Home » Мақалалар » Ұйымдастырылған  оқу іс-әрекетіндегі  логикалық тапсырмалар мен дидактикалық ойындардың бала өмірін қалыптастырудағы рөлі             

Ұйымдастырылған  оқу іс-әрекетіндегі  логикалық тапсырмалар мен дидактикалық ойындардың бала өмірін қалыптастырудағы рөлі             

Соңғы жылдары педагогикалық теорияда және оқу-тәрбие үдерісінде айтарлықтай  өзгерістер болып жатыр. Білім берудегі жаңғырту мен инновациялық үрдістердің жалғасуына  ықпал етудің маңызды факторының бірі – мұғалімнің  кәсіби шеберлігі. Солай бола тұра «кәсіби шебер» түсінігіне  пәндік  дидактикалық  ойындар мен логикалық тапсырмаларды ойластырып, сабақ барысында шебер орындата алуды айтуға болады. Дидактикалық тапсырмаларды шебер қолдануда  педогогтің жеке тұлғалық потенциалы, кәсіби құндылықтары мен шығармашылық қабілеті де байқалады.  Білім мазмұнын жаңарту тікелей шығармашылық ізденістегі мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек»,-деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сaй болуы керек. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді. Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды білу іскерлігі, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы. Ал оның негізі бастауыш сыныптарда қаланбақ. Сондықтан да бастауыш сыныпта әр сабаққа әр түрлі тиімді әдіс-тәсілдер мен дидактикалық ойындарды  қолдана отырып, оқушылардың білім сапасын арттыру ең басты мәселе.

Ұйымдастырылған дидактикалық тапсырмалар жаңа оқу талабына сай баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға ықпалын тигізу керек.

Мен өз тәжірибемде ойындарды көп қолданамын. Сабақ барысында  үнемі жүргіземін. Мектепте балалар табысты, жақсы оқу үшін баланың тілдік қарым-қатынасы, сөйлеу сауаттылығы  толық дамыған болуы керек.  Баланың тілін жетілдіру үшін оны әңгімеге тарта отырып, баланың  сөздік қорын жаңа сөздермен толықтырып, түсінігін молайту қажет. Сол себепті ауызша тапсырмаларды қызықты етіп орындауға тырысамын.  Күнделікті «Балапан» арнасынан көріп жүрген ертегі бойынша тапсырмалар беріп, еркін сөйлеуге машықтандырып отырамын.  Сүйікті ертегі кейіпкерлерін топтау, сомдау  арқылы жаңа дыбыспен танысып, «Сиқырлы дорба», «Кім Әлимен дос болады?», «Жас тобытшылар», «Көкзеңгір» атты дидактикалық қызықты ойындар ойнатып жаңа сабақты  жақсы меңгеріп отырамыз. «Алғыр алтау» ойыны бойынша дидакикалық тапсырмалар жасалып, орындалады. «Саядан хат» айдары ұйымдастырылып жаратылыстану мен дүниетану пәндері қызықты өтеді. Барлық ойындарды ұйымдастудағы мақсатым оқушылардың  логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Сол себепті қызықты ойын астарында күрделі тапсырмалар орын алады. Міне, осы сияқты дидактикалық ойындар негізінде баланың ойлау жүйесі, ақыл – ойы қалыптасады.

Дидактикалық ойынның пайдасы  баланың ой– өрісінің қалыптасуын, дамуын мақсат етіп қоюында. Сондай – ақ балалардың адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым–қатынас жасау, басқа ұлт өкілдеріне, достық, туған жеріне сүйіспеншілік сезімін сияқты асыл қасиеттерді  тәрбиелеуге де көңіл бөлінеді. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның барысында балалардың зейіні, қол қимылының жылдамдығы, дәлдігі қалыптаса бастайды және санауды, біреуі артық немесе кем санды тауып, оны атауды үйренеді.

