Мектептегі үйірме жұмыстары — сыныптан тыс жұмыстардың күре тамыры десе болғандай. Оқушылардың белсенділігі мен пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында мектептерде әдебиет үйірмелері мен драма үйірмелерін ашқан дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі ретінде мектепте «Жас актер» драмалық үйірмесін ұйымдастырып, жетекшілік етемін. Аталмыш үйірмеге 6-9-сынып оқушылары қатысады. Үйірменің жылдық жоспары, алдына қойған мақсаты бар. Алғашқы сабақтарда актерлік өнердің негізімен танысып, телеспектакльдерді көріп, дұрыс сөйлеуге машықтанады. Мектептегі драма үйірмесі — әдебиетке жақын, бойында сөзге, өнерге талпынысы бар талантты жастарды тәрбиелейді. Мұндай үйірмеге қатысатын балалар өздерін сахнада еркін ұстап, сахна мәдениетімен танысып қана қоймай, эстетикалық талғамын да арттыратын болады. Және тағы айта кетерім, үйірмеге қатысатын бала эмоцианалдық ұялшақтықтан, қысылып-қымтырылудан арылады. Жалпы білім беретін мектепте драмалық үйірмені енгізу мектептің оқу-тәрбие үдерісіне тиімді болады, өйткені ұжым бірлесе жұмыс істейді, мұғалім мен оқушы арасында мәдениетті қарым-қатынас қалыптасады.
Биылғы оқу жылында мектебіміздегі «Жас актер» үйірмесі екі сахналық қойылым көрсетіп, аудан көлемінде жүлдегер атанып та үлгерді. Кейін Қ.Жұмаділовтың «Қаздар қайтып барады» әңгімесінің желісі бойынша «Туған жерге тағзым» атты шағын сахналық қойылымымен «Болашаққа бағдар — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен оқушылардың аудандық «Шабыт» шығармашылық фестивалінде І орынға ие болды. Қойылымды сахналамас бұрын, әр оқушы аталмыш шығарманың мазмұнымен танысып, ондағы әр кейіпкердің образына талдау жасап, мінездеме береді. Бұл дайындық — оқушының оқиға өрісімен, сомдағалы отырған кейіпкерінің мінез-құлқы, жан-дүниесімен жақынырақ танысып, рөлдерді шебер орындауына мүмкіндік береді және көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, біздегі көрсетілімге ұсынылатын шағын әңгімелер мен пьесалардың авторы — ауылымыздан шыққан ғалым, халық ауыз әдебиетін зерттеуші, сыншы, М.Әуезовтың шәкірті — Б.Уахатов. Мектеп оқушылары ғалымның 85 жылдық мерейтойына арнап «Шолжың» деп аталатын бір актілі пьесасын сахналап, көптің көңілінен шықты. Мұндағы шолжың, ерке қыз, 1-сынып оқушысы Еркешті — 6-сынып оқушысы Дамир, оның әпкесі Саулені — 9-сынып оқушысы Айсана, әжесін — 8-сынып оқушысы Диляра, ал Еркештің әкесінің рөлін — 7-сынып оқушысы Айтуар шебер орындап шықты. Қай қойылымда болмасын, мені шәкірттерімнің мол жауапкершілігі пен тиянақтылығы қуантады.
Аптасына бір рет өтетін дайындықта оқушылар өлеңдер мен әдеби шығармаларды рөлдерге бөліп, нақышына келтіре мәнерлеп оқиды, сондай-ақ, мектепішілік мерекелік кештерде жүргізуші міндетін де қоса атқарады. Мектеп оқушыларының түрлі үйірмелерге қатысуы — алғыр, батыл, өзін көпшілік алдында еркін ұстай алатын, өз ой-пікірін анық жеткізе алатын, өзіне сенімді, осынау өзгермелі заман ағымына жеңіл бейімделе алатын, шығармашыл тұлғаны қалыптастыруда айырықша тиімді деген пікірдемін.
Мейрамгуль САЛИМОВА,
Б.Уахатов атындағы ОМ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі,
Лебяжі ауданы,
Павлодар облысы