Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы егемен еліміздің төл тарихын, рухани мәдениетіміздің айнасын анық байқатады.
Әсіресе, латын қарпіне көшу, төл жазуымызды қалыптастыруға байланысты айтылған мәселесі орынды көтерілді. Себебі тіл – мемлекеттің қозғаушы күші. Мемлекет басшысы 2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын.
Осы орайда Үкіметке нақты тапсырма берілді. Алға нық мақсаттар қойылды. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліпбиімен басылады деген сөз. Бұл қоғамдық ғалымдар үшін міндеттелетін үлкен маңызды шара болары анық.
Елбасы биылғы жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау жөнінде баса айтып және орындалу мерзімін де анықтап берді. Әрине, бұған үлкен дайындық керек.
Аталмыш мақалада баяндалған терең ойларға көз жүгірте отырып, Елбасымыздың сонау түркі халқының көне жазуынан бастап, барлығын ой елегінен өткізгенін, ескергенін байқауға болады. Расында, халқымыз небір аласапыран замандарда көп қиындық көрді. Бүгінде дамудың даңғыл жолында дараланған Қазақстан – жедел дамушы мемлекеттердің бірі.
«Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек» — деген Елбасы ойларынан білім мен ғылымды дамыту жарқын болашақ кепілі деп түсінемін. Жаңашыл білім алуға ұмтылыс жасаған сәттен бастап өз төл жазуымыздың қалыптастыратын сәт туды. Себебі, оң мен солымызды әбден танып, өткеннің кемшіліктері мен жетістіктерін бойымызға сіңіріп нақты шешім жасайтын дәуірге жеттік.
Латын әліпбиіне көшу – қоғам талабы. Үлкен бастаманы бірауыздан қолдаймын. Біз латын тілі арқылы түркі тілдес халықтарға бір қадам жақындаймыз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге қатысты халқымыз өз пікірлерін білдіруде. Түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латын әліпбиінде жазылғандықтан, оларды зерттеу оңайға түседі. Түп негізінде латын әліпбиіне көшу – түркі тілдес бауырлармен толық ынтымақтастық орнатумен тең. Негізі, бұрын ата-бабаларымыз латын әліпбиінде жаза да оқи да білген. Сол кезде жазылған қаншама жәдігерлер дер кезінде зерттелмей өз құндылығын жоғалтып алды емес пе?
Мәңгі ел боламыз десек, онда тәуелсіз ел өз әліпбиін жасап алу қажет. Бұл жұмысты өте мұқият және қоғам пікірімен санаса отырып жаппай жүргізсек өз жемісін береді.
Махамбетов Жадыгер Турсынович,
Ы. Алтынсарин атындағы Рудный
әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің арнайы пәндерінің оқытушысы