Мен өз жұмыс барысымда өкінішке орай уәжі төмен оқушылар кездесіп қалады. Дарынды оқушылармен жұмыс жүргізу мен қатар  үлгірмеуші оқушылармен де жоспарлы жұмыс жасауға тырысамын. Соған орай  «Үлгірмеуші оқушыларға жеке жұмыс жасауға арналған дидактика» тақырыбында  тапсырмалар  ойластырып жинақтадым

Сабақ барысында күрделі тапсырмаларды орындауға қиналатын  уәжі төмен оқушы  көлеңкеде қалып қояды.  Оқу деңгейін көтеруге негізделген дидактикалық жинағым жоғарыда айтылғандай баланың функционалдық сауаттылығын дамытуға негізделген. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Дидактикалық ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Уәжі төмен оқушының өзі достарымен сабақтан тыс уақытында  көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Осыларды ескере отырып сабақ барысында да оқушының ішкі уәжін дидактикалық ойындар арқылы көтеруге болатынына көзім жетті. Жеңлден күрделіге бағытталған  жеке оқушыға дайындалған дидактикалық тапсырмаларым  өз жетістігін көрсетті. Оқушылардың сабаққа қызығушылығы оянып, құштарлығы арта түсті. Дидактикалық тапсырмаларды өздері өтініп, сұрап тапсырманы  қатардағы балалардан қалмай күрделендіруіме өтініш білдірді. Жоспарлы жұмыс жүріп отырса алдағы уақытта даярлық тобына бармай 1-сыныпқа келіп, оқу сауаттылығы төмен болып жүрген оқушылар  саны азаяды деген сенімдемін.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына қатысты өз үлесімді қосу мақсатында сабақ барысында ұлттық ойындарды күрделі тапсырмаларды шешу жолында пайдаланамын. Ондағы мақсатым: Оқушыларға қазақтың ұлттық ойындары арқылы түсінік бере отырып  сабақ барысында зеректілігін, тапқырлығын, ынтасын жетілдіріп, ұлттық құндылығымызды насихаттаймын.   Қазақтың  ұлттық ойындарын жүргізу арқылы оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту Ойын арқылы сабаққа деген қызығушылықтарын ояту .Қазақтың  ұлттық ойындарын  жүргізу арқылы оқушыларды еліміздің ұлттық салт дәстүрін, әдет ғұрпын, туған елге, жерге, өз отанына деген сүйіспеншілік сезімінің қалыптасуына ықпал ету.

Яғни оқушы алған білімін еліміздің игілігіне арнауы керек деп ойлаймын. Барлық  дидактикалық  ойындарымыз, логикалық жұмыстарымыздың бір ұшқыны отан сүйгіштікке тәрбиелеу керектігін  ұмытпағанымыз жөн.

Бастауыш сынып оқушыларының салауаттылық өмір салтына тәрбиелеуде ұлттық ойындар арқылы қалыптастырудың дидактикалық негізіне сүйене отырып, ұлттық ойынды  ұйымдастырып сабақта қолданамын . Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Оқушыларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Ұрқашпақ» секілді  ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолданған тиімді. Оқушы ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Мұғалім әр оқушының еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке  қалыптастырады. Ұлттық педагогика негіздерімен оқушыларды оқыту арқылы олардың өз халқын сыйлауға, туған тілін құрметтеуге үйренеді. Бұл оқушылар бойына бір-бірімен қарым-қатынас кезінде өзара кішіпейілділікпен қарауды, әдеп сақтауды, сыпайы сыйласуды қалыптастырады және соның нәтижесінде балалардың тіл мәдениеті жетіледі.

Дидактикалық ойындарды құрастыру, ойластыру өз алдына бір жұмыс болса, оны сабақта тиімді  қолдана білу мұғалімнің шеберлігіне әкеліп соғады.  Ойластырылған дидактикалық тапсырмаларды  40 минут ішінде оқушыларға түсіндіріп, оны қызықты етіп ұйымдастыру маңызды.  Сондықтанда әр тапсырманы берерде сабақ мәдениеттілігін сақтап, оқушының тәрбиесіне зор ықпалын тигізетін тапсырмалар мен ойындар ұйымдастырылған жөн деп ойлаймын. Оқу іс-әрекетінде ұйымдастырылған  логикалық тапсырмалар мен дидактикалық ойындардың мақсаты айқын және биік болуы шарт.

Қорыта айтқанда, жаңа бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Осы жолда ұйымдастырылған  оқу іс-әрекетіндегі  логикалық тапсырмалар мен дидактикалық ойындардың бала өмірін қалыптастырудағы рөлі зор деп білемін

 

Исаева Шаттықгүл Аманкелдіқызы,
 71 орта мектебінің бастауыш
сынып мұғалімі
Арал қаласы

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.