Home » Балабақша » «Үлгілік оқу жоспарының вариативті бөлігін ұйымдастыру ерекшеліктері» облыстық балабақша тәрбиешілерінің семинары

«Үлгілік оқу жоспарының вариативті бөлігін ұйымдастыру ерекшеліктері» облыстық балабақша тәрбиешілерінің семинары

200 жылдық тарихы бар Қызылорда қаласында өзіндік өрнегі қалыптасқан 47 жылдық тарихы бар «Алтын кілт» атты балабақша бар. Бұл күнде «Алтын кілт» балабақшасында 280 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақшада 12 топ жұмыс жасайды, оның  4-і орыс тобы.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балабақша базасында Қызылорда облыстық  білім басқармасы облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Үлгілік оқу жоспарының вариативті бөлігін ұйымдастыру ерекшеліктері» тақырыбындағы облыстық семинар болып өтті. Семинар барысында барлық аудан, ауыл балабақшаларынан келіп қатысқан 80-ге жуық балабақша мамандарына күннің екінші жартысында ұйымдастырылатын оқу-тәрбие жұмыстары тәжірибе жүзінде таныстырылды.

Семинардың негізгі мақсаты күннің екінші жарытысындағы ұйымдастырылатын  вариативтік жұмыстардың маңыздылығын көрсетіп, сапасын арттыру. Тәрбиешілер үшін  күннің екінші жартысы дарынды балаларды анықтап, жеке балалармен жұмыстар жасауға  өте қолайлы уақыт. Сондықтан  балабақша мамандары  күннің екінші жартысында баланың ақыл-ойын, санасын дамытып, интелектуалдық ойын қалыптастыратын жұмыстарды ойын технологиялары, сахналық қойылымдар арқылы жүзеге асырады.

«Болашақ білімді ұрпақтың қолында» — деген мақсатты ұстанған балабақша тәрбиешілерінің де білімі мен білігі  қатар сап түзеген жоғарғы білімді, жоғарғы санатты педагогтар. Сарқыт Ақмырзақызы басқарған балабақшада баланы жан-жақты дамытуда  күннің екінші жарты бөлігінің де алар орны ерекше. Баланың күні бойы алған білімдерін күннің екінші жартысында түрлі технологияларға негізделген  ойындар арқылы  бекітіп, қиялын  дамытады.

Осындай тәрбие ошағындағы тәрбие жұмыстарының  бірі – ақыл  ойындар. Бұл ойын арқылы балалар түр-түсті, санауды біліп, тез шешім қабылдауды меңгереді бір сөзбен айтқанда бала  санасын дамытатын  көмекші  құрал. «Ақыл ойындар» үйірмесінің жетекшісі Айгүл Тұрғанбаева көп жылдардан бері осы балабақшада қызмет етіп келе жатқан  білікті мамандардың  бірі. «Біздің балабақшада күнделікті оқу сабақтарымен қоса күннің екінші жартысында  арнайы үйірме  жұмыстары  тұрақты түрде  жүргізіледі. Әр бала  бейіндеріне қарай өзі қалаған үйірме жұмыстарына  қатысып, дамыту  жұмыстарын жасайды.  «Мен осы «Ақыл ойындар» үйірмесін  түрлі заманауи  технологиялық  жаңа ойындармен  толықтырып, үнемі ізденісте  боламын»- деп ағынан  жарылды.                                                                                                                              Семинарға қатысушылар  бір мезетте  түрлі  тақырыпта,  әр мақсатта  жүргізіліп жатқан  үйірме  жұмыстарын  көрді.

Солардың бірі  ата-аналардың  қатысуымен  жүргізілетін  «Шебер қолдар» үйірмесі. Онда  тәрбиеші Теменова Гауһар  түрлі тұрмыстық  заттарды пайдалану  арқылы

түрлі мазмұнда  Лэпбук жасады.  Балалар ата-аналарымен қосылып түрлі-түсті қағаздарды,маталарды қиып, оларды үйлестіре отырып желімдеп үйренді. Осы  сәтте айта кететін жәйт әрбір ата-ана өз баласының  ой-санасының жетіліп,дамуына  тәрбиешімен бірге атсалысып, үлес қосқанын көруге болады. Сананы тұрмыс билеген шақта да өз баласының болашағына алаңдаған ата — аналар осындай жұмыстарға жие  келіп қатысып тәрбиешімен бірге жұмыстар жасағаны әр тәрбиешіге шабыт берері анық.

Аталған балабақшада балаларға үштілді білім беру жүйелі жолға қойылғанын  тәрбиешілерден  және үш  тілде еркін сөйлеген бүлдіршіндерден көруге болады. Тәрбиеші  А.Байсугулованың  «В гостях у сказки» үйірмесінде қатысушыларды «Красная шапочка на новый лад» атты сахналық қойылым кейіпкерлері қарсы алса, тәрбиеші  А. Ерубаеваның «Бумажная фантазия» үйірмесінде  қағаздан түрлі шырша ойыншықтарын жасаған бүлдіршіндер өнерін тамашалады.

Семинарды одан  әрі тәрбиеші Т.Мадиярованың «Білгірлер бәйгесі» интеллектуалық ойынымен  тәрбиеші  Д.Әбдіхалықованың  «АКТ» үйірмесіндегі «Жолда жүру ережесін сақтайық. «Көліктер» тақырыбындағы  жұмыстары жалғады.

Семинар соңында облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Г.Б.Диханбаева  жүргізілген барлық жұмыстардың маңыздылығы мен ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталып, өз бағасын берді. Ал, қатысушылар болса  көрсетілген әрбір жұмыстарды өте жоғарғы деңгейде  көпшілік назарына тәжірибе арқылы  ұсынған  тәрбиешілердің  ізденімпаздығын,

тапқырылғын, білімділігіне риза болысып  жүрек жарды  алғыстарын  айтып, ізгі тілектерін айтты.

Осындай кең көлемді семинарды ұйымдастырушы балабақша ауласы мен ішкі мерекеге сай безендірулер қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны анық.

Келешек жас буынға саналы тәрбие мен сапалы білім берудің өзіндік өрнегін қалыптастырған ұжымға тек толағай табыс тілеймін.

 

А.Елеусізқызы
Қызылорда қаласы
Білім айнасы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.