Майгүл деген атыңыз сай затыңызға,
Ұстазсыз мойындайтын жатыңыз да
Балаларың ақылды да, абыройлы,
Жылынған сіздің жаққан отыңызға.
Биік тұр бақшаларың талайлардан
Кем емес байлар соққан сарайлардан.
Дарынды балалардың талабына
Нұр құйған әрбір ақ таң арайланған.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздық еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де, білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Оналбекова Майгүл Сейфуллина. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айрықша еңбегімен дараланған ұстаз жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту және тәрбиелеу ісіне арнап келеді.
Ол – Май елінің тумасы. 1986 жылдан бастап өмірін балаларға арнаған. Балалардың тілін «Халық ауыз әдебиеті» арқылы дамытып келеді. Әр түрлі заманауи әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген ұстаз. «Ана тілі – бал тілі» атты әдістемелік кітабын жарыққа шығарған. Балаларын «Жауқазын», «Рауан» фестивальдеріне дайындап биік дәрежелер көрсете білген. 2016 жылы «Ең үздік педогог» деген атаққа ие болды. Мерекелік шараларда талмай еңбектеніп, өзінің сан қырлы жақтарын аша білген қылықты ұстаз. Оның мұғалімдік қабілетімен қатар спортқа да бейімі бар екенін біз білеміз. Денсаулық саласының «Ефименко» әдісін ең дұрыс қолданып 1 орын алғанда білген болатынбыз. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық.
Ол тек қана нағыз ұстаз ғана емес, отбасының мәуелі бәйтерегі және аяулы Ана. Баласы Қуандыққа әкенің де, ананың да орнын басып, қашанда көмек қолын ұсынып, дұрыс жол көрсетіп, ақылын айтып отыратын мейірімді жан.
Қарлығаш Абенова
№6 мектепке дейінгі
мекеме тәрбиешісі,
Павлодар қаласы