Білім беру саласы: Тіл дамыту
Мақсаты: Балалардың үй жануарлары мен олардың төлдерін білдіретін сөздерді қолдана отырып, жануарлар туралы білігін бекіту. Сөйлеу барысында жануарлар мен олардың төлдерінің атауын білдіретін зат есімдердің жекеше және көпше түрлерін қолдана білу іскерлігін дамыту және оларды топтарға қарай жіктелуін ұғындыру. Жануарларға қамқоршы болуға тәрбиелеу.
-Балалар, «Сәлем сөздің анасы» — дегендей қонақтармен амандасып алайық.
-Сәлеметсіздер ме?
-Өте жақсы балалар, бүгінгі күніміз сәтті, көңілді өту үшін, қанекей, шаттық шеңберін құрайық.
Шаттық шеңбер:
Атам мені құлыным дейді,
Әжем мені ботам дейді,
Әкем мені шырағым дейді,
Анам мені қозым дейді,
Ал шынында мен кіммін?
Мен – дарынды баламын!
-Жарайсыңдар, балалар, сендерді ата-аналарың, ата-әжелерің осылай еркелете ме? Олай болса, бүгінгі ашық сабағымыздың тақырыбы үй жануарлары жайында болмақ. Жануарлар туралы мақал-мәтелдердің мағынасын түсініп көрейік.
Қарға баласын «аппағым» дейді,
Кірпі баласын «жұмсағым» дейді.
Жануарлар да баласын жақсы көреді, еміренеді. Ал, адамдар балаларын еркелетіп «күнім», «алтыным» деген сияқты көптеген сөздерді айтады.
-Балалар, үй жануарларына нелер жатады?
-Түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі, ит, мысық, т.б
-Үй жануарларының төлдерін атайықшы.
-Бота, құлын, бұзау, қозы, лақ.
-Үй жануарларының қоректенетін қорегі не? (жем, шөп, су).
-Үй жануарларының қандай пайдасы бар?
Олардың пайдасы өте көп, жеп отырған етіміз, ағарған тағамдарымыздың барлығы осы төрт түліктен алынады.
Қой – төрт түліктің ішіндегі аса жуасы, момыны. Аяғымызға киетін байпағымыз, еденге төселетін киіздер бәрі де осы қойдың жүнінен жасалады. Қойдың төлі – қозы.
Ешкінің түбіті, терісі өте мықты болады. Сүті мен еті өте пайдалы. Ешкінің төлі – лақ.
Сиырдың сүтінен жасалатын ұлттық тағамдар өте көп. Олар – құрт, ірімшік, май, айран, қаймақ. Сиырдың еті өте дәмді. Сиырдың төлі – бұзау.
Түйе – түйені ертеректе көшіп-қонған кезде үстіне жүк артып көлік ретінде пайдаланған. Түйе сүтінен адамға емдік қасиеті бар шұбат жасалынады. Түйенің төлі бота деп аталады.
Адамдар үй жануарларын бағады, жем, су, шөп береді, сауады көптеген күтім жасайды. Үй жануарлары өздері күн көре алмайды. Әр малдың өзінің иесі болады.
Қой атасы – Шопан ата,
Жылқы атасы – Қамбар ата,
Ешкі атасы – Сексек ата,
Түйе атасы – Ойсылқара.
Сиыр атасы – Зеңгі баба.
-Балалар, сендер ата-әжеміздің үйіне қонаққа барғыларың келе ме? Көзімізді жұмып, ата-әжеміздің ауласында жайылып жүрген үй жануарларын көз алдымызға елестетейікші. Қане, көзімізді ашамыз, айналамызға қарайықшы, бүгін біз әжеміздің үйіне қонаққа келдік.
Әже: Менің құлыншақтарым келіп қалыпты ғой. Сәлеметсіздер ме, балалар?
-Сәлеметсіз бе, әже!
-Әже, біздің балалар үй жануарлары туралы көптеген нәрселер біледі. Сонымен қатар, үй жануарлары туралы тақпақтар біледі.
Айсана:
Тентек болма, ақ бұзау,
Еріншек болма, ақ бұзау.
Кең далада сенімен
Жарысып мен жүгірем.
Мұстафа:
Қара көзің мөлдіреп
Қызықтырмай қоймайды.
Жібек жүні үлбіреп,
Қарасаң көзің тоймайды.
Әмина:
Шөре-шөре лағым
Тентек болма, шырағым
Секектеме, деміңді ал
Селтеңдемей құлағын
Ақжол:
Құлыншағым – құндызым
Құлдырлайды, шабады.
Жылтылдаған жұлдызым,
Құстай қанат қағады.
Жарайсыңдар, балалар, қойдың төлін не деп атаймыз?
-Қошақан.
-Олай болса, қазір «Қошақан» әнін айтайық. («Қошақан» әні)
-Балалар, енді үй жануарлары жайында жұмбақтар шешейік.
Кезекті бір жануар
Үстінде екі тауы бар.
(Түйе)
Кішкене ғана бойы бар
Айналдырып киген тоны бар.
(Қой)
Секең-секең етеді,
Тау мен тасқа жетеді.
(Ешкі)
Әже: Тақпақты да жұмбақты да жақсы біледі екенсіңдер. Ал, қараңдаршы балалар, менің үйімде үй жануарларым өте көп, мен соларды санай алмай басым қатуда.
-Балалар, әжеге үй жануарларын санауға көмектесеміз бе?
Бір дегенім — баспақ,
Бұзауды жүр тастап.
Екі дегенім — ешкі,
Ешкі қойдан есті.
Үш дегенім — үйрек,
Жем бер қолға үйрет.
Төрт дегенім — тайлақ,
Тайлақты қой байлап.
Бес дегенім — бие,
Қолыма ие.
Әже: Жарайсыңдар, балалар, мен сендердің арқаларыңда жануарларымды санап алдым, сендерге үлкен рахмет!
-Ал, енді балалар, ойын ойнағыларың келе ме? Олай болса сендермен «Үй жануарлары қалай дыбыстайды?»-деген ойын ойнағым келіп тұр.
Шарты: Үй жануарларын дауысынан қандай үй жануары екенін және қалай дыбыстайтынын айтуларың керек.
-Жарайсыңдар, балалар, енді біздің топқа қайтатын уақытымыз болыпты. Әжемен қоштасайық. Сау болыңыз!
Әже: Өте ақылды балалар екенсіңдер, біздің үйге тағы келіп тұрыңдар. Мен сендерге сиырдың сүтінен жасалған құртымды берейін. Сау болыңдар!
-Балалар, бүгінгі біздің ашық сабағымыз не жайында болды?
-Үй жанауарларына нелер жатады?
-Төлдерін атап айтыңдаршы?
-Қайда қонаққа бардық?
-Бүгінгі ашық сабағымыз ұнады ма?
-Олай болса келген қонақтармен қоштасайық.
Қане, балалар, тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық
Көріскенше күн жақсы
Сау-саламат болайық!
Бекбосынова Гульзада Нурумовна
«Айназ» балабақшасы, тәрбиеші
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы,
Жетібай ауылы