Home » Білім және өнер » Ұлылар ұлықтаған мәңгілік ел

Ұлылар ұлықтаған мәңгілік ел

24-қарашада Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери институтында Қазақстан Республикасы тұңғыш президент күніне орай «Ұлылар ұлықтаған Мәңгілік ел» тақырыбында тұңғыш рет Петропавл гарнизоны әскери бөлімдерінің арасында ақындар айтысы өтті.

Батыр, қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деп, ерлігі мен жүректілігі жарасқан 11 ақын айтыс сахнасының төрінен табылды.

Айтысқа алғаш шығып тұрған курсанттарға ҚР Ұлттық ұланы бас басқармасының тілдер саясаты және ақпарат бөлімінің басшысы подполковник Әбдірәсіл Әлішер Нүрідінұлы сәттілік тілеп, шалқар шабыт сыйлады.

«Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі», — дейді Б. Момышұлы. Бұл айтыс – әскерилер үшін тек елін, жерін құрметтеумен қатар ұлтжандылықты үйрететін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, салт-дәстүрін құрметтеу, өткеннің елесімен емес, Мәңгілік елдің тарихын сараптауға жол ашатын үлкен құбылыс, — дейді ұйымдастырушылар.

Аталмыш айтыстың қазылар алқасының төрағасы қалалық қазақ тілі қоғамының төрағасы, сал-сері Баймұқанов Дәстен Абылайұлы болды. Сонымен қатар, облысқа танымал азаматтар әділ төрелік жасады.

Теріскей жұртында әскерилер арасында ұйымдастырылған айтыс көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады. Мұндай құбылыс бұрын соңды болмағанын және алғаш рет тәжірибе ретінде ұйымдастырғандарын тілге тиек етті, ҚР Ұлттық ұлан Әскери институтының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің (мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі) аға офицері Жексенай Медет Дәулетханұлы.

Бірінші орынды 3766 әскери бөлімінің сержанты Серік Мақсат қанжығасына байласа, ІІ орынды Рахимов Жұмабек және институттың ІІ курс курсанты Жақсыбай Саян өзара бөлісті.

Көкбасқызы Жазира,

Білім айнасы

Қызылжар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.