Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде. Бұл жағдайды қазақ тіліне көрсетіліп отырған құрмет деп түсінуіміз қажет.
Тіл саясаты деген, шын мәнінде, мемлекеттік тіл саласында орнатқан саяси өмірі. Тіл саясаты – тілді қолданушылар мен мемлекеттік биліктің өзара байланысының жемісі.
Тіл заңын жүзеге асыру үрдісінде адамда үш мүдде – кәсіби, саяси, тілдік мүдде тоқайласады. Біздің елде кез келген кәсіп иесі ана тілінің қамын ойлайды. Ана тілінің қамын жеген адам саясаттан тыс бола алмайды. Қазақстан Республикасында тілдердің саяси-құқықтық статусы Конституциямен және «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңымен бекітілген. Осы құжаттарға сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде анықталса, орыс тіліне ресми тіл дәрежесі берілген. Қазақстанның тіл саясатында ресми тілге берілген құзыреттілік бойынша, оны мемлекеттік құрылымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында пайдаланамыз. Тіл саясаты тұрғысынан орыс тіліне ресми тіл дәрежесін беріп, арнайы баппен ерекшелеуінің рөлі зор және әлеуметтік жағынан маңызды. Қазақстандық ұлтаралық татулық моделінің нәтижелі болуының негізгі факторы елді мекендеуші басқа да этникалық топтардың талап-тілектерін ескеріп, тепе-теңдікті сақтау, біреуіне еркше мүмкіндік туғызып, басқалардың құқығын шектеуге жол бермеу. Қостілділік саясатын тең ұстау осыған өте ыңғайлы.
Мәдениеттер мен тілдердің саналуандығы – бұл біздің ұлттық байлығымыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, мемлекет Қазақстандағы халықтардың барлығының мүдделерін ескере отырып, посткеңестік кеңістікте ең либералдық тілдік саясат жүргізді. Соның дәлелі болар, кез-келген этностың өкілі қай тілде білім алатынын, сөйлейтінін, шығарма жазатынын ерікті түрде таңдай алады.
Біздің қоғамда барлық этностардың мәдениеті мен тілін дамытудың бірегей формуласы жасалып отыр. Біздің жетістігіміз – басқа этностардың құқықтарына ешқандай да қысым жоқ. Сонымен қоса, біз тағы бір аса маңызды мәселе – мемлекеттік тілді барша қазақстандықтардың меңгеруіне толық жағдай туғызып отырмыз. Өйткені, бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс.
Тілдік сана-сезім этникалық сана-сезімнің негізгі белгісі болып табылады. Өйткені тіл тұлғаның және халықтың өзіндік бірегейленуінде анықтауыш рөлге ие. Тілдің табиғатында әлемнің этникалық картинасы құралып, қалыптасады. Тілдің тұжырымдық жүйесі, сөздік құрамы өз ішінде тек сөздерді біріктіріп қана қоймайды, сонымен қатар әр этностың мәдени тұжырымдамалары мен оның дүниетанымын көрсетеді. Бұл жөнінде орыстың белгілі мәдениеттанушысы Г.П. Федотовтың айтқаны бар: «Тіл халықтың мәдениетін қалыптастыратын қанмен берілетін рухани бірлік пен ерекше құндылықтың патшасы ретіндегі этностың аты, есімі болып табылады». Қазақ тілін кем етпей, тең дәрежедегі тіл етіп қатарға қосудың тағы бір тетігі – ол республикамыздың Конституциясы мен «Тіл туралы» заң талабы негізінде арнайы тізбеге сәйкес, ел азаматтарына белгілі бір көлемде мемлекеттік тілді оқып-үйренуіне деген қажеттілікті туғызу. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілді дамытудың осы маңызды тетігі бес жылдан бері іске қосылмай, кейінге қалдырылып келеді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай бекітілуінің осындай көлеңкелі тұстарын есепке ала отырып, қазақ тілінің шынайы түрде мемлекеттік тіл болып көрінуі үшін мынандай заңнамалық тетіктер қалыптасу керек деп санаймыз:
— Мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюі үшін мемлекеттік орындардан арнайы бағытталған іс-әрекет жүзеге асырылуы керек. Бұған мемлекеттік қызметкерлер тобы тартылуы тиіс. Бұл жауапты жұмысқа салғырт қараған немесе қатысудан бас тартқан мемлекеттік қызметкерлер «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның 24-бабына сәйкес жауапқа тартылуы тиіс.
Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Мемлекеттік тіл – азаматтық сәйкестіктің басты нышандарының бірі. Әлеуметтік-лингвистикалық модель тұрғысынан алғанда, ол – ең алдымен, осы мемлекеттегі сан алуан ресми қарым-қатынастарды жүзеге асыратын тіл. Яғни, заң актілерінің, іс қағаздарының, қызметтік-іскерлік жазбалардың, ресми, оның ішінде халықаралық қатынастың, сот саласының тілі. Есеп- санақ, қаржылық және техникалық құжаттамалар да осы тілде жүргізілуге тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары, қарулы күштер, ғылым мен білім беру салалары да осы талаптарға толық жауап беруге тиіс. Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Қазіргі мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келеді. Бұл жерде асығыстық жасау қалаулы нәтижелерге қол жеткізбейді. Сол себепті бұл мәселе кешенді Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Тіл саясаты саласындағы әлеуметтік зерттеу көрсеткіштері және Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шаралар, мәселен, іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілде жүргізуге көшіру, мемлекеттік қызметшілерге және ересек халыққа арналған қазақ тілін үйрету курстарын ұйымдастыру, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар, жоғары оқу орындарындағы қазақша оқытатын топтар санын арттыру, қазақ тіліне инновациялық технологияларды енгізу және тағы басқа да маңызды шаралар – бұл саладағы жағдайдың жақсарып келе жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстандағы тілдердің үштұғырлылығы туралы ойды Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясында айтқан еді. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп аталған халыққа Жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлылығы» – «Триединство языков» мәдени жобасының жүзеге асырылу кезеңдерін айқындады. 2008 жылдың ақпанындағы кезекті Қазақстан халқына Жолдауында да: «Үкімет «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», – деп атап көрсетті.
Тілдердің үш тұғырлылығы идеясына Елбасы нақты анықтамасын да береді: «Қазақ тілі мемлекеттік дәрежесінде мемлекет өмірінің бар саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші» қызметін атқарса, орыс тілі ұлттар арасындағы қарым-қатынастарға қызмет етеді, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етеді». Осыдан артық қандай нақтылы анықтама керек?! Қазақ тілін қазіргі заман талабына сай озық әдіспен оқытудың бағдарламасын жасау талабын алға қойған Президент тапсырмасы да дәл қазір нақты сипат ала бастағанын аңғарып отырмыз. Оны жер-жердегі, тіпті ұзақ жылдар бойы сірескен мұздай боп, жібімей келген солтүстік облыстардың өзінде ана тілімізді оқытуға ойдағыдай көңіл бөліне бастағаны да айғақтаса керек Тіл саясаты – бұл қоғамның тілдік үдеріске ұйымдасқан түрде араласуы және ол – заңды, обьективті құбылыс.
Тілді дамытатын нәрсе – азаматтардың ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен оны қастерлеп, киелі дүние санауы. Ана тілі – кез-келген адамның адамшылық қасиеттері мен ұлттық-діни құндылықтарын қалыптастыратын құрал. Дегенмен, біз қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеру үшін оған қандай талаптар қойылатынын, ол талаптар қазір қандай дәрежеде орындалып жатқандығын білуге тиіспіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Жарықбаев Қ. Аталы сөз.– Алматы: Жалын, 1980
- Ақиқат. 2013 жыл, №1. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы
- Ақиқат. 2011жыл, №5. «Қазақ тілін білу — әншейін бір ұран емес», Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮІІ сессиясында сөйлеген сөзі
- Назарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. – Астана, 2007
- Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері, А, 2008ж.
Оспанова Балгуль Сайлауовна
«№5 Нұрбөбек» балабақшасы, тәрбиеші
Сәтбаев қаласы