Home » Мақалалар » Көптілділікті іске асыру – бүгінгі күннің талабы

Көптілділікті іске асыру – бүгінгі күннің талабы

Қазіргі білім беру жүйесінде полилингвизмнің қалыптасуы интеграция мен жаһандану жағдайында дамып, халықаралық талаптарға сай білім берудің өзектілігіне айналуда. Көптілді білім беру отандық білім беруде, соның ішінде педагог мамандардың біліктілігін арттыруда негізгі бағыттар бойынша жүйелі іске асырылуда.

Қазақстанның білікті, білімді әр азаматын ғаламдық ақпараттар мен инновациялық ағынына ілесу ағылшын тілін үйренуге жетелейді. Қазіргі таңда дүние жүзінің барлық халықтары мен мәдениеті бір-бірімен жақындасып, өзара толыққанды қарым-қатынас жасасуды қалайды. Әлемнің біраз елдерінде ағылшын тілі ресми тіл болып табылады, яғни үкіметте, бизнесте және білім беру саласында қолданылады.

Көптілділік – бүгінгі заманның талабы. Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару – біздің қазіргі міндетіміз.

Көптілді тұлғаны қалыптастыру көпұлтты еліміздің бірлігінің негізі ғана емес, сонымен қатар өркениет көшінде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың алғышарты десек, көптілді ортада ұстаздық етіп жүрген педагогтардың біліктілігін арттыру – түптеп келгенде, Елбасы назарындағы Қазақстан жолы – 2050: «Мәңгілік ел» стратегиясының іс жүзінде асуындағы іргелі факторларының бірі екені сөзсіз. Негізгі мақсаты – өмірден өз орнын таңдай алатын өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көптілді және көпмәдениетті құзіреттіліктерді игерген полимәдениетті жеке тұлға қалыптастыру.

Қазіргі білім беру жүйесінде көптілділікті дамытуда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы, білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» атты мәдени жобасы, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» басшылыққа алынуда.

Көптілді тұлғаны қалыптастыру – бәсекеге қабілетті қоғам құрудың негізі. Тілдің адам өміріндегі ең шешуші рөл атқаратыны әркімге де түсінікті. Ол – танудың, түсінудің, дамудың құралы. Көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады.

Білім беру жүйесінде оқушының бойында коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыруда ақпараттық-коммуникативтік технологияның рөлі ерекше екені бізге мәлім. Бұл технологияны қолдану оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін және жұмыс істеу шеберлігі мен қабілеттіліктерін арттырады. Бағдарламаны жақсы меңгеруге, өз жұмысын жоспарлауға, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді. Оқушының қазіргі заман талабына сай білім алуына, білім сапасына тікелей әсер ететіндер – ақпараттық құралдар. Қазіргі кезде оқушыларға ағылшын тілін оқытудың әртүрлі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа технологияларын, ақпараттық және компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің барлық мүмкіндіктері жасалған.

Қазіргі кезде адамның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық және танымдылық деңгейіне өмірдің өзі биік талаптар қойып отыр. Бүгінгі күні көкейкесті болып отырған білімнің құзырлылық ұстанымын жүзеге асыру құралы ретінде педагогикалық технологиялар мен белсенді оқыту әдістерінің алар орны ерекше. Әрекетке негізделген технологиялық оқыту танымдық белсенділігі жоғары, өмірде әртүрлі мәселелерінен хабардар, кез келген тапсырманы орындауға қабілетті, қолынан іс келетін азаматтарды қалыптастырады. Оқушының жеке тұлғасын, оның рухани әлемін, қабілеті мен ынтасын дамыту – бүгінгі таңдағы негізгі мәселенің бірі.

Қорыта айтатын болсақ, көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі, өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде: «Біздің болашағымыз білікті де, білімді жастардың қолында» — деп атап көрсетсе, сол жастарды мектеп табалдырығынан бастап дайындауға көш алдында болайық.

 

Светлана Омарханова,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының

бас маманы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.