«Тіл адамды көкке көтереді, тіл арқылы ол бақытқа жетеді» деп ғұлама бабамыз Жүсіп Баласағұн айтпақшы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының арқасында біздің еліміз үш тілді бірдей меңгерген жоғары білімді мемлекетке айналуда. Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына жасайтын Жолдауларында тіл саясатына, оның ішінде тілдердің үштұғырлығын көтеру мәселесіне тоқталмай өткен емес. Мемлекет басшысының 2015 жылы ұсынған Ұлт жоспары – 100 нақты қадамының 79-шы қадамында: «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру» — делінген.
Қазақстандық білім жүйесінің үш тілде білім беру шеңберінде 7 стратегиялық бағыт қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «2017 жылдан бастап барлық оқыту ұйымдарында қазақ, орыс және ағылшын тілдері оқытылатын көптілді білім беру бағдарламасының элементтері кезең-кезеңмен енгізілетін болады.
Қазақстан мектептерінде үш тілде білім беруді дамыту дарынды балаларға арналған 33 экспериментті мектептің, 20 НЗМ-нің және 30 қазақ-түрік лицейінің тәжірибесі бойынша жүзеге асырылады» деп көрсетілген.
Қазақ-түрік лицейлеріне оқушылар 7-сыныптан бастап қабылданып, жаратылыстану пәндері (алгебра, геометрия, физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде оқытылады. Оқушылардың тілдік дайындығын қамтамасыз ету мақсатында қабылдау емтиханынан кейін 2 айлық жазғы мектептер өтеді. Онда білім алушылар 7-11 сыныптарда зерттелетін пәндер бойынша терминологияны меңгереді.
Лицейіміз – үш тілде білім беруді жолға қойып, нәтижелі жұмыстар жүргізіп келе жатқан білім ошағы. Бізде үш тілде білім беруді ілгерілету жөнінде арнайы жоспар құрылған. Жоспарға сай лицей оқушыларының бойында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру және даму мониторингін жетілдіру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылуда.
Атап айтқанда, тоқсанына бір рет on-line режимінде TEDх конференциясы, лицейішілік PBL жоба қорғау жұмысы өтеді. Оқушылар аталған іс-шараларға қоғамдағы өзекті мәселелерді тақырып етіп алады. Оның ішінде, «Жасыл экономика», «ЭКСПО – 2017», «Өз қалаңның тазалығы – өз қолыңда», «Үштілділіктің жетістікке жеткізер шыңы» т.б. тақырыптарды қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде қорғайды.
Лицей оқушылары оқытушылардың жетекшілігімен ЖезУ университетімен үнемі тығыз байланыста болады. Университет ұйымдастыратын түрлі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, дебат, дөңгелек үстелдерге қатысады. Биылғы оқу жылының қаңтар айында ағылшын тілі пәні мұғалімдері университеттің шетел тілдері секциясының «Көптілді білім беруді жүзеге асырудың технологиясы мен мүмкіндіктері» тақырыбындағы семинарына қатысты .
«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының Президентімен қабылданған Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасына, ҚР Президентінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №148 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасына және «100 нақты қадам»: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында ҚР Президенті берген тапсырмаларға сәйкес «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңіне Романов Денис «Жас шешен мектебі» бағыты бойынша, Чумаков Джабрайл атты оқушымыз «Кемеңгер шығармашылық академиясы» бағыты бойынша қатысты. Денис Қазыбек бидің сөздерін бейнелі шебер тілмен жеткізсе, Абайдың қарасөздерін нақышына келтіріп айтты. Нәтижесінде ол республикалық кезеңіне өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарының дипломымен және құнды сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар, лицей оқушылары ағылшын тілінде халықаралық ғылыми жоба жарыстарына, білім олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. 8-10 сынып оқушыларынан құралған лицейдің «Дебат» клубының мүшелері 2016 жылдың ақпан айында С.Демирель университетінің ұйымдастыруымен ағылшын тілінде өткен «National Debate Championship» ұлттық дебат конкурсына қатысып, «Үздік команда» номинациясы бойынша сертификат иеленді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні бойынша Романов Денис жүлделі ІІ орын иеленіп, «Ең жас қатысушы» номинациясы және құнды сыйлықпен (ноутбук) марапатталды. 11-сынып оқушысы Айтжан Сұлтан ағылшын тілі пәні бойынша жүлделі І орын мен Алматы қаласындағы МАБ (халықаралық бизнес академиясы) университетінің грантын иеленді. Үштілді білім беруді дамыту нәтижесінде лицей оқушылары аталған жетістіктерге қол жеткізіп отыр.
Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік болғандықтан, лицейіміздің пән мұғалімдері өз сабақтарында ағылшын тіліндегі Flipped Learning технологиясының элементтерін, Edupage, Edmodo, Google classroom, Webex, QrCode бағдарламаларын, Encyclopedia Вritannica, Khan academy, Analytical chemistry, Cancer biology пәндік энциклопедияларын, iTunes U, Gradecam, QuisUp мобильді қосымшаларын, Quizlet, Quizziz, Kahoot, Classcraft ойын элементтерін үнемі пайдаланады.
Үш тілді меңгеру – баланың кемел келешегінің кепілі. Ел болашағын ұрпақ қолына сенімді түрде тапсыру үшін, оларға әлемдік деңгейдегі тілдер қарым-қатынасын жоғары дәрежеде меңгертуіміз керек. Үш тілді меңгеруден жеке тұлғаның көптілді коммуникативтік және ақпаратты құзырлығы артады. Бұл дегеніміз – бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік жүйесіндегі басты міндет.
Елеуова Сандыгуль Шонкабаевна
Қарағанды облысы білім басқармасының
«№3 қазақ-түрік лицей-интернаты»
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары