Былтырғы жылы, яғни қарашаның 21 күні еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Жазба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екендігі аян. Мақала «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімдерден тұрады. Н.Ә.Назарбаев ұлттық болмысымызды сақтап, тарихи сананы жаңғырту аясында кеңінен тоқталған. Әсіресе жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату қажеттігі туралы жазылған. Осы орайда айтарым, біздер, яки бастауыш сынып мұғалімдері Елбасының осы мақаласын бетке ұстап, жас буынның тәрбиесі мен біліміне ерекше назар аударып, ұлттық бағытта бағдар сілтесек құптарлық іс болмақ. Мәселен, ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды керек ететін ұрпағымыздың талғамына ерекше назар аударуымыз жөн. Мақалада мемлекетіміздің тұңғыш Президенті біздің билеріміз бен батырларымыз бүкіл әлемге үлгі боларлықтай тұлғалар екендігін тілге тиек етіпті. Сонымен қатар ол:
-Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек артық айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін қолданып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді – дейді.
Қорытындылай келе, балаларымыздың ақыл-ойына атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны туралы тарихи деректерді сіңіріп, ұлттық идеология бағытында тәрбие мен білім берсек ұтылмайтынымыз ақиқат. Балаларымыз аман, болашағымыз жарқын болсын, ағайын!
Н.С.Найманбаева,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
№56 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі