Home » Мақалалар » Ұлт ұстазы

Ұлт ұстазы

 

 

Қаншама жыл шәкірттерімен қатар білім саласының  ыстығы  мен суығын бірге көріп, қоғамға үлесін тигізген ұстаздарымыздың еңбегінің еш кетпейтіні анық. Бойындағы бар күш-жігерін, жүректегі жан жылуын шәкірттерінің білімі мен тәліміне арнаған ұстаздар қауымының қоғамдық ортада жұлдызы жанып, еңбегі еленер шағы болады. Міне, бүгін де еңбегінің жемісін көріп отырған ұстаздарымыздың бірі – Тамабекова Несипжан Курманбековна.

Несипжан Курманбековна 1961 жылдың 23 ақпан айында Қарағанды облысы  Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Әкесі – Құрманбек 40 жыл жол бойында жұмыс істеп, анасы – Шәкіжан екеуі 8 баланы өсіріп, жеткізген. 1968 жылы Жаңаарқа ауданындағы С.Сейфуллин мектебінің табалдырығынан аттап, 1978 жылы үздік бағамен тәмәмдайды. Осы жылы Жезқазған қаласындағы Жезқазған педагогикалық институты филология факультетіне оқуға тапсырып, Жаңаарқа ауданындағы «Понерлер үйінде» аға кеңесші пионер болып, еңбек жолын бастайды. Ұстаздық жолына  9 жылдық Жаңаарқа орталау мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып қабылданады. Осы мектепте 10 жыл қызмет істеп, 1991 жылы өзінің аяқтап шыққан алтын ордасы, С.Сейфуллин мектебіне ауысып келеді. Осы мекемеге қарасты  №544 бастауыш сыныптар мектебіне басшылық қызметіне тағайындалып, осы мекемеде біраз жылдар бойы қызмет атқарады.

Отбасылық жағдайына байланысты 1999 жылы Қарағанды қаласына көшіп келіп, қалалық №39 М.Жұмабаев атындағы мектеп гимназиясына бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Содан бері 2010 жылға дейін қызмет істеп, «Жыл мұғалімі» атағын жеңіп алады.

2010 жылы ЖББО №48 орыс-қазақ мектебіне ауысып, ұстаздық еңбек жолын жалғастырады. Осы жылдары мектепте қазақ сыныптары енді ашыла бастаған болатын. Мектептің ең алғаш қазақ сыныбының тізгінін ұстап, ұстаздық қызметіне кіріседі. Міне, содан бері жылжып жылдар, сырғып күндер өтуде. Осы мектепте еңбек етіп жүргеніне де 10 жылға таяп қалыпты. Несипжан Курманбековна қазір жоғарғы санатты ұстаз. Бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі. Білімі жоғары. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын тәжірибелі маман иесі. Білім саласында 40 жылдық еңбек өтілімі бар құрметті ұстаз. Әдістемелік өнім: «Бастауыш сыныптарда жазба жұмыстары»; «Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекеті» атты көмекші құрал авторы. Бірнеше ғылыми жобалар жетекшісі.

«Мектеп қабырғасында жүргенімде Еркін Көкеновна деген жақсы көретін ұстазым болды. Сол кісі маған үнемі  «Сенің қолың – мұғалімнің қолы. Болашақта мұғалім боласың» — деп айтып жүретін. Осы мамандыққа келуімнің басты себепкері осы кісі болса, екіншіден нағашыларымның жағынан келіп қонған бақ деп білемін. Нағашыларым мұғалім, мектеп директорлары болып қызмет істеген. Мен де сол кісілерге қарап, «осы кісілер секілді болсам ғой» – деген арманым мен қызығушылығым арта түсетін. Мінікей, қазіргі таңда армандарым орындалған, үлкен ұстазбын!» — деп бір жымиып қойды.

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» — демеушіме еді дана халқымыз?! Қолына қалам ұстатып, әріп танытып, білім нәрімен суғарған Несіпжан ұстаздың алғашқы шәкірттері қазіргі таңда үлкен мамандық иелері. Бірі медицина маманы болса, бірі әскери қызметкер. Мектеп қабырғасындағы шәкірттері Республикалық, облыстық көлемдегі түрлі олимпиядалар мен додаларда бағын сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Бірнеше шәкірттері «Дарын», «Мұрагер» мектебіне түсіп, білімін жалғастыруда.

Шәкірттерінің жетістіктерінен бөлек, өзінің жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе. Ең алғашқы рет 1986 жылы Қазақстан ССР Білім және Ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2005 жылы «Жыл мұғалімі 2005» байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлаған болатын.  2014 жыл Респуликалық ғылыми-практикалық конференциясына қатысып,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің грамотасы және сол жылы қалалық білім бөлімінің грамотасы табыс етілді. 2017 жыл
Республикалық ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қоры сыйлығының иегері Martebe.kz  білім порталы «SKILLS ACADEMY» — ның алғыс хаты табысталды.  2018 жылы Халықаралық интеллектуалды білім орталығының ұйымдастыруымен жарияланған «ДАРА ТҰЛҒА» атты Республикалық білім саласының үздік қызметкерлері антологиясында өз еңбегін жариялап, өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім мен саналы тәрбие беруде қосқан үлесі үшін диплом табыс етілді. Ең бастысы жетістігі – биылғы жылы Ұлт ұстазы, ұлттық мемлекетіміздің негізін қалаушы, педагог-ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығына орай білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқытушылары арасында өткен «Ұлт ұстазы» атты республикалық байқауына қатысып, ІІ дәрежелі дипом және Білім беру саласындағы айрықша еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Ұлт ұстазы» төсбелгісімен марапатталады.

Шәкірттерінің бағын жағып, дарынын ашқан, үлгілі тұлға, аяулы ана —  Несипжан Курманбековнаға алдағы уақытта еңбегіңіздің зейнетін көріп, немерелеріңіздің тәтті қызығы мен шыжықтарына кенеле беріңіз деп тілейміз.

 

 

 

Ербол ЕРБОЛАТ,
Қарағанды облысы бойынша Республикалық
«Білім айнасы» газеті мен «bilimain asy.kz» сайтының тілшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.