Home » Баяндамалар » Ұлттық құндылықтар – әр сабақтың ажырамас бөлігі

Ұлттық құндылықтар – әр сабақтың ажырамас бөлігі

«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса,

қазақтың мемлекетін нығайтып, көркеюі жолында теріңді

төгіп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа»

Н.Ә. Назарбаев

         Қазақстан – әлемдік қауымдастыққа өзіндік ізденісімен, ерекше қажыр-қайратымен енген ел. Әлем тоқтаусыз дамып келеді. Жаңалыққа толы әлемнің айрықша тынысы болып отырған Қазақстан да тоқтаусыз даму үстінде. Қазақстан Республикасында білім беру жүйесіндегі модернизациялау үдерісі білім мазмұны мен сапасын арттыру, білім берудің ұлттық моделін жетілдіру, ақпараттық, инновациялық технологиялар жөнінде жаңаша педагогикалық көзқарас қалыптастыруға бағытталған.

Қазіргі кезде елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бүкіл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістер, яғни білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, басқаша қарым-қатынас, өзгеше менталитет пайда болуда.

Әлем тәжірибесі көрсеткендей, кез келген мемлекеттің экономикалық жетістігі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне, интеллектуалдық деңгейіне, рухани дамуына, өз еліне деген сүйіспеншілік сезіміне, азаматтардың шығармашылық әлеуетіне тығыз байланысты.

Еліміздің болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тілегіне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып қалған құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерімізді жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасы мен ғылымын да дамытуға барын салып еңбектенуі тиіс.

Интеллектуалдық деңгейі жоғары, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан-жақты дамытуға қолайлы, оқытудың шығармашылық түрін жасап, яғни шығармашылық оқу әрекетін туғызу қажет. Бұл баланы берілген оқу материалын жаттап алу ғана емес, керісінше өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеді. Жеке тұлғаны ұлттық тәрбие арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқыту – бүгінгі білім берудің ең өзекті мәселелерінің бірі. Егемен елдің ертеңгі тағдыры ең алдымен әр қазақты, барша қазақстандықтарды тынымсыз ойландыруы тиіс. Оның басты өлшемі – жастарымыз қалай және қай бағытта өсіп келеді деген сауалдар: олардың жан-дүниесінде нендей жасырулар бар, не нәрсеге еліктейді, не нәрсеге қызығады, не нәрседен бойын бөлек ұстайды, ұлттық болмыстарға деген жанашырлықтары мен көзқарастары қандай?

Ерте кезден қариялар өз ұрпақтарына халқымыздың салт-дәстүрлері мен мәдениетін, күллі игі қасиеттерін отбасында ұрпақтарына кітапсыз-ақ, мектепсіз де тағылымды тәрбие беріп отырған. Сол ата-бабаның ұстанған салт-дәстүрлері бүгінге дейін қаймағы бұзылмастан жетіп келеді. Ендеше сан жылдар бойы қалыптасқан даналықты бүгінгі жас ұрпақ бойына сіңіруге қандай кедергі бар. Халқымыздың өз кезіндегі айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деп тамаша ой толғаған.

Бүгінгі ұрпақ үшін ұлттық идея айқын, себебі болашағымызға бағдар беретін Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясында еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жетелейтін сара жол айқындалған. Өскелең ұрпақ ғаламдастыру дәуірінде өз халқының төл мәдениеті, тілі мен салт-дәстүрін әр оқушының бойына сіңіре отырып, отансүйгіштікке баулу – қазіргі тәрбие жүйесінің өзекті мәселесі. Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақты шыңдап өсіріп, білікті азамат болып қалыптастасуына ықпал ету әр сабақта жүзеге асырылуы тиіс.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңартылған білім беру бағдарламаларында пән бойынша білім, дағдылар мен құзыреттіліктерді анықтайтын оқу бағдарламаларында білім алушының бойында қалыптастыру керек құндылықтар мен дағдылар нақты қарастырылған.

құндылықтардағдылар
—  шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау;

—  қарым-қатынас жасау қабілеті

—  өзгелердің мәдениетіне және көзқарастарына құрметпен қарау;

—  жауапкершілік;

—  денсаулық, достық және айналадағыларға қамқорлық көрсету;

—  өмір бойы оқуға дайын болу

—  сын тұрғысынан ойлау

—  білімді шығармашылық тұрғыда қолдана білу қабілеті;

—  проблемаларды шешу қабілеті;

—  ғылыми зерттеу дағдылары;

—  қарым-қатынас дағдылары (тілдік дағдыларды қоса алғанда);

—  жеке және топпен жұмыс істей білуі;

—  АКТ саласындағы дағдылар

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Химия» және «Жаратылыстану» пәндері бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық, Мұғалімге арналған үлестірме материалдар.
  2. Қ. Бөлеев «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау».-Алматы, 2004.
  3. В.А. Сластенин, В.П.Каширин. «Психология и педагогика». — Москва, 2004.
  4. М. Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Мұстафа Шоқай, М. Әуезов шығармалары
  5. Білім және ғылым журналдары

Ташмуханова Орал Матжановна

«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы

Атырау облысы бойынша педагогикалық  қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының

«Инновациялық технологиялар және ғылыми – жаратылыс (гуманитарлық)

пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы,

ҚР білім беру ісінің үздігі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.