Home » Мақалалар » Ұлағат – ұлы ұстаздан

Ұлағат – ұлы ұстаздан

Қазанның 5-і күні Оралда өткен Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шарада қастерлі мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп, түрлі марапаттар табысталды.

Мектептің жүрегіне айналған мұғалімдердің төл мерекесіне арналған биылғы салтанатты кеш «100 жаңа есім» деп аталды. Алдымен батыс қазақстандық білім саласы өкілдері бейнеэкран арқылы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтауын тыңдады. Бұдан соң мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өз құттықтауын қуанышты хабармен бастады. – Бүгінгі күннің ең басты жаңалығы – Елбасының дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауын жариялауы. Осы маңызды құжаттағы ең басты жаңалық – келесі жылы Мұғалімнің мәртебесі туралы Заңның қабылданатыны. Елбасы тапсырмасымен қабылданатын заңдағы басты қағида – мұғалім тек сабақ берумен ғана айналысуы керек деген принцип. Мұғалімнің қоғамдағы мәртебесін көтеру керек деп жиі айтып жүрміз. Осы мәселеге Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ерекше көңіл бөліп отыр, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде өңіріміздің білім саласында ауқымды жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді. Ең бастысы, Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі іс-тәжірибені жалпы орта білім беретін мектептерге тарату. Облысымызда биылғы оқу жылында үш жаңа мектеп пайдалануға берілген. Оралдағы Сарытау шағынауданындағы білім ордасының құрылысы аяқталуға таяу. Мектептердің материалдық-техникалық базалары нығаюда. Дүниежүзілік білім беру тәжірибесімен, дуалдық жүйенің және цифрландыру жұмыстарының жүргізілу барысымен танысу мақсатында батысқазақстандық делегация Германия еліне сапар шекпек. Бұл – облыс басшысының тапсырмасы аясында жүргізілмек. Сонымен қатар Елбасы жаңа Жолдауында келер жылдан бастап ұстаздардың жалақысы жоғарылайтынын жеткізді.

Салтанатты шара барысында мәртебелі мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп, байқау жеңімпаздары, ҚР Білім және ғылым министрлігі наградаларының иегерлері, Ақ Жайық өңіріндегі жас ұстаздардың «100 жаңа есімі» белгілі болды. Атап айтқанда, Николай Вологин, Светлана Сиражева, Әсел Галиаскарова «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанса, Наталья  Тыщенко мен Мәнсия Сакиева – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, Гүлбаршын Молдашева мен Қымбат Қуанышқалиева – «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгiсiмен марапатталды. Бұдан соң Ақ Жайық өңіріндегі «100 жаңа есім» қатарынан көрінген жас мамандар сахна төріне шақырылып, облыс әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар физика-математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Боранбаева облыстық «AQJAIYQ» телеарнасы ұйымдастырған облыстық «Үздік ұстаз» онлайн байқауының жеңімпазы ретінде қошеметке бөленді.

Салтанатты кеш Орал қаласындағы балалар саз мектептері мен Құрманғазы атындағы саз колледжі оқушылары дайындаған мерекелік концертпен жалғасты.

Батыс Қазақстандағы білікті мамандардың қатарын толықтырған «100 жаңа есімнің» бірі – Оралдағы №46 «Ақжайық» мектепке дейінгі ұйымының тәрбиешісі Айгүл Досқалиева. – Бүгін осындай марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Еңбегі еленген педагогтың мерейі үстей түсетіні сөзсіз. Білім саласында жұмыс жасағаныма бес жылдың жүзі болды. Бұл марапат үлкен жауапкершілік жүктеп, өз мамандығыма деген құлшынысымды арттыра түсті, – дейді Айгүл Қойшыбайқызы.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», БҚО  

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.