Home » Жаңалықтар » ҮШТІЛДІК БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДЫҢ РЕСУРСЫ

ҮШТІЛДІК БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДЫҢ РЕСУРСЫ

2017 жылдың 24 тамызы күні Талдықорған қаласында Алматы облысы педагогтары үшін жаңа оқу жылының басталуына және алдағы тың идеяларға есеп беретін «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білім берудің үлесі» тақырыбында дәстүрлі облыстық тамыз кеңесі өтті. Аймақта Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген білім беру жүйесінің қызметі және оны ары қарай дамыту келешегі талқыланды.
Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қоғамдық білімге тәуелді. Тәуелсіздіктің баянды, қоғам іргетасының мықты болуының сонау ұшар биігінде білімнің тұратыны анық. Әлемнің ұлы көшінен қалып қоймаудың бірінші қағидасы да осы ғылым мен білімді жетілдіру екені тағы белгілі.
Тың тақырыптарды талқыға салатын жауапты жиында халықтың білім деңгейлерін үнемі толықтыруға, әсіресе, оқушылардың сапалы біліммен сусындауына баса назар аударылды. Тамыз кеңесінің «Үштілдік бәсекеге қабілетті білім беруді дамытудың ресурсы ретінде» секциялық отырысына қатысқан ұстаздар көптілде білім берудің сапалы кеңістігін құру қажеттігіне орай алға қойылып отырған басым міндеттерге тоқталды.
Секциялық отырыстың мақсаты: Бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда үштілде білім берудің рөлін талқылау.
Міндеттері:
— көптілде білім беру жағдайында білім мекемесі басшыларының құзыреттілігін дамытудың тиімді жолдарын көрсету;
— көптілде білім берудің сапасы мен даму жолдарын үлгілеу;
— көптілде білім беру арқылы педагог мамандардың құзыреттілігін арттыру жолдарын талқылау;
— көптілде білім берудің ғылыми — әдістемелік негіздерін айқындау;
— көптілде оқытудың оқушыларға сапалы білім берудегі ықпалын анықтау.
Күтілетін нәтиже:
— көптілде оқытудың маңыздылығы анықталады;
— көптілде білім берудің өзекті мәселелері қарастырылып, сипаттамасы беріледі;
— үштілде білім берудің негізгі бағыттары айқындалады.
Секция жұмысына жетекшілік еткен Алматы облыстық әдістемелік кабинет әдіскері Немеребаев Ермек Сүйеубекұлы және модератор ретінде сала жұмысын саралаған кеңес отырысына «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы, Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Н.Ұ.Қылышбекова облыстық білім беру ұйымдарында жоспарланған іс-шаралар мен сабақтар жайында ұстаздар қауымымен пікір алмасты.
Мемлекет басшысы елімізді модернизациялаудың сара жолын жариялады. Ол технологиялық ілгерілеу, рухани жаңғыру және экономикалық өркендеуге негізделген. Барлық заман талабына сапалы адами капитал жауап бере алады. Сондықтан білім мен ғылым саласының маңызы өте зор екендігін ұстаздар қауымы тағы да бір дәлелдеп берді.

Үштілде білім берудің бүгінгі даму қарқынына сай оқу ортасын дамыту, сапалы білім алуға қажетті үйлесімді жағдай жасау, мұғалімдердің біліктілігі мен оқулықтар сапасының деңгейін көтеру, электронды оқу құралдарын пайдалану, озық технологияларды жетілдіру, білім беру ұйымдарының әлеуетін арттыру, оқу сапасын көтеру мәселелері бойынша Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Б.Қыдырбекұлы атындағы орта мектебінің мұғалімі Адият Мақсат және Қарасай ауданына қарасты көптілде білім беретін әл-Фараби атындағы ДБАЛ мұғалімі Алтибаева Гүлбану және билингвальді оқыту кезінде мемлекеттік тілді үйрету мәселесіне Еңбекшіқазақ ауданы, Қаратұрық орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Тохтиев Арман Арупович жан-жақты тоқталып өтті. Дәл осы бағыттарды нысанға алған кеңес отырысында үштілде білім беру сапасының жайы егжей-тегжейлі талқыланды. Жаңа оқу жылының басты міндеттерін айқындаған алқалы жиында білім саласының өзекті мәселері де айтылды. Үш тұғырлы тіл – уақыт талабы деген ұстаздар қауымы, алға қойылған міндеттерді орындауға дайын екендіктерін жеткізді.

Н.Ұ. Қылышбекова
«Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы
«Алматы облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» Мұғалімнің

кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық

тұрғыдан қолдау кафедрасының аға оқытушысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.