Home » Жаңалықтар » Мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық тәрбие беру

Мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық тәрбие беру

Экологиялық тәрбие жұмысын жүргізу, оқытудың негізгі формалары: бақылау, қызықтау, серуен. Тәрбиешінің табиғи нысандары мен табиғат құбылыстарын бақылауды ұйымдастыруы, балаларды табиғатпен таныстырудың негізгі мәселесі болып есептеледі. Қызықтау кезінде балаларды таза ауада, көз тартар әдемі гүлдер мен ағаштар арасында болуы көтеріңкі көңіл-күймен қатар, табиғат сұлулығын сезіне білуіне әсер етеді. Ал серуен кезінде, тәрбиеші балаларды табиғатпен таныстырып, өсімдіктерге су құю, құраған жапырақтарды бірге жинау, ағаш түптерін тазалау сияқты қарапайым еңбек түрлеріне қатыстырады. Мұндай еңбек түрлерін орындау, балалардың еңбекке деген жауапкершілік сезімдерін дамытып, ынтасын арттырады. Экология тәрбие жұмысын ұйымдастыруда тәрбиенің негізгі салалары болып табылатын адамгершілік, эстетикалық, еңбек, имандылық тәрбиелері мен сабақтастыра жүргізу басшылыққа алынады. Бағдарлама мазмұнында көрсетілгендей өлі және тірі табиғатпен одан әрі таныстырып, табиғат құбылыстары жайындағы бастапқы жалпылама ұғымдарды нақты түрде меңгерту ұсынылады. Жыл мезгілінің ерекшелігіне орай күзгі табиғат құбылысы (жаңбырдың жаууы, адамдардың пайдалы іс-әрекеті, ауладағы жапырақтарды жинау, жылы жаққа ұшатын құстарды бақылау т.б.). Қыстап қалған құстарды қамқорлық, табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен құстарды күту, балыққа жем беру. Ерте көктемде ұшып келетін құстарға үлкендер көмегімен дайындаған ұяларға жем шашу, ауладағы гүл, көкөніс өсімдіктерін өсіруге жәрдем беру. Бүршік жарған ағаш бұтақтарын (бұтақ, бүршік, өсімдік т.б.) мағынасына сай түсіндіру. Наурыз мерекесінің қарсаңында жас шыбықтар отырғызып, оны күтуді күнделікті әдет-дағдыға айналдыру. Көктемнің әдемі келбетін жырлайтын өлең жолдарын әнге қосу, сөзжұмбақтар шешу, дидактикалық, қимылды ойын түрлерін пайдалану, өз ойларынан табиғат көрінісінің суретін салып, әңгімелеп айтып беру. Жаз кезінде тәрбиешілердің ұйымдастыруымен өзен-көл жағасына, баққа, гүл алаңына барған кезде айналаның тазалығына мән беру. Бұл әр баланың жауапкершілік дағдысын, ұжымдық бірлігін арттыруда, балалардың ойлау тұтастығын, яғни табиғатты қорғау көзқарасын дамыту үшін, жыл мезгіліне сай жүйелі мақсат-міндетті айқындалған экологиялық тәрбие жұмысы оқу жылының өн бойында жүргізіліп отырады. Экологиялық тәрбие берудің басты мақсаты бала бойында азаматтың барын, ғылыми, білім, көзқарас пен сенім жүйесін орнықтыру болып табылады. Бұл қоршаған ортамен қарым-қатынаста тәртіптілік, ұқыптылық ережелерін орындау, табиғатты аялап, оған қамқорлық таныту қабілетін дамытуда негізділеді. Балаларды мектепке дайындауда экологиялық тәрбие жұмысы мынандай міндеттердің негізінде жүзеге асырылады.

— Балаларды өсімдіктер мен жануарды күтіп-баптауға баулу, олардың бойында қабілет пен икемділікті орнықтыру. Табиғаттың сан-алуан сырларымен байлықтары жөнінде эстетикалық және ұлтжандылық сезімдерін дамыту.

— Табиғатта барлық нәрсенің бір-бірімен өзара байланыста болатынын түсіндіру және осы байланысты болатынын түсіндіру және осы байланысты күнделікті өмірде ескеру қажеттігін үйретіп отыру. Балабақшада табиғат жөнінде қарапайым білім бере отырып, осының негізінде тірі және табиғаттағы құбылыстар жөнінде жалпылама және нақты түсініктерді меңгерту. Балабақша өміріндегі экологиялық тәрбиені отбасында қалыптасқан дәстүрлі тағылымдарды басшылыққа ала жүргізу. Міне, осы міндеттердің барысында балалардың экологиялық таным –түсінігін тереңдетіп, олардың табиғатқа деген жаңа мәдени қарым-қатынасын бекіту. Мұндай жұмыс түрі балалардың физиологилық даму, психологиялық жас ерекшеліктерін ескеріп, әдіс-тәсілдерді шебер пайдаланып, шығармашылықпен жұмыс істейтін тәрбиеші басшылығымен жүргізіледі. Оқу жоспарында экологиялық тәрбие жұмысын аптасына бір рет, айналамен таныстыруды бір өткізілу көзделген. Экологиялық тәрбиенің психологиялық аспектілеріне орай бала табиғатқа жанашырлық, қамқорлық және еңбекқорлық, белсенділік,ұқыптылық сияқты дағдыны меңгереді. Экологиялық тәрбие тақырыбына сай іріктеліп, бала жасына лайықтап алынуы тиіс, мұндай шығармаларды тәрбиешінің қарапайым тілмен жеткізе білуі баланың табиғатқа деген жауапкершілік қарым-қатынасын арттырып, әрекет түрлерін меңгеруге мүмкіндік береді. Тәрбие жұмысы кезінде ұлттық ерекшелікті сақтай білу, ертегіні кейіптендіру, қызықты сәттер, проблемалық жағдайлар, ойын түрлерін, ырым-тыйым сөздерді пайдалану, баланың обал-сауап туралы түсінігін кеңейтіп, өз бетінше дербес шешім қабылдай білуіне баулиды. «Жер, су, ауа», «Жапырағына қарай анықта», «Кім жылдам?» табиғат құбылыстарына байланысты сөз жұмбақтарды шешу т.б. ойын түрлері арқылы бала қоршаған туралы түсінік алады, дүние сырларын түсініп, аңғара бастайды. «Табиғат — бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы, тал бесігі, өсіп-өнер мекені» яғни табиғатты қорғау-экологиялық тәрбие жұмысымен ұштастырумен табылады. Балалардың дамуында экологиялық тәрбиенің маңызы зор.

Кулсара Алпысбаева,
«Балдәурен» балалар бақшасының   тәрбиешісі,
Алматы облысы, Сарқан ауданы, Екіаша ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.