырда сыныпты 22 оқушы аяқтадық. Сыныптағы оқушылар тату, ұйымшыл болып едік. Қазіргі таңда әр оқушы бір маман иесі болып отыр.

Мектеп қабырғасында өткен қайран уақытты бағаламаппыз. Мектеп қабырғасында өткізген әрбір күн, әрбір қырық бес минут балалық шағымның балғын уақыты болып қала бермек…

2002 жылы менде  жас маман болып осы Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектебіне жұмысқа орналастым. Алғашқы 4 жыл бойы аға тәлімгер қызметін атқардым. Мен өз мектебіме оралғаныма қатты қуандым.

Өзімнің ұстаздарым сияқты менде кішкентай балаларға сабақ бере бастадым. Алдымнан бірнеше шәкірт ұшты.Қазіргі таңда осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет жасаудамын, әлі де талай шәкіртке білім нәрін сусындатарыма сенімдімін.

Оралбаева Айнұр Айтбайқызы,
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы
Ш. Айманов атындағы жалпы орта
білім беру мектеп-интернатының
бастауыш сынып мұғалімі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.